Қазақстан халқы Ассамблеясы

13 Мамыр, 2020

216

Қарағанды: Аналар кеңесі - еліміздің берік болашағының негізі

Отан – отбасыдан басталады. Ал сол шаңырақтың берік болуы отбасылық құндылықтарға, үлгі-өнегеге, тәлім-тәрбиеге байланысты екені бесенеден белгілі. Осы орайда Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы облыстық, аудандық, қалалық Аналар кеңестері құрылған күннен бастап, ажырасудың алдын алу, отбасыдағы ұрпақ тәрбиесi, жасөспiрiмдер арасындағы құқықбұзушылық сынды өзектi мәселелер төңiрегiнде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Оның құрамына тәжірибелі ұстаздар, көпбалалы аналар, кәсіпкерлер кірген.


Әлбетте, мақсат - ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтау, толеранттылық пен этносаралық келісімді дәріптеу. Үй мен түздің тізгінін тең ұстап, баласын бағып, қазанын оттан түсірмей, еңбектің бел ортасында жүрген аналардың тындырымды іс-әрекеттері - бүгінде көпке үлгі десек артық болмас.

Аналар кеңесі білім орындарында тәрбиелік маңызы бар кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізіп, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп келеді. Сонымен қатар ажырасқан отбасылармен, тәрбиесі және жағдайы төмен отбасыларымен жұмыс кезінде құзырлы органдармен бірлесіп те жұмыстар атқарады.

Әйелдерді бизнес саласында жетілдіру, микрокредит беруді ұйымдастыру, өзін-өзі жұмыспен қамту сұрақтарын талқылау мақсатында семинар-тренингтер ұйымдастырылып тұрады. Қоғамда жетістікке жетіп, көпке үлгі болып, бизнестің қыр-сырын меңгерген әйелдер қауымымен тұрақты кездесу-кеңестерін өткізу игі дәстүрге айналған.

Приозерск, Қаражал қалаларының кеңестері де толымды тірлік атқарып жатқанын атап кету керек. Ауылдық жерлерге барып құқық қорғау органдарымен, білім беру бөлімінің өкілдерімен бірлесе отырып, ювеналды полиция бөлімінің бақылауындағы отбасылар, сондай-ақ мектепішілік бақылауда тұрған балалардың отбасыларымен кездесулер өткізіп тұрады. Отбасылық құндылықтарды және қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтау мақсатында «Сырласу» әйелдер клубының көшпелі отырыстары ұйымдастырылып тұрады.


Қарқаралы ауданында «Рухани жаңғыру» аясында ұлттық құндылықпен сипатталған тәрбиелік мәні бар «Мың алғыс саған, Анашым!», «Отбасы әлемі» жобасының аясында «Менің жанұям - менің қорғаным», «Қызға қырық үйден тыйым», ауған ардагерлерінің аналарына арналған «Ана жүрегі» атты кештер, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Аналар кеңесінің ықпалымен шешендік өнер мектебі ауылдық жерлерде ұйымдастырылып, іске асырылды.

Сондай-ақ елімізде орын алған төтенше жағдай кезінде материалдық көмек көрсетіп, аянбай жатыр. Тегін бетперделер тігіп те көмек көрсетті.

Рухани жаңғыруға бет алған еліміздің болашағының берік болуына әйелдер қауымының берері көп. Ұлағат мектебі болып отырған Аналар кеңесінің алда да атқарар ауқымды істері бар. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға және қолдауға, мемлекет тағдырына тың серпін беруде осындай ұйымдардың қоғам өміріне қосар үлесі зор.

Кейін қарай