Қазақстан халқы Ассамблеясы

08 Қыркүйек, 2023

210

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ МЕН ТҮРКСОЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМЫ АРАСЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін қоғамдық келісімді нығайту мәселелері бойынша өзара іс-қимыл аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастық бағыттары бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.

ҚХА Төрағасының орынбасары ТҮРКСОЙ өкілдерін Ассамблеяның ағымдағы қызметімен таныстырып, Ассамблея құрамына кіретін этникалық қоғамдық бірлестіктер және қоғамдық қорлардың жұмысы туралы хабардар етті.

Өз кезегінде Сұлтан Раев Қазақстан халқы Ассамблеясына өзара ынтымақтастық үшін алғысын білдірді. Ол бірлескен жұмыс Түркітілдес мемлекеттер арасындағы мәдени және гуманитарлық өзара іс-қимылды дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Кездесу соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ТҮРКСОЙ Халықаралық Ұйымы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Меморандум щеңберінде ынтымақтастықтың негізгі бағыттары түркі халықтарының жақындасуына ықпал ететін бірлескен жобаларды әзірлеу және іске асыру, халықтық дипломатияны нығайту және дамыту, этносаясаттың әртүрлі аспектілері, этносаралық және конфессияаралық қатынастар мен мәдениетаралық өзара іс-қимыл салалары бойынша ақпарат алмасу және басқа да мәселелер көзделген.


Кейін қарай