Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Тамыз, 2022

644

Бірлік пен татулық – дамудың кепілі

Қазақ елі – құшағы ыстық, құлашы кең байтақ өлке. Еліміз бауыры бүтін, мызғымас мемлекетке айналып, жүз жылға татитын отыз жылдан астам уақыт ортақ жауапкершілік жолын жүріп өтіп, бекемдей түскен бірлігіміз бен елдікті еселеп, биік белестер мен алынбас асуларды бағындыра білді. Қазір Қазақстанды күллі әлем танып, 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақтың астында еркін де ерікті, тату да тұрақты өмір сүруде!

Байтақ Қазақстанның әрбiр облысында түрлі ұлттардың мәдени орталықтары ашылған. Мұндай құтты мекеннің бірі Жамбыл облысы. Бабалар тұяғының дүбірі, тарихтың нақ кіндігі бола білген Тараз қаласындағы Достық үйі аймақтағы ұлт пен ұлыстың басты ордасына айналған. Мұндағы этномәдени бірлестіктердің басты мiндеттерi өз ұлтының тiлiн, мәдениетін, тарихын, әдебиетiн, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрiн жаңғырту, кейiнгi жастарына үйрету, мұра ету арқылы қалпына келтiру. Мұндай еркiндiк пен теңдікті, кеңдікті Қазақстаннан басқа қай ел жасай алады? Міне дәл осы себептенде әлем сахнасында Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің мызғымас мекені ретінде дәуірі гүлденіп тұр. Әлбетте мұның артында қаншама еңбек, қанша тапқырлық, білімділік, кемеңгерлік жатыр. Мұндай бақ ойлағанның уысына ойыса кетер оңай олжа емес.

Бір облысымыздың өзінде мен мүлде ұлыстардың арасында алауыздық, бірі-біріне көзалартушылық болмайды деп айта алмаймын. Себебі, әлемде 7млрд адам болса 7млрд мінез болатыны секілді этностардың өздеріне тән ерекшеліктері мен қатар өзгеше мінез-құлықтары да болады. Олардың арасында туындаған дау-жан-жалдар уақытылы шешімі табылып, өзара ынтымаққа келеді. Енді ойлаңызшы Қазақстанда 140-тан астам ұлт пен ұлыс бар. Олардың арасында келеңсіздіктердің туындауы заңдылық. Осындай қолайсыз сәттерде ұтымды, ұлтаралық мәселені шиеленістірмей бірден шешім шығарып бір мәмлеге келтіре білу деген аса зор сауаттылық, аса зор кемеңгерлік. Бір ерекшелігі ешқашан сен қазақсың ол өзге деп заң тұрғысынан болмаса басқалай жағынан әділетсіздіктердің болғанын байқаған емеспін. Себебі мұнда заң бір, мүдде бір. Мұндай мүмкіндіктің де біздің елімізден басқа жерде бар дегенін естіген емеспін.

Ендеше аспан ортақ жер ортақ, ай мен күн ортақ, ас-ауқаты мен жұтар ауасы ортақ болып отырған Отанға адал қызмет ету азаматтық парызымыз. Қазақстанның даму моделін халықаралық стандартқа жеткізуіміз және түсірмеуіміз керек.

Сөзімнің соңында достық пен ынтымақты, бірлік пен татулықты ту еткен барша Қазақстан халықтарының мызғымас достығы мен бірлігі мәңгі жасай берсін дегім келеді.

Бахром Муминов

Жамбыл облысы «Өзбек ұлттық мәдени орталығы» ҚБ төрағасы


Кейін қарай