Қазақстан халқы Ассамблеясы

28 Маусым, 2018

1022

Қазақстандық шеберлердің көрмесі шетелдіктерді тамсантты

«Астанаға ыстық ықыласпен» азаматтық форумның барысында «Астана – Ұлы дала елінің жауһары» сәндік-қолданбалы қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеге еліміздің талантты, дарынды хас шеберлері жиналды. Кигіз, ағаш, күміс, былғары, басқа да табиғи материалдардан жасалған бұйымдар көз жауын алып тұрды. Шетелден келген қонақтар тамсана тамашалап, естелік ретінде көңілдеріне ұнағандарын алып жатты.

«Ата көрген –оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек, СҚО-дан келген шебер Марат Андағұлов мал және аң мүйізінен балық мүсінін жасайды екен. Айтуынша бұл өнер әкесінен дарып, бүгінде өзі шәкірттеріне үйретіп жүр.

«Мүйізден бұйым жасау қиын, бір айдан бір жылға дейін уақыт кетеді. Бірақ дайын болған бұйымды көргенде, еңбегің зая кетпегенін түсінесің. Осы өнерімді балаларға үйретемін. Тіпті ЖОО орындарына түсіп, өнер қуған шәкірттерім бар. Мен оны мақтан етемін.

Бұйымдарды жасау үшін материалдарды көп іздеймін, табиғат аясында жүргенде қарайлап жүремін. Таныстарым, достарым шетелден әкеп береді.

Қайталанбас бұйымдар болғандықтан, бұлар сатылмайды. Алайда сыйға тартқан кездерім болған», – деді шебер.

Алматыдан күміс бұйымдарын арқалай келген жас шебер Ғалымжан Бекдайырдың жұмыстары көне қазақтың бүйымдары іспеттес.

«Бұйымдарымды жасамастан бұрын, тарих беттеріне үңіліп қараймын. Содан өзіме шабыт алып, көне қазақтардың тұрмыс-тіршілігіндегі болған әшекейлерді жаңғыртуға тырысамын», – дейді Ғ. Бекдайыр.

 

Көрмені ұйымдастырушылар шеберлердің бұйымдарын шетелге шығарып, қазақстандық брендті қалыптастыру керек деп отыр.

Қазақ қолөнері арқасында әлем біздің мәдениетімізді танып, тарихымыздан мағлұмат алады. Қазақстандық бұйымдар бағаланып, сапасы артады. Тапсырыс та күшеймек. Оған дәлел ШҚО-дан келген Татьяна Чучувалованың кигіз бұйымдары.

«Біздің өз шеберханамыз бар. Бұйымдарымызды Қазақстаннан тыс жерде де тапсырыспен алғызады. Ресей, АҚШ, Испания елдеріне жұмыстарымыз жіберілді», – деп тәжірибесімен бөлісті Т. Чучувалова.   

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Дата события ассамблеи: 28.06.2018

Кейін қарай