Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Қараша, 2020

1277

«Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға»: ҚХА мүшелері пікір білдірді

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өткен еді. Осыған орай, ҚХА мүшелері мен түрлі этнос өкілдері сондай-ақ, қоғам қайраткерлері мен билік өкілдері пікір білдірді.

"Халық бірлігінің негізі – біздің бірегей ұлттық кодымыз"

Ассамблея Төрағасы «татулық, келісім мен бірлік мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болып қала береді. Ассамблея барлық этностарды ортақ қазақстандық құндылықтарымыздың айналасына топтастыруға бағытталған жұмысты жүргізуге тиіс. Әлемде болып жатқан оқиғалар мен пандемияға қарамастан, Ассамблея мүшелерінің белсенді жұмысы мен қолдауы оң әсер беруде. ҚХА мүшелері қайырымдылыққа белсенді қатысады. Мемлекет басшысы бастамашылық еткен "Біз біргеміз!" акциясы аясында 50 млн теңгеден астам сомаға көмек көрсетілді. Достық Үйінде ҚХА еріктілер қозғалысы орталығы жұмыс істейді. Олар қала тұрғындарына тұрақты түрде көмек көрсетеді. Қарттарға шаруашылық бойынша, азық-түлік, ал пандемия мен карантин кезінде қорғаныс құралдары мен маскаларды тасымалдады. Қоғамдық орындарда маскалар таратып, тұрғындарға санитария нормаларын сақтаудың қажеттілігі мен маңызы туралы түсіндірді. Гуманитарлық жүк тасымалдауда еліміздің өңірлеріне көмек көрсетеді.

Сонымен қатар, елордалық Достық үйі этномәдени бірлестіктерді дамыту үшін көпфункционалды ресурстық орталыққа айналды. Базада "Жыр орталығы", "Парасат" қайырымдылық қызметін үйлестіру орталықтары, "Аналар аманаты" қолөнер шығармашылығы орталықтары, жастарға арналған коворкинг-орталық және т. б. жұмыс істейді.

Сондай-ақ, мемлекеттік тілді, мәдениетті, дәстүрді үйренуге жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде ҚХА жанында 12 этнолингвистикалық мектеп жұмыс істейді, онда 600-ден астам оқушы оқиды. Ортақ құндылықтарымызды ілгерілету жөніндегі белсенді жұмысы арқылы Ассамблея мүшелері күн сайын халықтың бірлігін көрсетіп келеді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атап өткендей, "Халық бірлігінің негізі – біздің бірегей ұлттық кодымыз".

Алтай Көлгінов,

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі

«Ассамблея Үндеуі халқымызды ең құнды игілігіміз - бейбітшілік пен келісімді нығайтуға шақырады»

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея өзіне азаматтық қоғамның әмбебап құрылымының барлық үздік сипаттамаларын енгізгенін айтты. Достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім еліміздің қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігі. Бұл жетістікке Қазақстан азаматтарының арқасында қол жеткізілді. Қазақстанның этносаралық қатынастар моделі уақыт сынынан өткен және басқа мемлекеттер мен халықтар үшін үлгі. Қабылданған Ассамблея Үндеуі халқымызды ең құнды игілігіміз - бейбітшілік пен келісімді нығайтуға шақырады. Біз бірге жоғары мақсаттарға ұмтылуымыз қажет. Өйткені, біз бір елдің, бір жердің баласымыз.

Даниал Ахметов,

Шығыс Қазақстан облысының әкімі

«Мен Қазақстанымыздың гүлденгенін, және оның гүлдендіруге менің балаларымның да қатысқанын қалаймын»

Ассамблеяға 25 жыл толды. Осы жылдары Ассамблея баладан ғалымға айналғанын атап өткім келеді. Бұрын бұл елдің ұлтаралық, конфессияаралық даму мәселелерін шешіп, Қазақстанның барлық халықтары үшін берекелі жағдайлар жасауы тиіс қоғамдық институт болатын. Ассамблея үлкен мемлекеттік қызметті атқарып отырған ұлтаралық, конфессияаралық келісімнің ғылыми институтына айналды. Ғалым, педагог ретінде маған Елбасының жастар мәселесін көтергені қуантты. Заманауи әлемде бастысы жаңа технологиялар болып табылады. Біздің балаларымыз сол технологияларды осында, біздің туған жерімізде жасаулары тиіс. Мен Қазақстанымыздың гүлденгенін, және оның гүлдендіруге менің балаларымның да қатысқанын қалаймын. Қоғамдық келісім кеңесі құрылды. Мен оларға көбірек құқық беру керек деп ойлаймын. Бұл кеңестер ауыл әкімдерімен тығыз жұмыс жасауы тиіс. Әкім оларды өзінің басты көмекшілері ретінде көруі қажет. Билік өкілдері мен белсенділердің тығыз одағы болған жағдайда, жалпы адамдармен қарым-қатынас болғанда ғана оң нәтиже береді.

Георгий Иорданиди,

«Филия» Гректер қоғамы Қауымдастығының президенті

«Еліміздегі ұлтаралық келісім уақыттың өзімен сыналып, бүгінгі таңда басқаларға үлгі болып келеді»

Біз бір мүддеге ұйысып, бірліктің арқасында биік мақсаттарға жетудеміз. Алар асуымыз да алда. Қазақ жерін мекендеген түрлі ұлт өкілдері бейбіт жағдайда тұрып жатыр. Бізде этностардың құқығын шектейтіндей бірде-бір заң жоқ. Барлық азаматтардың теңдігі – басты заңымызда тайға таңба басқандай жазылған, ұлтаралық саладағы біздің мемлекеттің саясаты – саналуандықтың бірлігіне негізделген.

Еліміздегі ұлтаралық келісім уақыттың өзімен сыналып, бүгінгі таңда басқаларға үлгі болып келеді. Кешегі Елбасының айтқан әр сөзі саналы адамның түйсігіне жететіндей. Бірлігімізге көз алартқандарға рухани келісім мен бір-бірімізге деген құрметпен ғана төтеп бере аламыз. Әлем мың құбылып тұрғанда біздің тыныштығымыз – басымыздағы үлкен бағымыз.

Баршамызға ортақ Ұлы тұлға Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», деген терең де мағыналы сөз айтып кеткен. Бұл сөздің астарында әлем бірлігін мақсат еткен мәмілегер мен гуманистің толғанысын байқаймыз. Мен үшін Абай бауырмалдылық пен ізгіліктің символы. Ал оның айтқан осы бір керемет сөзі менің бойтұмарым. Мен үшін Абайды сүю - қазақ ұлтын сүю. Абай өлеңдерін өз ортамда қазақ тілінде оқитынымды мақтан етемін. Қазақтан дос тауып, қазақ жерінде білім алып, қазақтың жерінің ауасымен тыныстап жүріп, қалайша мен бұл жерге жат боламын. Менің бір ғана Отаным бар, ол – Қазақстан!

Карина Марченко,

Қарағанды облысы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі

«Бір шаңырақ астында талай жүйелі жоспарларды бағындырып, мақсатқа бірге жетеміз»

Бүгінгі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен "Бір шаңырақ астында – жоғары мақсаттарға" атты Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өте жоғары деңгейде өтті. Тәуелсіз Қазақстанды мекен еткен, туып-өскен өзге ұлт-өкілдері үшін бүгінгі жиынның орны ерек. Бір болып, бір халық болып, бір мүддені ұстана отырып талай мақсаттарды бағындырамыз. Елбасы әрдайым бір шаңырақ астында барлық ұлтты татулықта, бірлікте ұстап отырғаны үшін көпке үлгі. Бір шаңырақ астында талай жүйелі жоспарларды бағындырып, мақсатқа бірге жетеміз!

Расул Ахметов,

Дүниежүзілік "Ахыска DATÜB"

түріктер одағы президентінің баспасөз хатшысы

«Шыны керек, 25 жыл ішінде Ассамблеяның иығына үлкен жүк пен зор үміт артылып, жасаған қарқынды істері жемісті болды»

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысы болды. Мемлекеттік тіл жағдайы, тарату және меңгеруі сапалы болу үшін біраз сөз қозғалып, ұсыныс жіберілді. Шыны керек, 25 жыл ішінде Ассамблеяның иығына үлкен жүк пен зор үміт артылып, жасаған қарқынды істері жемісті болды. Бүгінде Ассамблея бұл жұмысын тоқтатқан емес, еліміздегі өзекті мәселелердің бірі қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне аудару жөніндегі іс атқарып, форум мен конгресстер өткізуде.

Қазақ тілі - ата-бабаларымыздың тілі, ел тарихының үні, - деп айтсам, қателеспеймін. Егер біз «жалғыз ағаш үй болмас, жалғыз жігіт би болмас» дегендей, барлығымыз «бір мемлекет, бір тіл» ұстанымына көшкенде ғана қазақ тілін ортақ қатынас тіліне айналдыра аламыз.
Қазақша енді үйрене бастаған замандастарымыздың кемшілігіне күлмеуіміз қажет және оларда тіл байлығым жетпейді, өзгелер күледі деген ойға берілмей, алға ұмтылса ғана нәтижеге қол жеткізеді. Өйткені іс жүрмесе, адам үйренбейді, ал қателіктер бізді үйретеді, шыңдайды. Болашағымыз бірлікте болғай!

Әнель Пимичева,

Қостанай облысы бойынша «Жаңғыру жолы» РЖҚ мүшесі,

татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшесі

(Кей пікірлер tengrinews.kz, turkistan.kz, egemen.kz сайттарынан алынды)

Кейін қарай