Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Наурыз, 2021

707

Елордада «Көшбасшы бол!» республикалық жастар форумы өтті

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Көшбасшы бол!» республикалық жастар жобасының форумы өтті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары З.Кузиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты В.Набиев, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің және ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өкілдері, жастар ұйымдарының белсенділері, халықаралық жаттықтырушылар мен жастар саясаты саласындағы сарапшылар, еріктілер және т.б. қатысты.

Онлайн және офлайн форматта өткен жиынды ҚХА жанындағы «Жарасым» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев жүргізді.

Онлайн байланыс арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Закиржан Кузиев «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының құрылғанына үш жыл толуымен құттықтады.


«Қазақстан студенттері альянсы» республикалық студенттер қозғалысының президенті, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ілияс Түстікбаев еліміздегі білім беру саласында болып жатқан жаңа өзгерістерге тоқталып өтті.

–Соңғы үш жылдың көлемінде ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе білім саласын дамытуға үлес қосып, студенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша жұмыстар жүргізіп келеміз. Қазір білім саласында айтарлықтай жаңашылдықтар болып жатыр. Біздің ұйым облыстық, өңірлік жастармен, студенттермен және оқу орындарымен біріге отырып, көп іс атқарды. Бұл жұмыстарға Қазақстан халқы Ассамблеясының және «Жаңғыру жолы» жастар ұйымының мүшелері де өзіндік үлесін қосып келеді. Бүгін өтіп жатқан «Көшбасшы бол!» форумының жастар мен студенттерге берері көп. Студенттеріміз бен жастарымыздың мүдделерін қорғап, соларды толғандыратын мәселелерді шеше алсақ біз нағыз көшбасшымыз деп есептеймін, – деді Ильяс Түстікбаев.

Форум барысында халықаралық достық мектебінің мүшелері «Мы – россияне» жастар ассамблеясы» жалпыресейлік қоғамдық қозғалысының Омбы аймақтық бөлімшесінің төрағасы Ермек Хапизов пен «Жобалық даму қауымдастығы» өңіраралық автономды коммерциялық ұйымының даму жөніндегі директоры, халықаралық тренер Жанна Ташметова онлайн байланыс арқылы өз пікірлерін білдірді.


Одан кейін Nazarbaev University түлектер қауымдастығының атқарушы директоры Арман Конкобай жастардың пандемия кезінде көрсеткен түрлі бағыттағы көмектері жөнінде презентация жүргізді. Ол онлайн білім алуға байланысты түлектер мен студенттердің атқараған жұмыстарын ерекше атап өтті.

Іс-шара соңында Қостанай облысы ҚХА жнындағы волонтерлер орталығының төрайымы Анастасия Пушкарева «Қоғамдық тәрбие институттарының күшін шоғырландыру» тақырыбында өз пікірін білдірді.

Сондай-ақ,кездесу барысында жастардың әлеуетін іске асыруға және дамытуға жағдай жасау және оның бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру, жастар көшбасшылары арасындағы мәдениетаралық диалогты қалыптастыру, ҚХА «Жаңғыру жолы» РЖҚ қызметін имидждік ілгерілету туралы ұсыныстар да айтылды.

Суреттерді түсірген: Виктор Ведюнин

Кейін қарай