Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Ақпан, 2020

1286

Елордалық ҚХА: Шыдамдылық танытып, өз бірлігімізді көрсетіп, жалған арандатушылыққа бой алдырмауымыз керек


Құрметті кордайлықтар, біздің отандастар! Біз Қордай ауданында орын алған қасіретті оқиғаны терең күйзеліспен қабылдадық. Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы, елордалық этномәдени бірлестіктер қаза тапқан жандардың отбастарына қайғырып көңіл айтады. Біз Сіздердің орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақпыз. Әрі үй-жайлары мен жеке мүліктерінен айырылған қордайлықтарға сын сағатта берік болыңыздар дей отыра, зардап шеккендердің тез сауығып кетулеріне тілеулестігімізді білдіреміз.

Мемлекетіміз ондағы жағдайды жіті бақылауда ұстауда. Осы қатігез оқиғаға жауаптылар, әрине, біздің республикамыздың заңымен қоғам алдында қатаң жауап береді.

Тәуелсіздік жолында халқымыз аз қиыншылық көрген жоқ. Бүгін тағы да сын-қатерлерге жауап беруге тура келіп тұр. Қиын уақытта біз шыдамдылық танытып, өз бірлігімізді көрсетіп, жалған арандатушылыққа бой алдырмауымыз керек! Тек бүкіл әлеммен бірге ғана біз тағы бір өмірлік сынақтан өтеміз!

Еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті сақтап, оны одан әрі нығайта беретін боламыз! Біздің Қазақстан халқының күші – бірлікте! Қасиетті жеріміздің бейбіт өмірі үшін аянбайық, қымбатты қазақстандықтар!

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы

Кейін қарай