Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Сәуір, 2022

279

Этномәдени бірлестіктерге ерекше миссия жүктеліп отыр

Бүгін, 25 сәуірде Алматы қаласында, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың республикалық этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, этно бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары және белсенді жастар қатысты.

Кездесу барысында этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыру мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жаңғырту мәселелері талқыланды.


Министр өз сөзінде аталған жұмыстар Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында атқарылатынын және аталмыш құжатта бірқатар саяси өзгерістер көрініс тапқанын жеткізді.

«Саяси өзгерістер мемлекетті басқару процесіне азаматтарды кеңінен тартуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл, өз кезегінде, қуатты парламенттік мәдениеті мен ықпалды халық қалаулылары бар жаңа Қазақстанның негізі болмақ. Сонымен қатар, партиялық жүйе үшін мүмкіндіктер кеңейтіледі, сайлау заңнамасы жетілдіріліп, азаматтық қоғам институттары мен БАҚ рөлі арта түседі», - деді Министр.

Бұған қоса, Асқар Омаров қоғаммен байланысты арттырудың маңыздылығын айта келе «Ұлттық құрылтайдың» өзектілігіне тоқталды.

«Бұл азаматтық институт Ұлттық қоғамдық кеңесті алмастырып, оның құрамына белді де белгілі қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен барлық өңірлердің өкілдері кіретін болады. Азаматтық қоғаммен байланыс біздің мекеменің құзыретіне кіретіндіктен «Ұлттық құрылтайдың» басым бөлігін біздің әріптестеріміз, сондай-ақ осы залда отырғандар да құрайтын болады», - деп мәлімдеді А.Омаров.


Қорытындылай келе, Министр мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуы үшін аталған абыройлы қызмет өз жалғасын табатынына; Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы бағыттағы жұмысты бірлесіп үйлестіруге дайын екендігін жеткізіп, барлық қатысушыларды алдағы Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

Кейін қарай