Қазақстан халқы Ассамблеясы

18.07.2019

4424

Ж. Түймебаев: Абайдың мерейтойы шеңберінде ҚХА бірқатар мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырады

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану – ел бірлігінің негізі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференциясы өтті.  

Елбасы  Н. Назарбаевтың бастауымен ҚХА XXVI сессиясында «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының  тұсаукесері жасалған болатын. Аталмыш жоба елімізде тұрып жатқан этностардың қазақ халқының ұлттық құндылықтарын қазіргі және болашақ ұрпақтың санасына жеткізу мақсатында әзірленді.

Қазақ халқының тарихын, дәстүрін, гуманитарлық және адамгершілік ұстанымдарын белсенді ілгерілету, халықтың бірлігі мен қазақстандықтардың жалпыұлттық тарихи санасын нығайту, қазақстандық патриотизм, қазақ халқының топтастырушы рөлінде этностардың рухани-мәдени бірлігі негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету мақсатында өткізілген конференцияға мемлекеттік қайраткерлері, ғалымдар, ҚР Парламентінің депутаттары, Нұр-Сұлтан қаласы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, сондай-ақ жастар қатысты.


Конференцияның ашылуында ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев жоба елімізді мекендеген этностардың арасында қазақ халқының мәдениетін, тарихын, философиясын және рухани құндылықтарын насихаттауға арналғанын атап өтті. ҚХА Төрағасы орынбасарының сөзінше, жобаның арқасында мәдениеттердің өзара кірігуіне жол ашылып, ұлттық бірліктің құндылығы арта түспек. Сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығының көкжиегі кеңейіп, азаматтық патриотизмнің негізі тереңдейді.

Өзінің рухани бағыты мен мазмұны жағынан жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толық сәйкес келеді.

«2018 жылы «Қазақтану» жобасы ҚХА-ның бастамасымен республикалық  деңгейде Ақмола (маусым), Қызылорда (қыркүйек), Қостанай (қазан), Атырау (қараша) облыстарында іс-шаралар ұйымдастырды. Біздің серіктестеріміз ретінде «Қасиетті Қазақстан», «Мемлекет тарихы институты» және ҚХА-ның Ғылыми-сараптамалық кеңесі жобаның халық арасында насихатталуына атсалысты. Жалпы аталған жобаның аясында үш жүзге жуық іс-шара өткізілді», – деді Ж. Түймебаев.

Сөз барысында спикер Арыста орын алған оқиға ұлттық болмысымызға бағытталған қатаң сын болғанын, бірақ Қазақстан халқы бұл күрделі сынақта зардап шеккендердің ауыртпалығын жұмыла көтеріп, зор көмек көрсеткенін айтты. Бұл рухани тамырымыздың берік екендігін танытады.

«Бір жағынан Арысқа дейінгі қиын-қыстау замандарда өзінің рухани қасиетін жоғалтпаған қазақ халқының ерлігін үлкен ықыласпен мойындауымыз қажет. Ұлттық код – бірлік пен достықтан, ынтымақ пен сенімнен тұратындығы баршаға аян. Бүгінде осы код Қазақстан халқын бірлікке шақыратын құндылықтарды нығайтуда», – деді ол.
Естеріңізге сала кетйік, келер жылы қазақ халқының Ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Мерейтой қарсаңында ақынға деген құрмет пен ілтипаттың ізгілікті іс-шаралары осы жылдан бастау алып, мәдени қауым ортасында «қазақты танығың келсе, Абайдың туындылары мен өлеңдерін оқы» деген ұстаным қалыптасты.  

«Қазақтың рухани болмысы мен тілінің саналуан байлығын барша әлемге паш етуде Абайдың үлесі - ұшан-теңіз. «Қазақтану» жобасының аясында Абайдың мерейтойына арналып мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырылатын болады», – деді Ж. Түймебаев.

Конференция аясында Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері хәкім Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындап, елімізде басталған және жан-жақты қолдау тапқан #Abai175 челленджі шеңберінде эстафетаны Алматы қаласының Қазақстан халқы ассамблеясына жолдады.   


Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Кейін қарай