Қазақстан халқы Ассамблеясы

23 Сәуір, 2020

2060

Атырау: Қайырымдылық, балалардың сурет көрмесі мен бейімдеу орталығының тәрбиеленушілеріне қамқорлық

Төтенше жағдай басталысымен Атырауда Қазақстан халқы ассамблеясы тарапынан көмекке мұқтаж тұрғындарға жәрдемдесу толастар емес. Өзге ұлт өкілдері бас қосып апта сайын оннан астам отбасыға жәрдем беріп келеді.

Бұл жолы да шешен-ингуш, азербайджан, орыс, дағыстан, өзбек, корей этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері «Біз біргеміз» акциясы аясында жарт миллион теңге көлемінде қаржы жинап, 30 отбасыға көмек берді.


Жиналған қаржыға «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының еріктілер күшімен 30 отбасыға азық-түлік себеттері мен жуғыш заттар үлестірілді. Ал, келесі күні «Жаңғыру жолы» Жастар қозғалысының төрайымы Тәмилла Розметова 15 отбасына азық-түлік, ет және өзінің шаруа қожалығының сүт өнімдерін жеткізді.

Бір айлық азықты көмекке алған мүмкіндігі шектеулі баласы бар немесе көп балалы отбасылар, жалғызбасты қариялар қуаныштарын жасырмады, этнос өкілдеріне алғыс айтып, ақ батасын берді.

Қайырымдылық жасауды негізгі жұмыс бағыттарының бірі санайтын «Довира» украин этномәдени бірлестігі Пасха мерекесінде кәмелеттік жасқа толмаған балаларды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілерін тәттілермен, сыйлықтармен қуантты.

Дәстүр бойынша Орталыққа ат басын тірген бірлестік мүшелері Пасха торттары мен түрлі тәттілерді үлестірді. Орталық директоры Ғалия Битжанова балалар украин бірлестігінің ұжымын осындай мереке күндерінде ерекше қуанышпен күтетінін жасырмады. Әсіресе, көп балалы отбасынан шыққан 4 жасар Светаға көмектесуді өз міндеттеріне алған бірлестік ұжымы бүгінде сәби жүрегін ерекше сезімге бөлеп, туған күніне арнайы сыйлықтарын тарту етті.

Карантинге толықтай жабылған Атырау облысының халқы 1 мамыр - Достық мерекесін онлайн режимде үйден атап өтетін болады. Таяуда Атырау облысы ҚХА Достық үйі жастардың шығармашылық өнерін арттыру және мемлекеттік атаулы мерекелік күнді насихаттау мақсатында 6 мен 16 жас аралығындағы балалар арасында «1 мамыр-Достық мерекесі» атты сурет байқауын жариялады.


Оның шарты бойынша сәуірдің 30-на дейін тілек білдірушілер өз жұмыстарын «1 мамыр байқауы» деген атаумен @kogamdyk_kelisim@mail.ru электрондық поштасына немесе сағат 18:30 ға дейін ☎️ 8 701 606 97 64 телефон нөмірінің ватцап желісіне жолдаулары тиіс.

Ұлттар достығы тақырыбын ақ қағаз бетінде шебер сөйлете алатын өнерлі жастарға қаржылай сыйлық тағайындалған, дейді ұйымдаструшылар.

Кейін қарай