Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Қыркүйек, 2021

403

Өңірдегі этносаралық келісім нығая түспек

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов Түркістан облысына жасаған іс-сапары барысында Сайрам ауданы Қарабұлақ ауыл округінде өткен кезекті жиынға қатысты.

Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин және Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, аудандық этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымының өкілдері қатысқан жиында алдымен Түркістан облысы әкімінің орынбасары С.Қалқаманов сөз алды.

Кездесуде Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауын іске асыруға Қазақстан халқы Ассамблеясының қатысуы мәселелері, сондай-ақ өңірдегі этносаралық келісімді нығайту жөніндегі шаралар талқыланды.


Марат Әзілханов Президенттің жаңа Жолдауының ерекше маңыздылығын, Жолдаудың «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деп аталатын жетінші бөлімі татулық пен келісім саясаты мәселелеріне арналғанына айрықша тоқталды.

Жалпы Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылында 53 мыңға жуық халық тұрады. Тұрғындардың көпшілігі өзбек этносының өкілдері. Аядай ауылда орташа есеппен 50 мың бас ірі қара мал бордақыланады. Бұл ауылды Қазақстанның кішігірім ет даярлау комбинаты деп те жатады. Күн сайын осы ауылда орташа есеппен 100 тоннаға жуық ет өндіріледі. Шымкент, Алматы қалаларындағы базарларды Қарабұлақ ауылы етпен қамтамасыз етеді.


Іс-шарада Сайрам аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Г.Раимкулов пен бірлестік мүшесі Ю.Ахмадалиев, кәсіби медиатор С.Даванова, Қарабұлақ ауыл округі әкімінің орынбасары Б.Шамуратов, аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ж.Хамраевтар аймақтағы этносаралық татулық пен келісім бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Жиынды қорытындылаған Марат Алмасұлы: «Ассамблея қызметі этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп келе жатқан ел ретінде Қазақстан Республикасының халықаралық беделінің өсуіне де ықпал етуде. Қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде этносаралық келісімді қамтамасыз етуде баршамыз алдағы уақытта да бірлесе жұмыс жасаймыз деген сенімдемін»,-дей келе этносаралық өзара іс-қимылдың кең коммуникациялық алаңдарын қалыптастыру бағытында нысаналы және бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Кейін қарай