Қазақстан халқы Ассамблеясы

19 Сәуір, 2020

1145

Карина Карташова: Президенттің даңғыл жолы тың идеяларға жол ашты

Президентпен кездессем деген бала кезінен келе жатқан арманы орындалып, жүрегінде өшпес із қалдырған Жамбыл облыстық «Радонеж» орыс қауымдастығы» этномәдени бірлестігінің мүшесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өкілі Карташова Карина Сергейқызы Президент жолы маған ел игілігіне жасалатын істерге – тың идеялар мен арман-мақсаттарға жол ашты дейді. Өмірде қандай да бір жетістікке жетсем, қандай да бір марапаттарға ие болсам – осының барлығы жан-дүниесі ғазиз ғажап адамның арқасы! Ниет дұрыс болса арман-мақсаттарға жету мүмкіндігі әр адамның өзіне байланысты екеніне нық сенімді бүгінгі кейіпкеріміз.

Мен кішкентай кезімнен үнемі анама «мен міндетті түрде Назарбаевпен кездесемін!» деп сенімді түрде айта беруші ем. Жаратушы аузыма салған шығар, бәлкім, өзімнің өмірдегі нәсібім болар - Қазақ елінің басшысымен кездесіп, болашаққа нық сеніммен қарауды және өзімнің діттеген мақсаттарыма сүрінбей жетуді үйрендім.


Елбасы, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ең алғаш рет көргенім - 2016 жылы 1 желтоқсанда Астанада, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында «Тәуелсіздік сарайында» өткен республикалық жастар форумына қатысқан кезім еді.


Мен ол кезде М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің жап-жас студенті болатынмын. Сол жиында Жамбыл облысы жастарының атынан спикерлердің бірі боп тіркелсем де, форумға қатысушылардың көптігінен сөз сөйлеу мәртебесі маған сол күні бұйырмай қалды. Бірақ көңіл-күйімді түсірмедім, еңсемді биік ұстап, алда өзімді күтіп тұрған Елбасына қатысты басқа да ырыздықтан үмітімді үзбедім. Елбасын бетпе-бет көрудің өзі маған бір ғанибет болды.


Сондай-ақ, Тұңғыш Президентімізді екінші рет көруім - 2017 жылы, күз айында Жамбыл облысына, Тараз қаласының Достық үйіне келгендегі сапары. Елбасымен жүздесу мәртебесінің бұйырғанына тағы да қуанышымда шек болмады.

Достықтың символына айналған қара шаңырақта өткен кездесу - аймақтық ассамблея мүшелері мен облыстық этномәдени бірлестік төрағалары, төрайымдары мен өкілдері, Аналар, Ақсақалдар кеңесі мүшелерінің Елбасымен кездесуі, ол кісінің әр бірлестік мүшелерімен сұхбаттасып қал-жағдайларын сұрасуы әр этнос өкілінің көкейінде нық сенім қалдырған бір тамаша күн болды десем артық айтпағандық болар еді.

Дәл сол кездесуде мен жиынның спикері ретінде мемлекеттік тілде жастар саясатына қатысты сөз сөйлеп, туған жерімнің жастарының тыныс-тіршілігі жөнінде өз ойымды ортаға салған болатынмын. Ол уақытта мен облыстық «JAMBYL-TV» арнасының орыс тілді тілшісі болып қызмет істедім. Сөзімді, ойымды баяндау барысында ол ғажайып адаммен тамаша диалог құрылды. Мемлекет басшысы маған Жамбыл өңірі жастарының хал-ахуалы, мақсаттары жөнінде сауалдарын қойып, мен жауап беріп, бір есте қаларлық керемет кездесу болған еді.


Сол сәтте менің орыс этносының ұлттық киімін киіп тұрғаныма сүйсіне қарап Елбасы:

«Мына келбетіңізге, ұлттық қиіміңізге қарап, қазақша қалай тамаша сайрап тұр деп қайран қалады екенсің?!», - деп маған қуана, жымия қарап, тіпті қалжыңдағаны да бар еді.

Туған елімді басқарып отырған осындай Үкімет басшысының тілге деген құрметін, менің шала-шарпы қазақ тіліме ризалығын көріп, мемлекеттік тілді үйренуге деген зейінім мен құлшынысым одан ары күшейе түсті.

Сол сәтте іштей «мен облыстық телеарнада енді тек қазақ тілді тілші боламын!» деген ой-мақсат туындады. Арман-мақсатқа жету мүмкіншілігі адамның өзіне ғана байланысты екен, ниет дұрыс болса болғаны. Ғұлама Абай атамыз айтпақшы, «ақырын жүріп, анық басып-ақ» бұл тілек-мақсатыма да жеттім-ау, ақыры?!


Республикалық «Қазақстан» акционерлік қоғамы» Жамбыл облысындағы филиалы бойынша жергілікті «Қазақстан» телеарнасында «Бірлігіміз жарасқан!» атты мемлекеттік тілде өтетін тележобаның авторы болып, өз бағдарламамды қазақ тілінде жүргізіп, көптеген көрерменнің көзайымына айналдым десем артық болмас.

Қазіргі уақытта Жамбыл облыстық «Өрт сөндіру» мекемесінде байланыс бөлімінің бас маманы және Жамбыл облысының «Азаматтық қорғау» мекемесінің аға сержанты боп қызмет етемін. Қызметімдегі мемлекеттік тілде жүргізілетін іс-қағаздарына жауаптымын және қазіргі уақытта қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ой-пікірлерімді әдеби тілде толыққанды жеткізе алатыныма іштей өз-өзіме риза боп жүрем.

Осыған қоса, аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі байқаулар мен іс-шараларға белсенді атсалысып, Жамбыл облысының «Жас Отан» жастар қанатынан, «Нұр Отан» партиясынан, тілдерді дамыту басқармасы мен тілдерді оқыту орталығынан, Жамбыл облысы әкімдігінен алған марапаттарым - Алғыс хаттарым мен мақтау қағаздарым толассыз еңбек пен зор сенімнің дәлелі деп білем.


Президентпен кездессем деген бала кезімнен келе жатқан арманым екі рет оындалып, жүрегімде өшпес із қалдырды. Өмірде қандай да бір жетістікке жетсем, қандай да бір марапаттарға ие болсам - осы бір жан-дүниесі ғазиз ғажап адамның арқасы!

Президент жолы маған ел игілігіне жасалатын істерге – тың идеялар мен арман-мақсаттарға жол ашты!

Жамбыл облысы жастарының атынан айтарым – Елбасымыздың денсаулығы мықты боп, сындарлы саясаты өз жалғасын таба берсін демекпін!

Кейін қарай