Қазақстан халқы Ассамблеясы

27 Сәуір, 2020

65073

Ерлан Құсайын: Елбасы қойған ұлы мақсаттарды бағындыру үшін қоғам рухани жаңғыруы қажет

Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын Тәуелсіз Қазақстанның басынан кешкен қиын-қыстау заман мен өркендеу кезеңдері, дипломатия интситуты саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу, ел этностарының басын біріктіру жолында атқарған қажырлы еңбегі жайлы әңгімелейді.

«Елден елдің артығы - бірлігінде» нақыл сөзінің мағынасы қазіргі геосаяси жағдайда ерекше мағынаға ие. Қазақстан – бейбітшілігі баянды, тұтастығы тұрақты, келісімі күшейген, бірлігі жарасқан мемлекет деп мақтана айтуға толық негіз бар.

Айбынды Ата Заңымыздың «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде...» деп басталуының өзі біраз жайды айқын аңғартып тұрғаны анық. Бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі - көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет. Әлбетте, азаттықтың ақ таңы атқан алғашқы жылдары еліміздің болашағына сенімсіздікпен қараған, түрлі сәуегейлік айтқандар саны аз болмады. Оған негіз де жоқ емес еді.

Тұралаған экономика, шиеленіскен әлеуметтік жағдай елдің елдігін, ердің ерлігін сынға салған аса бір күрделі кезең еді. Айналдырған жиырма бес жылдың ішінде осындай қиын-қыстау күндерден өттік. Бүгінгі бейбіт заманға жеттік. Тәуелсіз Қазақстан бүгінде бүкіл әлем қызыға қарайтын тұрақтылық пен татулықтың, бірлік пен берекенің алтын ордасына, бейбітшіліктің бесігіне айналды. Мұның бәрі ең алдымен, біздің Елбасымыздың салиқалы саясатының, кемеңгер көрегендігінің нәтижесі!

«Қырықтың бірі - Қыдыр» деп білетін, келген қонағына түк болмаса астындағы жалғыз атын сойып беретін, даладай дархан мінезді халқымыздың береке-бірлігінің, татулығының арқасы! Әрине, осынау баға жетпес байлығымызды, аса құнды қазынамызды көздің қарашығындай сақтау, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру сынды игі іске тікелей Елбасымыздың бастамасымен дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясының қосып келе жатқан үлесі аз емес.

Осы орайда, Елбасымыз «Ассамблея тарихы – біздің тұрақтылығымыздың тарихы. Біз оны сақтауға тиіспіз. Оны біз әркезде де есте ұстап, қадірлеуіміз керек. Бұл халық зердесі үшін, адамдардың достығы мен өзара түсіністігі үшін, біздің балаларымыз бен немерелеріміз үшін ең басты мәселе», - деп Ассамблеяның маңыздылығын атап өткен болатын.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл дүние жүзінде теңдесі жоқ бірегей институт, ұлтаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды реттеу, тұрақтылық пен ынтымақты сақтау, бірлік пен берекелі өмірді насихаттау бағытында орасан зор үлес қосып келе жатқан конституциялық мәртебені иеленген іргелі ұйым.

Міне, құрылғанына аз ғана мерзім өтсе де Ассамблея шынайы түрде жалпыхалықтық, азаматтық, саяси мүдделерден жоғары тұратын ұйым ретінде танылды. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдерін бір шаңырақ астында біріктірген қуатты құрылымға айналды. Егемен еліміз бейбітшілік пен бірліктің, тұрақтылық пен татулықтың ғажайып үлгі-өнегесін күллі әлемге паш етіп, абыройымыз асқақтай түсті.

Алып дала төсінен бой көтерген Елордамыз - бейбітшілік бесігіне айналып, әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің бір шаңырақ астында бас қосып, бәтуаласатын киелі мекені. Айта берсе атқарылған шаралар мен жетістіктер аз емес. Осының бәрі, ең алдымен Елбасымыздың дана саясатының жемісі, халқымыздың берекелі бірлігінің арқасы.

Ал, бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған Ассамблея болса, осынау қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылықты, елдің ауызбіршілігін сақтауға орасан зор үлес қосып келе жатқан қоғамдық институт.

Осы бағыттағы ауқымды істерге Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосып келе жатқан азды-көпті үлесі бар деп санаймын. Себебі, біздің кенді өлкеде қаншама ұлт пен ұлыс өкілі еңбек етіп, өмір сүріп жатыр. Облыстық Ассамблея 1995 жылы наурыз айында құрылды. Облыс әкімі жанындағы консультативті-кеңесуші органның құрамында жүзден аса мүшесі бар. Олар – этномәдени бірлестік басшылары, зиялы қауым өкілдері, ел арасында сыйлы, беделді азаматтар, бизнес өкілдері, ақпарат құралдарының басшылары, жігерлі жастарымыз.


Облыс аумағында сексенге тарта этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Соңғы үш жылда жергілікті этномәдени бірлестіктер саны екі есе өсті. Мұның өзі әр ұлттың өз салт-дәстүріне, тарихына, тіліне деген азаматтық қызығушылығының артқанын байқатады. Сонымен қатар мұндай белсенділікке жергілікті биліктің этномәдени орталықтардың жұмысын моральдік және материалдық қолдауы әсер етті деген ойдамын. Жер-жерде қоғамдық келісім және Аналар кеңестері қоғамдағы, Достық үйі ел арасындағы түрлі өзекті мәселелерді бірлесе шешуге өз ықпалын тигізіп келеді.

Сонымен қатар облыстық Ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық кеңес жұмысы да өз нәтижесін беруде. Әлеуметтану, саясаттану, тарих, білім және мәдениет саласындағы іргелі зерттеулер жазып жүрген ғалымдарды топтастырған осынау құрылым жұмысы шеңберінде көптеген кездесулер, дөңгелек үстелдер, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып өткізіледі.

Жалпы, тарихи өлшеммен алғанда қысқа ғана мерзімде Қазақстан шын мәнінде ғасырлық жолды жүріп өтті. Әлем елдерін есінен тандырған, әбігерге салған дағдарыстардан өтті. Жай ғана өтіп қоймай, экономикасы тұрақты, қай жағынан алып қарасаң да, қуатты, мықты мемлекетке айналды. Оны азуын айға білеген алпауыт елдердің барлығы да мойындады. Бүгінгі таңда Тәуелсіз Қазақстан әлемге тұрақтылық пен татулықтың, бейбітшілік пен берекенің ғажайып үлгі-өнегесін көрсетіп отыр.

Бірақ, уақыт бір орында тұрмайды. Өмір өзгереді, мақсат-міндеттер де жаңарады. Сондықтан да замана тамырын тап басып, тани білген Елбасымыз біздің алдымызға бүгінгі күні тың міндеттер қойып отыр. Бүгінгі Қазақстан Ұлт көшбасшысының бастауымен әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межелеп отыр. Ал, осынау ұлы мақсатты бағындыру үшін бізге керегі, ең алдымен, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білу, қоғамның рухани жаңғыруы дер едім.

Қазіргі күнде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын аймағымызда түсіндіру, талқылау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында нақты жобаларды жүзеге асыру, ақпараттық сүйемелдеу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Арнайы медиа-жоспар жасалып, ақпараттық-түсіндірме жұмысын жүргізу үшін өңірлік БАҚ, облыстық интернет ресурстар мен әлеуметтік желілер жұмылдырылды.

Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан бергі уақытта жүзеге асырылып жатқан ішкі саясат қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға қолайлы жағдай туғызды. Бүгінгі республикамыздағы діни конфессиялар мен ұлттар, ұлыстар арасындағы қарым-қатынастар болашағы біртұтас бір халық, тағдыры ортақ бір ел ретінде қалыптасқандығын айғақтайды. Бір шаңырақ астында татулығы жарасып, ел тарихын жасасып жатқан жүзден астам ұлт өкілдері қазіргі таңда өздерін «Мен – қазақстандықпын!» деп зор мақтанышпен айтады.

Қазір еліміз өте күрделі ахуалды бастан өткеруде. Әлемдік пандемия жұрт көңілін алаңдатып, баршамыздың азаматтық жауапкершілігіміз сыналып отырған сәтте қоғам белсенділері, Ассамблея өкілдері, ерікті жастар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруда. Қайырымгерлер мен меценаттар жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көмектесуде. Мемлекет тарапынан халыққа жан-жақты қолдау көрсетілуде. Дәл осы сәт кеселге қарсы тұру үшін күш-жігеріміздің мықтылығын қажет етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қиын кезеңді бірлік пен тұтастықтың арқасында бірге еңсеретінімізді баса айтты.

«Ырыс алды ынтымақ» деген дана сөз бар халқымызда. Тұрақтылық сақталған елге қашанда бақ қонады. Қазір бірліктің жоқтығынан іштен іріп, күн сайын кері кетіп жатқан елдердегі жағдай осыған дәлел болуы керек. Біздің Тәуелсіздігіміздің алтын қазығы да осы ұлттар мен ұлыстардың бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқандығы. Әлбетте, бұл ең алдымен, Елбасымыздың үлкен жеңістерінің бірі. Ендігі міндет – осынау баға жетпес байлығымызды, құнды қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, ауызбіршілігімізді одан әрі дамыту болып табылады. Бұл – бүкіл қоғамның алдында тұрған абыройлы міндет, біздің әрқайсысымыздың азаматтық парызымыз.

Кейін қарай