Қазақстан халқы Ассамблеясы

06 Қараша, 2023

263

АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ӨКІЛДЕРІ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Отбасы күнінде Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі және облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бірлескен жиыны өтті. «Бақытты отбасы – болашақ кепілі» тақырыбындағы жиынға облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева, Аналар кеңесінің мүшесі Айгүл Мұсабаева, облыстық қорғаныс істер жөніндегі департаменті және қалалық қорғаныс істер жөніндегі басқармасының әйел әскери қызметшілері мен әскери қызметкерлердің әйелдері қатысты.

Алғы сөзді алған Нұрсәуле Мұсаева тәртіп пен табандылық мәселесіне тоқталып өтті. «Отбасы күні 1994 жылдан бері аталып келеді. Бүл күннің баршамыз үшін маңызы зор. Әскери қызметті таңдау ер азаматқа үлкен міндет жүктесе, әскери қызметкердің жары болу одан да зор міндетті талап етеді. Жақында ғана әлемдегі аударма жасалған 100 кітапты оқыдым. Соның ішінде «Табандылық» кітабында жазылғандай әскери қызметке бару үшін 2 жыл бұрын дайындалады екен. Ол рухани, психологиялық, физикалық дайындық. Басында 14 мың адам тапсырса, соның 1400-і ғана бірінші емтиханға жолдама ала алады. Себебі бұл жерде табандылығы мықты жан ғана өз мақсатына жетеді деген сөз. Бұл жерде айтпағым, адам баласы ең бірінші өзің тәрбиелеп, өз-өзіңе есеп беретін болса, ол өз діттегеніне қол жеткізеді. Отбасында да сондай, бала әкеден, анадан мейірім алады. Береке-бірлігі мол үлгілі отбасында тәрбиеленген баланың таным жүйесі мейлінше ауқымды, болашақ өркениетке қосар үлесі зор болады»,- деп атап өтті.

Ал Аналар кеңесінің мүшесі Айгүл Мұсабаева отбасы күнінде Отан қорғаушылардың елге еткен қызметтеріне ризашылығын білдірді. «Отан – отбасынан басталады. Осы отанды қорғап отырған, еліміздің қауіпсіздігін сақтап отырған ер азаматтардың еңбегі ерекше. Ер азаматтармен қатар ел алдындағы жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып жүрген нәзік жанды аруларымыз да аз емес. Сіздерге ең бастысы отбасы берекесін, ауызбірлігін тілейміз», -деді.

Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің тәрбие, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар басқармасының бастығы- департамент бастығының орынбасары подполковник, шара модераторы Алмат Жақыпов барша қатысушыларға алғысын жеткізді. Тәрбиелік мәні бар бірлескен кездесулер алдағы уақытта өз жалғасын табатындығын айтып өтті.

Кейін қарай