10 Сәуір, 2020
64426
Елбасының Қазақстан халқына үндеуінен туындаған ҚХА мүшелерінің пікірлері
Күні кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы жарияланды.
Үндеуде елді бірлікке шақырып, әр адамзаттың бойындағы күш жігерімен жеңіп шығатынына, сабыр сақтауына, тілек үміттеріне қолдау көрсетті. Тығырықтан шығар жолдарын баяндап, әр кезде халықпен бірге екенін көрсетті. Бүгінгі таңда бүкіл әлем алаңдаулы, ұлт саулығы сынға түскен сәт келді.
Бүкіл ғаламшар өзін-өзі тыныштандырып, тіршілік атаулының бәрін сабырға, байсалдылыққа, тазалыққа, бір үміт, бір тілекке шақыруда. Болашақ үшін, ұрпақ үшін, ең қымбат қазынамыз - адам және адамның өмірін әлемді жайлаған індеттен сақтап қалу үшін бар мүмкіншілік жасалуда, күресуде.
Қазақ елінің басына не келіп, не кетпеген. Өткенімізге үңілсек, ата-бабаларымыз небір зобалаң мен зорлықта жүріп, нәубет жылдар мен бұлыңғыр мен буалдыр кезеңдерді бастан өткізген. Себебі, орын алған кез келген тарихи трагедияның болуында - адам тағдыры, тұлға құқығы және жеке бас еркінің амандығы мен бостандығы тұрған. Бүгінгі таңда бір балаң емес, бар әлем, қоғам індеттің қамытын киді. Хакім Абай айтқандай: «... адам өмірінің мақсаты - кемелдену мен жетілу» демекші, алдағы өмірде болашағымыздың жарқын, келешегіміздің кемел болатынына сеніміміз мол.
Гүлбаршын Ерғалиева,
Ақтөбе облыстық ҚХА жанындағы
Аналар Кеңесінің мүшесі
Елбасының халыққа үндеуі мені бей-жай қалдырмады. Барлығымыз Елбасының мазмұнды сөзіне, терең пайымына, орнықты ойына зор мән беріп, үрейге берілмей, жалған сөзге ермей, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, мықты, ұйымшыл болуымыз керек.
Халқымыз кезінде бұдан да ауыр жағдайларды бастан кешіп, қиын күндерді өткерді. Осы жолы да Жаратушының көмегімен бәрін еңсеретінімізге сенемін. Қазіргі уақытта Үкімет тарапынан осы дертпен күресіп, халықты сақтап қалу үшін нақты бұқаралық сипаттағы шаралар қолданылып жатқанын естен шығармайық.
Қиын-қыстау заманда елдің тыныштығын бұзғысы келетін жалған партиоттар туралы Елбасының пікірімен толықтай келісемін. Біз, тәуелсіздіктің құрдастары, әр түрлі араңдатушылыққа жол бермей, керісінше, бір-бірімізге және мемлекетке осы сынақтан өтуге қолдау көрсетуіміз керек.
Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, аға ұрпақ біз үшін барлық мүмкіндіктерді жасады. Енді сабыр сақтап, өз күшіміз бен қабілетімізді көрсететін күн туды.
Джамалайл Элимханов,
Маңғыстау облысы
«Адам адамға дос, бауыр, жолдас» деп жатамыз. Ол анық. Сол аныққа айғақ боларлықтай аталы сөзін айтып, «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сүйекті Үндеуін оқып, қуана құптадым.
Шындығында, әлемді жайлаған кеселді дүрбелең кезінде халқын сабырлыққа, байсалдыққа шақырған Нұрсұлтан Әбішұлын қолдамай тұру мүмкін емес.
Осынау сын сағаттан еліміздің сүрінбей өтуінде халықтың бірлігімен сабырлығы үлкен рөл атқаратындығы даусыз.
Бахыт Сырлыбаев,
Жамбыл аудандық ҚКК төрағасы
Мақаланы оқи отырып, мен Елбасыны туған жерді, Отанды, халқын әр азаматтың қалай сүю керектігінің үлгі-эталоны, елін сүйген Елбасы ретінде таныдым. Ол халыққа ақжолтай тілегін арнап, ақ батасын берді.
Халқымызда «Іштен шыққан жау жаман» деген сөз бар. Осындай қиын кезеңде үрей туғызып, кереғар сөз айтып ұрандатқан заматтарға халық болып тосқауыл қойып, сабырға шақырайық.
Елбасы мемлекет тарапынан қажетті барлық шаралар атқарылатынын және бірде-бір адамның қамқорлықсыз қалмайтынын тағы да кесіп айтты.
Ендеше «Бетеге кетсе бел қалар, Бектер кетсе ел қалар, Берекең кетсе нең қалар» деп Бекет атамыз айтып кеткендей, тәртіпке бағынып, берекені келтірейік!
Аты жаман жұқпалы дертті жеңе білу үшін қойылған талапты бұлжытпай орындап, бәріміз бірге темірдей тәртіпке бағынайық!. Біз Біргеміз!
Манарбек Көшкімбаев,
Мойынқұм аудандық ҚКК мүшесі
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халықына үндеуін барлықтарыңыз оқыған шығарсыздар. Халқымыздың бірлігі арқасында талай қиындықтан өтіп, болашаққа нық қадам басып келеміз. Әрине қазіргі жағдай да біз үшін оңай болып отырған жоқ. Соған қарамастан алдымызда қандай қиындық тұрса да, халқымыздың төзімділігінің арқасында барлығын жеңеміз.
Елбасы жастардың атқаратын рөлнің маңыздылығын да атап өтті. Еліміздің болашағын бізге сеніп, жаман әрекеттерден аулақ болып, арандатушылыққа жол бермей, тек жақсылық жасауға, сабырға шақырады. Сондықтан біз тәртіпке бағынып, бір болып, Отанымыздың дамуына өз үлесімізді қосайық! Біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр.
Біз - бір елміз, осы үлкен міндетті орындауға барлығымыз жұмыла кірісейік. Ұлт денсаулығы мен мемлекеттің қауіпсіздігі ажырамас ұғымдар. Мемлекет қиындықтарды еңсеру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Бірде-бір ел азаматы қолдаусыз қалмайтындығына сенемін!
Юрий Михуля,
Қарағанды облыстық ҚХА «Жаңғыру жолы»
РЖҚ өңірлік штабының мүшесі
Елбасы «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында бүгінгі таңда ел басына қиыншылық туған сәтте бұл сынақтан ынтымақ пен бірліктің арқасында сүрінбей өте алатындығымызға сеніммен қарайтындығын дәлелді ой-пікірлерімен білдірген. Шынында да Елбасының еліміздің қай қиын-қыстау кезеңі болсын халықпен бірге болып, тәуелсіздік алған жылдардан бастап жас республиканың тығырықтан жол тауып, жеңіспен өтуіне мұрындық болғаны белгілі. «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі»-деген Ата заңға сүйеніп, Елбасы кезінде өзі ерекше денсаулық сақтау саласын дамытуға көңіл бөлу арқылы салынған заманауи ауруханалар мен емханалар, онда істейтін маман дәрігерлер дің бұл жұқпалы дертті жоюда толық мүмкіндіктері бар екендігіне сенімді.
Ең бастысы бұл қатерді жеңіп шығуда мақалада ел бірлігі, ынтымағы, ежелден келе жатқан қазақ елінің тарихи дәуірлер қойнауынан шыңдалған мықты рухына сүйенеді. Тарихымыздағы Төле би, Әйтеке би, Абай данышпан тұлғаларымыздың қанатты сөздерін келтіре отырып, Қашан да намысын бермеген, бірлігі бекем халқымыз ел басына төнген қатер-қауіптен аман-есен шыға алады деген сенімде. Аға ұрпақ пен зиялы қауым және жастарға қағидалы сөздерін арнай келе, автор ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы болған жерде ғана қиындықтарды жеңіп, игілік пен ізгілік қатар өркен жаятынын айтады.
Мақалада тату-тәтті және келісімде өмір сүріп жатқан ортақ шаңырағымыз Қазақстан – халқымыз біздің баға жетпес байлығымыз бен артықшылығымыз ретінде қандай да болсын жаһандық қауіп-қатерді жеңіп шығатынымыздың кепілі екендігі көрсетілген.
Ежелгі түркі бабаларымыз «Күндіз отырмадым, Түнде ұйықтамадым, Қара терімді ағыздым...» деп айтқандай, тәуелсіз мемлекеттің аяқтан тұрып кетуіне аянбай тер төккен Елбасы бүгінде ауыртпашылықты халқымен бірге көтеріп, Мәңгілік елдің қауіпсіздігін қорғауда белін бекем буып сапқа тұрғанын елге жеткізіп отыр.
Сатай Сыздықов,
ҚХА ҒСК мүшесі,
Этносаралық қарым-қатынастар және
ҚХА толеранттылығы орталығының директоры
Елбасы-Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласын патриотпын, отаншылмын деген әрбір қазақ баласының тебіренбей оқымауы мүмкін емес.
Әлем халқын алаңдатып, әбігерге салған бұл індет адамзаттың тек тән саулығын сынап жатқан жоқ, бүйректен тиген соққы болғандай әлем экономикасы да секем алып, көптеген мемлекет абдырап қалды. Дегенмен ел билігінің тиісті уақытта тиімді шешімдер қабылдауының арқасында арнайы қорлар жұмысын бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жасаған үндеуіне нақты әрекетпен үн қосып жатыр.
Елбасы елін, халқын бірлікке, бірігіп әрекет етуге шақыру арқылы ғана қауіптің бетін қайтарып, тәртіпке бағыну арқылы ғана індетті еңсеруге болатынын айтты.
Барлығымыз күнделікті бұқаралық ақпараттық құралдары және әлеуметтік желілердегі жаңалықтардан пандемияны көрші Қытай елі өз ұйымшылдығы мен темірдей берік тәртібінің арқасында ауыздықтағанын естіп, көріп отырмыз. Береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайтынының дәлелі бұл.
Елбасының сындарлы саясаты арқасында тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары – халқымыздың береке-бірлігі. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, біз біргеміз, біз бәрін жеңеміз!
Болат Сәрсенов,
БҚО ҚХА Кәсіпкерлер
қауымдастығының төрағасы
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа елде төтенше жағдайларға байланысты өз үндеуін жолдап, елді ауызбіршілікке жұмылдырып, індетті жеңуге бағытталған шараларға қолдау білдіріп, бірігіп жұмыс істеуге шақырды.
Алты құрлықты азуына алып, адамзатты әлжуаз хәлге душар еткен коронавирус індеті біздің елімізді де айналып өтпеді. Дегенмен, елімізде дер кезінде шетелдердегі пандемияның дамуы мен таралу барысы зерттелді. Жағдайды тұрақтандыру үшін елеулі жұмыстар атқарылды және жалғасын табуда. Нәтижесінде біз оған барымызша тосқауыл қоя алдық. Әрине, біз барлық шараны халық болып қолдауға тиіспіз.
Қалыптасып отырған жағдай тек қазақстандықтарға ғана емес, барлық әлем үшін оңайға түспегенін барлығымыз сезініп отырмыз. Нұрсұлтан Әбішұлы осындай сын сағатта халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі септігін тигізіп, соның арқасында қиындықты міндетті түрде жеңіп шығамыз дей келе, халықты сабырлыққа шақырып, өз мүддесін ойлап, ел ішінде үрей таратып, байбалам салушылардың азғырынды, арзан әңгімелеріне еруден сақ болуға шақырды. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс.
Өтебай Құспанов,
БҚО ҚХА ҚКК мүшесі
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласының жариялануы көпұлтты Қазақстан мемлекеті үшін осындай дүрбелі кезеңде үлкен демеу болды.
Бірлігі жарасқан Қазақстан халқы «Бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып» жұдырықтай жұмылайық деген – ізгілікті ұстанымның негізін қалайды.
Осынау әлемді шарлап кеткен коронавирус дертінің қатерлі сәтінде қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыратын, ел бірлігінің нығаюына сүбелі үлесін қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасының мақаласын маңызды деп қарайды және көпұлтты халықты біртұтас идеяға, ортақ мүддеге жұмылдырады деп сенім білдіреді.
Бүгінде елдегі барлық этнос өкілдері тегі басқа болғанымен теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Осылай елдігіміздің ертеңі ошақтың ұштағаны секілді «бір халық, бір ел, бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып отыр» - деген өрелі сөздің атасын Тұңғыш Президентіміз Елбасы кезінде әрбір қазақстандықтарға арнап айтқан-ды. Жыр алыбы Жамбыл бабаның «Жігерлі болса – ер болар, бірлікті болса – ел болар» деген даналық сөзі біз бірге болайық, бірлігіміз жарасса алынбайтын қамал жоқ, жұмыла көтерген жүк жеңіл болатындығының айқын көрінісі.
Задаш Дукенбаева,
ҚХА ҒСК мүшесі
Елбасы, Тәуелсіз елдің тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты Қазақстан халқына жасаған Үндеуі өз уақытында қажетті де елдің еңсесін тіктеуге, күш қуатына дем берумен, рухани құндылықтарына жігер беретін, салихалы да салауатты мәнді бағыт деп санаймыз.
Елдің қамы, ананың уайымы демекші, Әлем және Қазақстан халықтарының бірлесе отырып «Короновирус пандемиясының» алдын алу жағдайында Елбасының бұл Үндеуі елдің ертеңгі келешегі үшін, қауіпсіздік жолында ел болып, бірлік пен бірегейлікті сақтауға шақырды.
Халықты алдағы жарқын болашаққа жетуі үшін жат әдеттен сақтанып, игі істері мен тыныштықты сақтауға шақырды.
Келешек ұрпақ үшін жасаған әрбір ісіміз ертеңгі болашақтың еншісінде. Ел басқаруда әлем елдерінің алдыңғы қатарына жету жолында қастерлі туды берікте бекем ұстап, білім мен ғылымның жаңашыл технологияларын табандылықбен игеруіне үндеді.
Ұлт болашағына қауіп төніп тұрған алмағайып заманда темірдей тәртіптің көмегімен біртұтас ұлт болып, жұмыла көтерген жүкті еңсере отырып, өз халқының жанынан табылып, тату-тәтті өмірге, береке-бірлік пен ынтымаққа шақырды.
Асқат Есеналиев,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ
«ҚХА» кафедрасының меңгерушісі
Елбасының мақаласында айтылғандай, «Жоғарыдағы жетістіктер - біздің өткеніміз, қазіргі жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия бүкіл әлемде жаңа экономикалық дағдарыс туғызды. Тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде».
Міне бұл қазіргі жағдай әлемнің дамыған елдерінің экономикасын, 20, 30, 50 жылдап жоспарланған стратегияларына бетбұрыс жасады.
Әрине, бұл індет біздің елді де айналып өтпеді, қазірде шалдыққан адамдарды да естіп, көріп жатырмыз.
Енді біз не істеуіміз керек? Әлеуі мемлекетіміздің белгіленген санитарлық талаптарын қатаң сақтауымыз өте маңызды. Елдігіміз бен ерлігімізге сын болмас үшін ұлт болып ұйысумыз, бір халық болып бірігіп мемлекетімізді жаман індет – коронавирус дертінің қауіп-қатерінен сақтаумыз керек!
Міржақып Бағдатұлы,
Yessenov University-дің
«ҚХА» кафедрасының оқытушысы, Ақтау
Қазір, жиырма бірінші ғасырдың басында, дүниежүзін дүрліктірген коронавирус деген жаһандық індеттің сөзбен жеткісіз зардабын естіп-көруге тағдыр жазуы әкеліп отыр. Бұл әлем халқының басына түскен үлкен сын. «Жұрт - жеті ағайынды», - дегендей, бұл көзге көрінбейтін қаһарлы жаумен күрес экономикалық, әлеуметтік, рухани қиыншылықтар туғызып отыр.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус індетіне байланысты Қазақстан халқына жасаған үндеуін алдымен үйде отырған біздер – қариялар бір-бірімізбен мұқият тыңдап, шұғыл хабарласып, талқыладық.
Өткен тарих ғасырларындағы бабаларымыздың бастан кешіргендерін айтпай-ақ, өз басымыздан өткізген, екі дәуірдің де талай қыран-кесті оқиғаларын, жан түршіктірер жауыздықты, табиғаттың жайсыз тылсым күштерінің салдарын, неше түрлі аурулардың зардаптарын кешкендердің күйзелістерін көріп келдік. Сондықтан, ұлтымыздың тарихындағы небір сынақ пен толқуды жұртшылықтың ұйымшылдыққа, бірлікке, жауапкершілікке ұйыған кездерін, сәттерін бүгінгі ұрпақ есіне салу –баршамыздың борышымыз.
Елбасы карантиндік шаралардың орындалуына, қоғамдық тәртіптің қатаң сақталуына баса назар аударды. Н. Назарбаев халық денсаулығын қорғауға ерекше маңыз бере отырып, шектеу шараларына байланысты туындайтын көптеген әлеуметтік мәселелерді шешу үшін нақты іс– қимылдардың уақытылы жасалып жатканын тілге тиек етті. Оның бәрін ақпарат құралдарынан, баспа беттерінен, теледидардан жиі естіп, көрудеміз.
Жастар жағы коронавирустің қарттарға өте қауіпті екенін айтып, үйдегі ата-аналарын аяласа, біздер оларға санитарлық талаптарын орындауын айтып қана қоймай, бақылау жасаудамыз. Үйдегі шөберелерімізді алдымызға алып мәпелесек, оқушы жеткіншектерімізідің қашықтықтан білім алуға қабілетіміз жеткенше көмектесудеміз.
Бірақ та, бүгінгі ата-әжелердің басым көпшілігі немере-шөберелерімен бірге тұрып жатқан жоқ. Сөйтсе де, олармен ұялы телефонмен бейне байланыс жасап, әртүрлі мүмкіндіктерді пайдаланып, бір-бірімізге дәнекер-қамқоршы болғанымыз өте қажет.
Санитарлық шараларды бекем сақтап, пәтерімізді тұрақты желдетіп, түрлі жеңіл жаттығулар жасап, дене шынықтырумен шұғылдану қажет.
Қорыта айтқанда, қаншама ұлт пен ұлыс жер бетінен жойылып кеткенде, қазақ халқы ақылы мен намысын алға салып, жамандықты амандыққа жеңдірген. Ата-бабамыз бұдан да қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткеріп, ұлан-байтақ жерді де, елді де шашбауын шығармай ұрпағына аманаттаған.
Бұл қиындықтардан да өтерміз. Береке-бірлікпен, сабырлық-тәртіппен бұл қауіпті індетті де жұмыла жеңіп, сақтансақ - сақталамыз дегім келеді.
Сайлаухан Аухадиев,
Өскемен қалалық ҚХА белсендісі
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жасаған үндеуінде «Коронавирус пандемиясының» алдын-алу жағдайының оңай емес екенін, бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық екенін айта келе, осындай сын сағатта халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері, өзіне деген зор сенімінің арқасында міндетті түрде жеңіп шығатынымызды айтты.
Бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түліктің бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқтығын түсіндіріп, еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарап, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі екендігін атап өтті.
Біз үшін деп күні-түні өмірлерін қауіпке тігіп, отбасыларына жете алмай жүрген ақ халатты абзал жандарға, құқық қорғау органдары мен ел басқарып отырған ағаларымызға қол ұшын беріп, тәртіпке бас иіп, бағынып, үйде отырып, тыныштық сақтайық.
Хасан Бациев,
Түркістан облысы шешен-ингуш
ЭМБ төрағасы
Еліміздің Тұңғыш Президенті- Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Үндеуі Елбасының әрқашанда халқымен бірге екенін көрсетіп, ынтымағымызды одан әрі нығайтуға серпін береді. Себебі, Н. Назарбаевтың жүргізген сарабдал саясатының арқасында еліміздің бірлігі артып, барлық салада зор табыстарға жеткендігін мақтанышпен айтамыз.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде кәсіпкерлік саласы да едәуір дамыды. Себебі, өзім шағын ғана ауылда кәсібім кең етек жайып келеді. Елбасы мақалада кәсіпкерлерге «Мен еліме не беремін?» дейтін кез келді»- деп атап өтті. Әрине, бұл сұрақты көкірегі ояу әрбір азамат өзіне қоя білу керек деп санаймын.
Әлемдік пандемиямен күресу науқанында кәсіпкерлер аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына үнемі қол ұшын созып отырғаны дұрыс деп білемін.
Елбасы үндеуінде халықты бірлікке, ынтымаққа короновирус індетімен күресуде сабырлық танытуға шақырды. Ендеше, Біз біргеміз!
Т.Құдайбергенов,
Түркістан облысы Шорнақ ауылдық-округі
Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы
Егемендігіміз бен елдігімізді бүкіл әлемге танытып, бас көтеріп, дамыған елдердің қатарынан көрінеміз дегенде тағы да бір сынақ – бүкіләлемдік пандемия. Бұл індет біздің елді де айналып өтпей, ауызбіршілігімізді сынағандай келді.
Дегенмен, «Көппен көтерген жүк жеңіл», - демекші, Үкімет, кәсіпкерлер, еріктілер – барлығы да бірігіп, қолдан келгенше көмектерін аямауда. Қазіргі уақыт экономикамызға да әсер етпей қоймасы анық. Әрбір қазақстандық Отан алдындағы жауапкершілігін күшейтетін, қажыр-қайратын мықтап, тәртіпке бағынып, отбасы мен бауырына, көршісі мен досына қамқорлық танытып, өз үлесін қосатын кезең.
Осы орайда, ата-бабаларымыз терең мағыналы мақалы ойға оралады: «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген дана сөз ел арасында тәртіп пен бірлікті қатар ұстап отырудың маңыздылығын аңғартады.
Сын сағатта бір-бірімізге демеу болып, барымызбен бөлісіп, өкпе-ренішті артта қылдырып, бірлікті ту етуге шақырамын! Өзіміздің ізбасарларымыз, еліміздің болашағы - балаларымызға үлгі боларлықтай, тәртіпті сақтап, жауапкершілікті арттырайық!
Дана Кенжеқұлова,
Түркістан облысы ҚХА
медиация кабинетінің жетекшісі
Ұқсас жаңалықтар
-
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫ
-
ҚХА ҒЫЛЫМИ-САРАПШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
-
ҚХА-НЫҢ «БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ЖОЛЫМЕН» ХАЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ – ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА
-
ҚХА Ақсақалдар кеңесі "Тоғызқұмалақ" қалалық жарысын ұйымдастырды
-
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың Республика күнімен құттықтауы
-
ҚР мемлекеттік наградаларымен және ҚХА қоғамдық наградаларымен марапатталған ҚХА мүшелерін құттықтаймыз!
Ұқсас жаңалықтар
-
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫ
-
ҚХА ҒЫЛЫМИ-САРАПШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
-
ҚХА-НЫҢ «БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ЖОЛЫМЕН» ХАЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ – ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА
-
ҚХА Ақсақалдар кеңесі "Тоғызқұмалақ" қалалық жарысын ұйымдастырды
-
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың Республика күнімен құттықтауы
-
ҚР мемлекеттік наградаларымен және ҚХА қоғамдық наградаларымен марапатталған ҚХА мүшелерін құттықтаймыз!