Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Қараша, 2018

2886

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Алматыда студенттер мен оралмандармен кездесулер өткізді

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков Алматыда студенттер және шет елдерден келген қандас бауырларымызбен бірқатар кездесулер өткізді. Оған зиялы қауым, шығармашылық және әр саланың өкілдері, жекелеген азаматтар қатысты.

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде, «Тұран» және Қонаев атындағы университеттерде өткен кездесулерде З.Тұрысбеков Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Халықтың әл-ауқатын арттыру туралы» жолдауына, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласына кеңінен тоқталып, талдау жасады, мақаланың ел дамуындағы алар орны туралы айтып берді.

Төрағаның бірінші орынбасары «Ұлы даланың» қалдырған қайталанбас тарихи мұрасы рухани құндылықтарымызды арттыруда арқау болатынын, Елбасының бастамасымен жүргізіліп отырған жүйелі жұмыс екенін ерекше атап өтті.

З.Тұрысбеков жастарды ана тілін ардақтауға, халықтың мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарауға және оны дамытуға үлес қосуға шақырды.

Осы орайда отанға деген сүйіспеншілік, болашаққа деген сенім үшін төзімділік пен қиыншылықты бастан кешірген қандастарымыз туралы «Алыстағы ағайын» циклінен «Ұлы көш» фильмі көрсетілді.

Фильмде шет елдегі этникалық қазақтардың қаншама қиындықтарды бастан кеше адам төзгісіз жағдайда Қытайдан Түркияға дейінгі үш мың шақырым жолды Гималай тауын көктей өткен сапары туралы баяндалады. Осы теңдесі жоқ жорықта жолға шыққан ұлы топтың тоғыз ай ішінде оннан бірі ғана Түркияға табан тірейді.

Осындай кездесу оралман қандастарымыздың қоғам және мәдениет қайраткерлері өкілдерімен де өтті. Кездесуде З.Тұрысбеков Қауымдастықтың атқарған істері мен алдағы мақсаттары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Ол Елбасының тапсырмасы бойынша шет елдерде тұратын қазақ диаспораларымен байланыстың жаңа деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті. ҚР Үкіметінің қаулысымен шет елдерде тұратын этникалық қазақтарды қолдаудың 2018-2022 жылдарға арналған жоспарымен таныстырды. Онда қазақ диаспораларының ана тілін меңгеруге, білім алуға, мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуы туралы көрсетілген.

Елбасының бастамасымен құрылған «Отандастар» қоры таяу арада шет елдердегі қандастарымызды қамқорлыққа алып, жүйелі жұмыс атқаруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында З.Тұрысбеков көпшіліқ қауымның көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді.

Кейін қарай