Қазақстан халқы Ассамблеясы

04 Қазан, 2016

1070

Қайырымдылық телемарафоны

Материалдық көмекке мұқтаж жандарға нақты көмек көрсету мақсатында, «Қазақстан-Орал» ұлттық телеарнасы Достық үйінде «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафонын өткізді. Жобаға тікелей эфирге қосылған бес өңір қатысты, соның ішінде Батыс Қазақстан облысы да бар.

Бағдарлама жүргізушісі Тәтті Өтеғалиева қайырымдылық көмекке мұқтаж үш отбасының қиын тағдыры туралы баяндады.

15 адамнан тұратын Хайрушевтар отбасы уақытша баспананы  паналауда, отбасының 5 мүшесі – Капустин Яр мен Азғыр полигондарындағы сынақтар салдарынан зардап шеккен мүгедектер. Уақтылы қаралу және медициналық ем-шараларды алып тұру үшін оларға Бөкей ордасы ауданынан Орал қаласына көшіп келуге тура келді. Мүгедек немерелері үшін Клара апа жер учаскесін сатып алған болатын, алайда қаржы тек құрылысты бастауға ғана жетті.

-Алдымыз қыс, сондықтан бар үмітіміз - жомарт жандардың көмегі, -дейді  Клара апай.

Қайырымдылық жобасы барысында Хайрушевтар отбасына бірнеше компаниялар көмек көрсетіп, марафон аяқталғанда облыс компаниялары мен Батыс Қазақстан облысы  Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Хайрушевтарға жалпы сомасы 782 мың теңгеге құрылыс материалдарын апарып берді.

Сондай-ақ телемарафонның басқа қатысушыларына да көмек көрсетілді. Бірінші топтағы мүгедек Лариса Мұқанғалиева мектепті үздік бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсіп енді ғана жаңа өмірге аяқ басқан шағында, оқыста қатты ауырып қалып, дәрігерлер оған «шашыраңқы склероз» («рассеянный склероз») деген диагноз қойған екен. Содан бері бірнеше жыл бойы ол мүгедек арбасына таңылған. Ларисаның анасы Нүрия Мұқанғалиева жақында  Мәскеудегі медициналық  бір орталықпен келіскен екен, алайда ол жаққа бару үшін қаржылары жеткіліксіз. «Стройкомбинат» ЖШС мен «Мирлан» ЖШС басшылары қыз баланы Мәскеуге апару үшін материалдық көмек көрсетті.

Телемарафонның ең кішкентай қатысушысы Ақжүніс Ерниязоваға «Ғибадат» атты ЖШС-нің басшысы көмек көрсетті. Өзі арбаға таңылса да, өмірден түңілмей, өзі сияқты мүгедек жандардан құралған шаруашылықты басқарып отырған  Біржан Қожақов кішкентай Ақжүніске қолын созды. Енді оның өз вертикализаторы болады және бұл аспап оның ауруымен күресуіне көмегін тигізеді.

Осылайша, қайырымдылық телемарафоны аясында үш отбасыға нақты көмек көрсетілген болатын. Айта кететін жәйт, бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қазақстан» РТРК-ның ұйымдастыруымен өтіп отырған екінші телемарафон.

БҚО әкімі аппаратының

 «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай