Қазақстан халқы Ассамблеясы

15 Маусым, 2023

354

ҚХА ЭМБ АРАСЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

2023 жылғы 14 маусымда Алматы қаласының республикалық Достық үйінде ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастыруымен «ҚХА этномәдени бірлестіктерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылықты қалыптастыру» тақырыбында онлайн-конференция өтті.

Оған Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар әкімдіктерінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының мүшелері қатысты.

«Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Паули өз сөзінде еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы ҚХА-ның ерекше рөлін атап өтіп, аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

«Бүгінгі онлайн іс-шарамызды сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылықты қалыптастыруға бағыттауды жөн көрдік. Себебі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Қазіргі уақытта елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарының деңгейі артуда. Бұл ретте, әрине Ассамблея шетте қалған емес. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қоғамның әлеуетін тарту бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуде. Тұрақты түрде көптеген іс-шаралар өткізіліп, роликтер мен ақпараттық хабарламалар жарияланып тұрады. Бұл жұмыстар қоғам санасына әсер ететіні сөзсіз. Алайда, тек осы жұмыспен ғана шектеліп қалуға біздің құқығымыз жоқ», - деді Э.Паули.


Мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша түрлі іс-шараларды қолға алып, арнайы органдар құрған болатын. Алайда, дүниежүзіндегі бірде-бір орган заңсыз әрекеттерді бақылауға тырысатын азаматтармен үнемі байланыста бола алмайтыны бәрімізге белгілі. Сол себепті, барлық қоғам тарапынан тың бақылау болған жағдайда ғана сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға немесе оны толықтай жеңуге болады.

Айта кету керек, ҚР Президентінің жыл сайынғы Жолдауларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларына ерекше мән берілуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тиімділікке тек белсенді дені сау қоғамда ғана, яғни адамдар оны қабылдамайтын және айыптайтын кезде қол жеткізуге болады.

Өз кезегінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Жазира Жылқышиева қатысушыларды ҚР Президентінің Жарлығымен өткен жылы ғана бекітілген Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасымен және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарымен егжей-тегжейлі таныстырды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бұл құқық қорғау жүйесінің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті, өйткені кері байланыссыз бұл салада ілгерілеу мүмкін емес. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін жауапкершілік тек мемлекетте болады деп ойлау қате. Парақорлыққа қарсы күресті насихаттау жөніндегі жұмысты жандандыру қажет. Мемлекеттік органдар мен өзге де мекемелерде түрлі форматтағы іс-шаралар өткізу қажет: кездесулер, семинарлар, бейнеконференциялар және т.б. Бір сөзбен айтқанда, әрбір азамат сыбайлас жемқорлық сипатындағы кез келген іс-әрекеттің және заңнаманы бұзу фактілерінің жолын кесуіміз керек», – деді спикер.

Онлайн іс-шара барысында қатысушылар пікір алмасып, ұйымдастырушылар аталмыш тақырып бойынша көпшіліктің назарына презентация мен әлеуметтік ролик ұсынды.


Кейін қарай