Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Қаңтар, 2016

2357

Қарттарға қайырымдылық жасады

Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы «Жас қанат» жастар ұйымының мүшелері Маңғыстау облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйіндегі қариялар мен соғыс ардагерлеріне «Сіз» деген әдеп, «біз» деген көмек» атауымен қайырымдылық жасады. Игі іс Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында «Жас қанат» жастары қариялардың хал-жағдайын сұрап, оларға көңілді концерттік бағдарлама ұсынып, дастарқан жайып берді. «Үлкенге құрмет көрсету, біз сияқты жастарға міндет, - дейді «Жас қанат» жастар орталығының басшысы Андрей Сторожук. - Біз қарттарға арналған қайырымдылық акциясын бірінші рет өткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта тағы да осындай іс-шаралар легін жалғастырамыз деген ойдамыз. Қариялар - елдің асыл қазынасы. Сондықтан да оларға қашанда көмек көрсетіп, қолдан келгенше жақсылықтарымызды аямауымыз керек».

Белсенді жастар ән айтып, би билеп, домбыра тартып қарттарға керемет көңіл-күй сыйлады. «Бізді әрдайым елеп-ескеріп келетін жандарға алғысым шексіз, дейді қарттар үйінің тұрғыны 65 жастағы Сағындық Рахыбанов. - Бүгін Ассамблеяның жастары бізге келіп, көңіл-күйімізді көтеруде. Шынымды айтсам, мен осындай жүректері қайырымдылық пен ізгілікке толы жастардың өсіп келе жатқанына ризамын. Біз мұндай сый-құрметке қуанып, марқайып қаламыз».

Іс-шара соңында қарттар жастарға алғыстарын білдіріп, жайылған ақ дастарқаннан дәм татты. Сонымен қатар, жасқанаттықтар тағы бес соғыс ардагерінің үйіне барып, олардың хал-жағдайын сұрап, апарған тәттілерін ұсынды.

   

 

МО ӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай