Қазақстан халқы Ассамблеясы

18 Сәуір, 2023

448

«Қазіргі әлемдегі азаматтық бірегейлік» тақырыбында ҚХА «Көзқарас» талқылау алаңы өтті

Бүгін елордалық Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІ сессиясы қарсаңында «Қазіргі әлемдегі азаматтық бірегейлік» тақырыбында ҚХА «Көзқарас» талқылау алаңы өтті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі мен ҚХА кафедралар қауымдастығының мүшелері, сондай-ақ сарапшылық қоғамдастық өкілдері қатысты.
Модератор ретінде Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев жиынды жүргізді.

ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов өзінің алғы сөзінде этносаралық қатынастар ең сезімтал және нәзік салалардың бірі екенін тілге тиек етті.
"Көзқарас" алаңы аясында ҚХА Ғылыми-сараптамалық әлеуетін толыққанды пайдалануымыз қажет. Этносаралық татулық, келісім, ұлттық құрылыс пен бірегейлік төңірегінде ой қозғайтын азаматтардың ойын осы алаңда талқыға салып, тыңдай білуіміздің қажеттілігі мол. Біз ҚХА ғылыми бағытын қай жаққа қарай дамытатынымызды, қай бағыттағы зерттеулерге басымдық беретінімізді де осы алаңда талқылайтын боламыз. Бұл алаңда эксперттердің басын біріктіріп, ғылыми топтар пайда болуына да жағдай жасауымыз керек", – деді Марат Әзілханов.



Өз кезегінде, Дархан Қыдырәлі осы бағыт бойынша қызметті жүйелі іске асыруда ғылыми-сараптамалық тәсілдің маңыздылығын атап өтіп, жалпыұлттық бірлік пен келісімді сақтау және нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жан-жақты тәсілдерді талап ететінін жеткізді.
Сонымен қатар ол ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда жаңа коммуникация мен масс-медианың рөлі ерекше екеніне тоқталды. Ақпараттық кеңістікті ұтымды пайдалану арқылы мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, этностар арасында қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыруға қол жеткізуге болатынын жеткізді.
Алаң спикерлері талқылау барысында азаматтық бірегейлік тақырыбы «Әділетті Қазақстанды» құру кезеңінде өзекті болып табылатынын атап өтті.


Спикерлердің сөздерінде ұлттық бірлікті қалыптастыру, қазақстандық қоғам контекстіндегі азаматтық және этникалық бірегейліктің өзара байланысы, жастардың бірегейлігін қалыптастырудағы білім берудің рөлі, этностардың әлеуметтік интеграциясы, жаһандану мен заманауи технологиялардың азаматтық бірегейлікті қалыптастыру процесіне әсері сияқты маңызды мәселелер көтерілді.
Талқылау барысында қатысушылар әлеуметтік қауымдастықты нығайту мәселесіндегі негізгі үрдістерді, бірегей көпмәдениетті әртүрлілікті ескере отырып, Қазақстанда азаматтық бірегейлікті дамытудағы өзекті мәселелер мен мүмкіндіктерді атап өтті.


Қатысушылар аталған іс-шараның тұрақты негізде өткізілетініне және зерттеушілер мен сарапшыларға этносаралық қатынастар саласында үздіксіз тәжірибе мен білім алмасуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Бағдарлама аясында баяндамалардан кейін еркін пікір алмасу және сұрақ-жауап форматында әңгіме өрбіді.


Кейін қарай