Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Мамыр, 2021

275

Қарағандыда тыл ардагері Нина Мисоченкомен кездесу өтті

Қарағанды Достық үйінде «Aıbyn-Аrqa» әскери-патриоттық тәрбие беру клубы Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне арналған «Бірлік бар жерде Жеңіс бар» атты танымдық шара өткізді.


Облыстың қалалары мен аудандарындағы «Жас сарбаз», «Жас ұлан» ұйымдарының және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қосылған онлайн кездесудің қонағы - тыл ардагері Нина Мисочено болды.

Кездесу барысында Нина Алексеевна Отан деген киелі ұғымды толыққанды түсіну - әр адамның өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігінен бастау алатынын өз өмір өткелдерінен мысал келтіре отырып баяндап берді. Соғыс басталғанда ол кішкентай бала екен, отбасы Беларусь елінде тұрған. Небір аумалы-төкпелі заманды көрген 83 жасар қария:

- Сұрапыл соғыс қаншама қасірет алып келді. Тарихтың ақтаңдық беттері бүгінгідей көз алдымда. Қазақстанымыздағы бейбітшілік пен келісімді сақтау басты міндетіміз. Есімдері жас ұрпаққа үлгі боларлық, жерін жаудан қорғаған батырларымызға мәңгі қарыздармыз, - дейді.

Кейуана отты жылдар туралы «Дети войны помнят свое детство» атты кітап жазған. Қаланың қоғамдық жұмыстарына араласып, «Суайчіннікі» беларусь этномәдени бірлестігінің өкілі ретінде жастарға үнемі бағыт-бағдар береді.

Өскелең ұрпаққа ынтымақ пен бірлікті насихаттау, аймақтағы жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін дамытуға жағдай жасау және Отанның тарихын тануға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған кездесу өте әсерлі өтті.

Алдағы күндері ҚР Қарулы Күштерінің ардагері Амангелді Жантасовпен және «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі ақсақалдар алқасының төрағасы Сулим Исакиевпен кездесулер жоспарланған.

Кейін қарай