06 Қаңтар, 2021
22566
ҚХА мүшелері Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласына пікір білдірді
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған мақаласына орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, этномәдени бірлестіктің төрағалары, белсенді жастар пікір білдірді.
«Егемен Қазақстан» газетінде шыққан Президентіміздің мақаласы бізге жаңа серпін мен жаңа белестірді бағындыруға жігер қосты. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақалада еліміздің өткені, қазіргісі мен болашағы жайлы айтылған. Шынында адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі. Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Мемлекет басшысы осы жайында "біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу" деген еді. Мен де еліміздің күннен күнге нығайып, дамуында әрбір қазақстандық аянбай еңбек ететін жас ұрпақ тәрбиелей білуіміз керек деп есептеймін.
Михуля Юрий
Қарағанды облысы бойынша
"Жаңғыру жолы" РЖҚ мүшесі
Биыл Қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының отызыншы жылына қадам басып отыр. Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы.
"Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан - ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ.» деп жазған болатын. Расымен де, еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты…
Сондай – ақ, Президент Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мақаласында еліміздің үш онжылдықтағы қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін атап өтіп, болашаққа міндеттерді айқындады.
Ханануз Расулова,
Қарағанды облысы бойынша
"Жаңғыру жолы" жастар қозғалысының мүшесі
Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы»,- деп жазды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында.
Бұл біздің ортақ болашағымыздың одан арғы жоспарлары. Қазақ жерінде әр уақытта көптеген этностар өмір сүрген. Қазақтың жерін «Отаным» деп көретін, қазақтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын құрметтеп қана қоймай, мемлекеттік тілді жетік меңгерген жандар. Наурызды тойлап, ұлттық тағамдар әзірлеп, қазақтардан да кем емес, халықтың тарихы мен мәдениетін білетін, ондаған өзге ұлттардың отбасыларын мысалға келтіре аламын.
Осы отыз жыл ішінде біз кез-келген дәуірдегі қиындықтардан құтқарған бірліктің арқасында өмір сүрдік. Біз осындай бірлікке негізделген халқымыздың үйлесімдігін бағалай білуіміз керек. Бұл керемет болашаққа апаратын жалғыз сенімді жол. Көгілдір паспортты алған кезде біз өз таңдауымызды жасадық.
Біз барлығымыз Қазақстанның азаматтарымыз, бәріміз бірдей мемлекетіміздің өркендеуін қалаймыз, тілейміз. Менің түрлі этностардан достарым өте көп, олар қазақ тілін жетік біледі, оның әуенін жақсы көреді, қазақ классиктерін түпнұсқада оқиды. Өмір бойы Тәуелсіздік жағдайында өмір сүргендер біз қуатты және гүлденген Қазақстаннан басқа шындықты білмейміз және білгіміз де келмейді!
Виктория ТРЕГУБОВА,
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының
баспасөз хатшысы,
Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының мүшесі
Тәуелсіздік – аспаннан түскен сый емес. Қазақ – Егемендік үшін ғасырлар бойы күрескен халық. Бұл күрес 91 жылмен аяқталған жоқ. Қазір де жалғасуда. Тіпті қазіргі күрестің өз ерекшеліктері бар. Біз, ең алдымен, азаматтарымыз бен өскелең ұрпақтың тарихи санасын, заманауи, азат көзқарасын нығайтуымыз қажет. Міне, осы бағыттағы күрес тоқтамауы шарт.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Президентіміз осы туралы айтты. Жалпы, меніңше, бұл мақала аса жауапты кезеңдегі еліміздің негізгі идеологиялық бағыттарын көрсететін құжат деп атауға болады.
Біртұтас ұлт болу - оңай емес. Аз емеспіз, көппіз. Түрлі пікір-көзқарастарымыз да бар. Оңтүстік-солтүстік, нағыз-шала, корей-ұйғыр, қазақтілді-орыстілді деген факторларға бөлінбеуміз қажет. Сондықтан бізді біріктіретін мықты ұғымдар да болу керек. Президентіміз олар туралы да айтты.
Біріншіден, ең мықты біріктіруші фактор – бұл тіл. Бір тілде сөйлейтін ұлттың болашағы зор. Жастар көп тіл білсе – жаман емес, бірақ бір-біріңді түсіну үшін, қоғамның тынысын терең сезіну үшін бәріміз мемлекеттік тілді білгеніміз жөн. Оның үстіне ортақ менталитет пен рухани құндылықтарды қалыптастыру жолында тіл басты рөлге ие.
Екіншіден – өзінің жері бар халық қана мемлекет деп аталады. Жер шетелдіктерге сатылмайды деп айтты Президентіміз. Бірақ осы жерді дұрыстап пайдалануымыз керек. Ауыл шаруашылығын дамытып, табиғи ресурстарды қорғап, табиғатымызды құрметтеуміз қажет. Аз еңбек ресурстары бар аймақтарға қандастарымызды шақыру да артық емес.
Үшіншіден, ортақ тарихымыз бар. Балаларға арналған фильмдерді түсіруді, кітаптарды жазуды және қазақ халқының тарихи шежіресін басқа тілдерге аударуды толықтай қолдаймын. Мыңжылдықтармен өлшенетін тарихымызды насихаттайық.
Төртіншіден, ұлтаралық келісім. Біз 90-жылдардың басында әлеуметтік және ұлтаралық қақтығыстарға жол бермеген халықпыз. Көпұлттылықты көпшілік ойлағандай кемшіліктен артықшылыққа айналдыра білдік. Болашақта да осы мақсатқа жұмыс істейік.
Бесіншіден, ортақ болашағымыз бар ұлтпыз. Шынымен де, шетелдерге оқуға кететін жастарымыз бар. Мен де олардың бірімін. Бірақ оқудан соң елге қайтқан азаматтарымыз аз емес. Шетелде алған біліміміз бен тәжірибемізді мемлекет үшін пайдалануымыз керек. Себебі біз Қазақстанға сенеміз.
«Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады», - дейді. Дәл солай. Біз тілге, дінге, этносқа бөлінбейтін ұлт ретінде мерейтойымызды қарсы алайық. Олай болса ешқандай да деструктивті сыртқы я ішкі күштер Тәуелсіздігімізге әсер етпейді. Осы факторларға мән берсек, мемлекеттілігіміз мәңгі болар. Мен оған кәміл сенемін.
Максим Споткай,
Қазақстан халқы Ассамблеясы
«Жаңғыру жолы» республикалық
жастар қозғалысының төрағасы
Жас кезімде ел ішіндегі ақсақалдарға сәлем бере жүріп талай әңгіме тыңдағаным бар. Сондайда қарттар тәлімді сөзін «Адам басына бақтың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі» деп түйіндейтін. Ынтымақ пен берекені ерте жүретін сол бақ қазір Қазақ елінде. Тәуелсіз елдің басты табысы да осы.
Ал сол басты табысқа біз бірлік пен татулығымызды берік сақтап, Тұңғыш Президентіміздің арқасында жеттік деп білеміз. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерде қашанда нәтижелі істердің болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығы арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
Дамудың сыры - бірлікте, табыстың сыры - тірлікте дегендей, ортақ Отанымыз Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру елдік міндет. Біздің тілегіміз бір, мақсатымыз айқын. Ол жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел мәңгілік Қазақстан. Жақында жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы да соған дәлел.
Қазақстанда тұратын этникалық топтар – бұл достықтың өзіндік көпірі іспеттес. Достық пен тығыз байланыстардың нығаюына көрші мемлекеттерде тұратын этникалық қазақтар да ықпал етеді. ҚХА этномәдени бірлестіктері мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге, елімізге озық технологияларды импорттауға және т.б. септігін тигізіп келеді.
Бір шаңырақ астына түрлі ұлт пен ұлысты ұйыстырып, бүгінде ұлтаралық татулықтың үлгісіне айналған елміз. Тарихтан белгілі, тағдыр тәлкегімен жан сауғалаған талайды бауырына басқан, өзгенің қайғысын өз қайғысындай бөліскен ұлы дала ұрпағының ұлылығы бұл. Талай заманды бастан өткеріп, тәуелсіздік елге айналған Қазақ елі жерін мекендеген ұлт пен ұлыстың Отанына, бірлік мекеніне, қоғамдық келісім орталығына айналды. Бүгінгідей ақпараттар тасқыны заманында айналадағы орын алып жатқан жағдайлардан жұртшылық әрдайым хабардар. Тынышы кеткен, бейбіт күнді арман еткен елдерді мысал етудің өзі артық болар. Бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің байрағының көкпен таласа желбіреуі де бірлік пен ынтымақтың арқасы. Сондықтан бірлігімізді берік сақтайық, ағайын!
Қаһар Дадашев,
Қызылорда облыстық өзбек
этномәдени бірлестігінің жетекшісі
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарық көрді. Мемлекет басшысының мақаласын оқығаннан кейін біз оның Қазақстанның өсу және қалыптасу кезеңдерінің барлығын қамтитын іргелі екендігі туралы қорытынды жасауға болады. Маған әсіресе мақалада Тәуелсіздіктің ең үлкен құндылығы екендігі туралы ойлар ұнады. Ең жоғарғы деңгейінде Отанымыздың тарихи сабақтастығын түсіндіру үшін дұрыс бағыттар берілді. Біздің жеріміздің тарихы ғасырлар бойына кетеді. Бүкіл әлем біздің территориялық тұтастығымыздың халықаралық шарттармен қамтамасыз етілгенін естіді. Келесі өте маңызды сөздер –экология жайлы. Біз өз жерімізге зиян келтіріп жатқанымызды мойындауымыз керек. Президент Көкжайлау, Кобейтуз көлінің экологиялық проблемаларын көтерді. Жас ұрпақты табиғатты құрметтеуге баулу бала кезінен қажет.Біз, мұғалімдер ата-аналармен бірге балалардың бойында өз жеріне, қоршаған ортаға деген құрмет сезімдерін күшейтіп қалыптастыруымызды жалғастырамыз. Соның ішінде мемлекеттік тіл бойынша жазған ойына тоқталдым. Басшымыз осы азаттық кезеңінде мемлекеттік тілдің дәрежесі артып, өзге этнос өкілдерінің арасында мемлекеттік тіл білушілердің үлесінің артқандығын айтып өтті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы тіл игеру үшін қазақтың үздік қаламгерлерінінің шығармаларын, сондай-ақ шетел жазушыларының туындыларын қазақ тіліне аударып, балалардың бойына сіңірту қажеттігін, мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы, міндеті екендігін, барша Қазақстанның халқына қазақ тілін меңгермеген отандастарына елдің бірлікте, ынтымақта болуы үшін мемлекеттік тілді үйренуге үндеу тастады. Мен президентіміздің айтқандарына толықтай қосыламын. Басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуі - бұл тағы да қосымша бір тілді білу білу дегенді білдіреді. Тілді меңгеру үшін басты нәрсе ол - зейін, сол тілді үйренемін деген адамда пейіл болу керек. Қоғамды біріктіруге мүмкіндік беретін барынша көп жалпы құндылықтарды құру - бұл мемлекеттің де, жалпы әрбір азаматтың да маңызды міндеттерінің бірі.
Өмір сүру,өсу үшін барлық жағдай және барлығына тең мүмкіндіктер жасалынды. Біздің ұлтаралық келісім саясаты бүкіл әлемге танылды. Біз осындай бірлікке негізделген халқымыздың үйлесімдігін бағалай білуіміз керек. Қазақ тілді республикамыздағы өзге этнос өкілдері мен қазақ халқын біріктіруші күшіне айналдырып, қазақ тілі мемлекеттік тілі ғана емес,ұлтаралық тілі болу керек.
Біз өз мемлекеттілігімізді саналы түрде бағалап, еліміздің жетістіктеріне шын жүректен мақтануымыз керек. Елдің әртүрлілігі мен бірлігі –біздің басты байлығымыз!!!
Нұралиева Динара,
«Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер
ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласы отандастарымызды өткен жолдарымызға нақты талдау жасауға, келешек бағыт – бағдарымызды айқындауға шақырған аса маңызды құжат болды. Төрт тараудан тұратын мақаланы мұқият оқып шығып, мемлекет басшысының кемел ойларына тағы да көз жеткіздік. Шынында есігін айқара ашқан биылғы жыл тарихи даталарға толы болғалы тұр. Оның ең бастысы – еліміздің Тәуелсіздігі жарияланғанына 30 жыл толады. Қасым – Жомарт Кемелұлы осы кезеңді үш онжылдық белеске бөліп, жүзеге асырылған орасан зор шаруаларды атап көрсеткен және алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеттеріне тоқталды.
«Таным мен тағылым» тарауында барша жұрттың, әсіресе жас ұрпақтың тарихи санасы айқын, әрі берік болуына назар аударды. Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажеттігін шегеледі. Құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырғаны дұрыс шешім болды. Осы тұрғыда айтарымыз – кино түсіргенде шетелдік мамандарды шақыруға әуестенбей өз ұлтымыздан шыққан жігерлі, сауатты тұлғаларды қатыстырған жөн болады.
Мемлекет басшысы 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа жүз жыл өткенін, әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толатынын, отыз жыл бұрын Семей полигонының жабылғанын атап көрсетіп, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау қажеттігін ұсынды. Мақалада келтірілген «Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді» деген пікір жұртшылықтың көңілінен шықты. «... Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» деп тайға таңба басқандай айқындады.
Президент мемлекет тілдің әлі күнге төрге шыға алмай отырғанына алаңдайтынын айрықша атап көрсетті және қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарға үндеу тастады. Шынында біз осы мәселе турасында немқұрайдылықтан арыла алмай келеміз. Таяуда облысымыздың Қазақстан халқы Ассамблеясының жиналысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстағы этномәдени бірлестіктерге грант тапсырды. Салтанатты басқосуда ұлты әзірбайжан Шахбаз Джамалов, татар қызы Эльвира Хабибуллина, ұлты украин Роза Долженко және басқалары оралымды ойларын қазақша жеткізді, қазақша әндер шырқалды. Ал біздің көптеген қаракөз бауырларымыздың ана тілімізге ынтасы кемшін. Ата – аналардың өз балаларын орыс мектебіне беруі азаймай отыр. Мақала авторының Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұны байыта түсу идеясы бізді қуантты.
«Ұлағат пен ұстаным» деп аталатын соңғы тарауда азаматтық қоғамды дамыту турасында ойлар ортаға салынған.
Жанғабыл Қабақбаев
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
облыстық ұйымының төрағасының орынбасары
***
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тәуелсіздік – бұл біздің халқымыздың ең басты құндылығы және ең маңызды байлығы» деп атап өтті.
Тәуелсіз еліміздің ертеңі – қазақ тілінде екенін назарға алып, «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп айтуға болады» дей келе, әрбір азаматтың қазақ тілін меңгеремін деген ниеті болса, ол өз мақсатына жететіндігін алға тартты.
Сондай-ақ, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларын, шетел жазушыларының таңдаулы туындыларын аударып, таратуды тапсырды.
Президентіміздің мақаласында айтылған осындай мағыналы ойлар жастарды ғылым-білім, тіл үйренуге шақырып, көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятуға жетелейді.
Өз басым білімге, қазақ тілін білуге деген құштарлығымның арқасында ұлан-ғайыр даланың тереңнен тартқан тарихына бойлап, қаншама толымды туынды, жыр маржанымен сусындап өстім. Дархан даланың данасы Абай өлеңдеріне деген қызығушылығым мектеп қабырғасында жүргенде оянды. Ойшыл ақын Абай Құнанбаевтың берер өнегесін бойыма сіңіріп келемін. Қазіргі күні Ұлы ақынның тәрбиелік арнаның қайнар көзі жатқан 200-ге жуық өлеңі мен бір поэмасын жатқа білемін. Бүгінгі таңда тіл білімінің қыр-сырына қаныға түсуге ынта жасап, болашақта қазақ тілін жас ұрпаққа үйретсем деген ниетім бар.
Елена Пак,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда Университеті
«Филология» факультетінің 3 курс студенті,
«Абай қазынасына саяхат» клубының үйлестірушісі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көптеген игі мәселелрді назарға алады. Бастысы, қазақ тілінің тағдырына алаңдап, үйренгісі келген әрбір жанның қолынан келетіндігін айтып өтеді. Мемлекет басшысы Отанымыздың өсіп-өркендеуі үшін қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғау және нығайту - әрбір Қазақстан азаматының және барлық саяси күштердің абыройлы міндеті екенін атап өтті.
Иә, ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздік – біздің құндылығымыз. Оның маңызын сараптап, қадірлей алу біздің ұлттық парызымыз.
Ақиқатында, Тәуелсіздіктің таңымен қазақ ұлтының тарихы, мәдениеті, тұтас руханияты түгенделе бастады. Экономикалық өрлеуіміздің өзі өзге елдерге өнеге болғандай деңгейге жетті.
Елбасы Қазақстан халқының өзіне артқан зор сенімін үлкен абыроймен атқарып шықты және қазір де миссиясын табысты жалғастыруда. Біздің тұтас мақсатымыз – Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін Мәңгілік ел құндылықтарын қастерлеп, оны болашаққа аманаттау.
Амангелді Қабылбеков,
Сайрам аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы
Президентіміз бұл мақаласында біздің көпұлтты мемлекетімізді бір бағытқа біріктіретін күш - мемлекетік тіл екеніне тағы да баса назар аударғанын атап кету керек. Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылықты арттыру басты міндет екенін еске салады.
Ол үшін біз жастарымыздың бойында тілді үйренуге деген құлшынысын бала кезден оятып, сол бағытта тың әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдану керек деп ойлаймын.
Көп тілмен қатар мемлекеттік тілді жетік меңгерген азаматтың мерейі үстем болатынын жастарға түсіндіріп, соған қол жеткізуге талпынған жастарға жағдай жасауымыз керек.
Наталья Дементьева,
Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының мүшесі,
гуманитарлық-техникалық лицейдің директоры
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын оқып шықтым. Мағыналы мақаладан ұғарымыз мол. Президент ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел қағидатын ұстана отырып, барша қазақстандықтарды татулық, бірлікке шақырады. Осы орайда ұлты мен нәсіліне қарамай, бар халықты бір тудың астына жинай алған Елбасының сындарлы саясатын көпке үлгі етеді.
Егемен, тәуелсіз Қазақ елінде жалпы адамзаттық құндылықтарға қол жеткізіп, біртұтас мәдени жүйе қалыптастыру үшін өткен жолымызды, шыққан биігімізді бағалай білуіміз қажет дейді. Өйткені өткенін бағалай білмейтін ел келешегін де болжай алмайтынын алға тартады.
«Бірлік те ерлік сияқты сын сағатта сыналады» дейді дана халқымыз. Еліміз пандемия салдарынан көптеген қиыншылықтарға тап болды. Дегенмен қазақстандықтар бұл қиын сәттерде ауызбіршілік, жанашырлық танытып, бір-біріне қолдан келген көмектерін аямады. Расымен, бірлік пен ынтымақ рухани құндылықтарды сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін аса қажет, сондықтан қазіргі заманда бұл әрбір қазақстандықтың парызы болуы тиіс деп ойлаймын.
Юсуп Саидов,
Қызылорда облыстық шешен этномәдени
бірлестігі жетекшісінің орынбасары
Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бүгінгі мақаласы мемлекеттік саясатты дамытудың негізгі бағыттарын ашып, еліміз үшін маңызды тарихи сәттерді қамтыды.
Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі ретінде Президент мақалаcында ҚХА-ның біздің еліміздің егемендігін дамытуға қосқан үлесіне үлкен назар аударғанын атап өткім келеді.
Біздің халқымыз басқа мемлекеттердің сыни пікірлеріне қарамастан көп ұлттың басын бір шаңыраққа біріктіре алды. Қазіргі кезде еліміздің ұлтаралық келісім саясаты бүкіл әлемге танылды.
Демек, біздің еліміздегі бейбітшілік пен достықты сақтау - бұл мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның парызы, және бұл әрқайсымыз үшін өте маңызды.
Зуфаров Ибрагим,
Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік
этномәдени бірлестігінің мүшесі,
Ақсақалдар алқасының төрағасы
Мақаланың тарихи маңыздылығы - Мемлекет басшысы өткеннің тағылымына жүгінеді, қазақ халқының ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі тарихи жолында, өзіндік мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің дамуы туралы ой бөледі. Мақалада мемлекет тұтастығын нығайту, тарих ғылымын дамыту, біздің қоғам өмірінде мемлекеттік тілдің рөлін арттыру бойынша бірқатар нақты шаралар бар екендігі өте маңызды, бұл бәрімізден көп жұмысты талап ететіндігі анық.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы өте маңызды, өйткені мақалада қазіргі Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының үш онжылдығын сипатталып, бәсекеге қабілетті мемлекеттің 4-ші онжылдығының басты мақсаттары айқындалған. Мемлекет басшысы алға қойған жаңа ауқымды міндеттер халқымызға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін.
Зайнутдинов Абдурахман
Тараз қаласы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы,
ҚХА мүшесі
Иә, тәуелсіздік бәрінен қымбат. Ел Президенті өз мақаласында осы тіркесті басты назарға ұстайды. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтіледі. Жалпы тарихты қарастыратын болсақ, 30 жыл өте аз уақыт, бірақ біздің елімізде осы уақыт ішінде қаншама істер жасалды. Тәуелсіздіктің 30 жылы дегеніміз не? Ол елдің бейбіт өмір сүругеніне, сауатты және дана мемлекеттік саясаттың жүргізілгеніне, табысты экономикалық дамуға, әлеуметтік саланы дамыту мен жетілдіруге, әлеуметтік дамудың барлық маңызды көрсеткіштерінің тұрақты өскеніне, қазақ жеріндегі бейбітшілік, бірлік пен келісімге 30 жыл толды деген сөз.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде біз көп нәрсеге қол жеткіздік, бірақ ең бастысы, менің ойымша, бұл - ұлтаралық келісім мен Қазақстан халқының ұлттық бірлігін сақтау. Бұл ретте, әрине, өткен жылы 25 жылдығын атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы ерекше рөл атқарады. Ассамблея елде тұратын барлық этностарды бір шаңырақ астында біріктіретін мекемеге айналды. Ассамблея халықаралық мәдени интеграцияны алға тартты, мемлекеттің жан-жақты дамуына негіз болды, өйткені елдің жетістігі көбінесе қоғамдағы бейбітшілік пен өзара түсіністікке байланысты.
Халиков Амир,
Жамбыл облыстық «Айнұры» татар-башқұрт
этномәдени бірлестігінің төрағасы
Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Осы жылдар ішінде еліміз талай белестерді бағындырып, алдына жаңа мақсаттар қойды. Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміз бен құндылықтарымыз жайлы айтылған. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: "Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз" - деген еді. Шынымен де, тұрғындардың тұрмысы жақсы болса, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстары да мол болмақ. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғай алатындығын жеткізді. Менің ойымша, әділетті мемлекет дегеніміз - осы.
Гюлага-Векилоғлы Рзаев
"Намус" әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы
***
«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын оқып ерекше әсер алдым.
Қазақ халқының сан жылдық рухани мұрасын, асыл қазынасын төл тілімізде оқып білуге аса құштар жас буын өкілі ретінде маған Президентіміздің: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», - деген сөздері қатты ұнады.
Бұл сөздермен еліміздің ертеңі қазақ тілімен тығыз байланысты екенін жақсы ұғынатын әрбір саналы азамат толық келіседі деп білемін. Сонымен қатар мемлекет басшысының осы мақаласындағы: «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі», - деген сөздері елін, жерін, туған үйі мен Отанын шын сүйетін, оның болашағына алаңдап, дамуына қажырлы еңбегімен зор үлес қосып келе жатқан жандарға берілген лайықты баға деп ойлаймын.
Вебер Владислав,
"Қоғамдық келісім" КММ жанындағы
мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының мүшесі
Қазақтың сайын төсінде қонақжайлық пен бауырмалдықты, кеңдік пен дархандықты сезініп өскен қазақ халқы қашанда ешбір жан баласын жатсынбай, бауырына басты.
Қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай бүгінгі жарияланған ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздігіміз бәрінен қымбат» атты мақаласында «Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан» деп атап өткеніндей, барлық ұлттың басын қосқан тәуелсіз қазақ жерін бүгінде 150-ге жуық ұлт пен ұлыс мекен етсе, мұнайлы астанамыз Атырауда 80-ге жуық түрлі ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп жатыр.
Халықтар достығын дәріптеген Атыраудың Достық үйінде 20 этномәдени бірлестік өңірдегі қоғамдық маңызы зор іс-шараларға белсенді атсалысып, басты байлығымыз – ел бірлігі жолында аянбай тер төгіп келеді.
Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына сыйластықпен қарайтын этномәдени бірлестік өкілдері жыл сайын «Қазақтану» бағдарламасы аясында түрлі фестивальдер мен мәдени іс-шаралар өткізсе, «Қайырымдылық» акциясы бойынша қайырымды істер жүргізіп, мұқтаж жандарға көмек көрсету дәстүрге айналған. Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуда атқарылған іс-шаралар да баршылық. Қоғам үшін пайдалы істерімен көрініп жүрген бірлестік өкілдерінің игі істері көпшілікке аян.
Солардың бірі – Атырау облысы ҚХА «Былина» орыс этномәдени бірлестігі. «Былина» бірлестік ұжымының игілікті істері көпке үлгі боларлықтай.
Жарты ғасырға жуық тарихы бар Атырау қаласының зерттеу жұмыстарымен және іздеу жұмыстарымен айналысып келе жатқан бірлестік өкілдері бүгінде тың зерттеулердің куәсі болды.
Бірлестік ұжымының халқымыз үшін көрсеткен қайырымдылық істері де аз емес.
Сондай-ақ, Мемлекеттік тілді білу – азаматтық парызымыз деп санайтын бірлестік жетекшісі Андрей Кораблевтің айтуынша, қазақ жерінде тұратын әрбір ұлт өкілі қазақ тіліне құрметпен қарауы тиіс.
Өңірдегі айтулы жоғары оқу орындарының бірі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетімен тығыз байланыста жұмыс атқарып отырған «Былина» бірлестігі осыған дейін аталған оқу орнында «Орыс тілі, әдебиеті мен мәдениеті» кабинетін ашқан болатын.
«Осы жылы «Қазақ тілі,әдебиеті және мәдениеті» кабинетін ашу жоспарымызда бар. Оның ішінде «Қазақша сөйлесеміз» клубы, «Қазақ тайм» бағыттары бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сөйтіп, қазақ тілін меңгерем деген бауырларымызға жағдай жасаймыз әрі өзіміз де үйренетін боламыз» деп, бірлестік жетекшісі қазақ тіліне бей-жай қарамайтынын білдірді.
Міне, осының өзі ана тілімізге деген құрмет деп білемін.
Ендеше, ынтымағы жарасқан тәуелсіз қазақ жерінде әрбір азамат елдігіміз бен тәуелсіздігімізді паш етіп, бейбіт өмір сүруімізге өз үлесін қосса, бауырмалдығымыз бекіп, тұрақтылығымыз нығая түсері анық.
Жанар Ильясова,
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы
«Қоғамдық келісім» КММ басшысы
Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат!
Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жыл басындағы алғашқы жариялаған мақаласында да киелі Тәуелсіздігіміздің қасиетін баса айтқан. Сондай-ақ, Тәуелсіздігімізді айғақтайтын Ана тіліміздің құдіреті, қазақ халқының дархандығы мен кеңдігі туралы зерделі ойларға кеңінен тоқталған.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, баянды болсын! Әрқашан күн сөнбесін! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!
Ақжібек Керімбайқызы,
Атырау облысы ҚХА Индер аудандық
Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі
Кең байтақ даласы әр қазақтың дархан көңіліндей, тұғырлы көк байрағымыз, заңғар да мәртебелі еліміздің – Тәуелсіз Қазақстан атанғанына биыл 30 жыл толады.
Осы өткен жолдағы атқарылған табысты еңбектер, жетістіктер Елбасының даналығы мен халқымыздың бірлігі, парасаттылығының айғағындай.
Тәуелсіздік әр саналы адамның ұғымында біржола сақталып, жатталып қалуы тиіс!
Бұрын ескерілмеген тарихи деректеріміз тәуелсіздік тұсында анықталады, бұл да жетістік, дегенмен келер ұрпақтың санасына Тәуелсіздік ұғымының түп тамырын әлі де ізденіп, тарихи саласы айқын әрі берік болуы керектігін Президент Қасымжомарт Тоқаев өз мақаласында ерекше атап көрсетті. Тәуелсіздік ең басты құндылығымыз!
Мустахима Исаинова,
Атырау облысы ҚХА Жылыой аудандық
Аналар кеңесінің төрайымы
Дәл осы атаумен жаңа жылда Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының халыққа жаңа үндеуі жарық көрді. Мақаламен толық таныса отырып, тәуелсіздік жылдарының жарқын жетістіктерін санамда тағы бір жаңғыртқандай болдым. Қасым-Жомарт Кемелұлы мақалада тұғырлы тәуелсіздік жылдарын үш онжылдыққа бөліп, «әр қайсысы ғасырға татыйды» деп ерекше сипаттап өткен.
Шынымен-ақ 30 жылда жаңа елордасы бар, 130-дан астам ұлт пен ұлысты татулықққа ұйыстырып, мемлекеттік валютасы мен рәміздерін, құрлық пен теңіздегі шекарасын халықаралық аренада анық белгілеп, тамырлы тарихын тереңнен зерттеп, тарыдай шашылған халқын бір шаңырақ астына жинаған мемлекет саусақпен санарлық.
Мақаладағы қоғамдық сан мен қоғамдық құндылықтар туралы талқыланған тұс ерекше ой салды. Президентіміз «жер біздікі деп кеуде керу» емес, сол жердің қадірін түсініп, табиғатын қорғап, уыстай жер үшін талай азаматтық жан пида болғанын ұмытпай, тоқымдай жердің біз үшін қымбат екенін санада сақтау керек екенін нақты атап өтті. Мақалада жастар мәселесі де тыс қалмады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Президенттік кадр резерві» мен «Президент жанындағы Жастар кеңесі» қызметін жандандыруды, азаттық жылдарында дүниеге келген жалынды жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынды. Бұның барлығы болар баланың белін бекем буып, болашақта еліне қызмет етуіне жасалатын ең үлкен инвистиция.
Ойымды қорытындылай келе, тұғырлы Тәуелсіздігіміз мәңгілік, іргеміз берік болсын дегім келеді.
Светлана Жанғалиева,
Атырау облысы ҚХА Индер аудандық
Аналар кеңесінің төрайымы
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне 2021 жылғы алғашқы мақаласын ұсынды, онда Қазақстан халқы Ассамблеясының «тиімді жұмысы» көп ұлтты Қазақстан Республикасында бірлікті нығайту мен бейбітшілікті сақтауда үлкен рөл атқарғаны туралы жазды.
Жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқының бірлігін бағалауға үндеп, «ешкімді ұлтына қарап, бөле-жарған жоқпыз. Бәрінің өсіп-өнуіне толық жағдай жасадық, бірдей мүмкіндік бердік» деп атап өтті.
Ширек ғасыр бойы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған бейбітшілік, келісім мен бірлік идеялары өзектілігін жоғалтпай, Қазақстанның қарқынды тұрақты дамуының негізіне айналды. Ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау жөніндегі мазмұнды ой ауқымды жоба, қоғамдық-мемлекеттік әріптестіктің белсенді институты — Қазақстан жерінде тұратын түрлі діни сенімдер мен мәдениеттер өкілдерін біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясына айналды.
Түмен облысының қазақтары үшін Ассамблея екі мемлекет – Ресей мен Қазақстанның көп ұлтты халықтарын байланыстыратын жіпке айналды. Осыдан он жыл бұрын, 2011 жылы Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы мен Солтүстік Қазақстан халқы ассамблеясы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Уағдаластықтар Қазақстандағы орыстардың, Ресейдегі қазақтардың этномәдени өзіндік ерекшеліктерін сақтауды қолдау жөніндегі екі жақты үдерістің басын бастады, сондай-ақ ұлтаралық келісімді, екі ел халықтарының достық дәстүрлері мен тату көршілігін нығайту жөніндегі бірлескен жобаға серпін берді.
Қазақстанның көп ұлтты халқының этномәдени бірегейлігін, ұлтаралық бейбітшілік идеяларын сақтау сынды Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының негізгі қағидаттары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және ішкі саяси тұрақтылығына мүмкіндік берді, сонымен қатар Ресей қазақтарының кең қолдауын табуда. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығына, тату көршілік қарым-қатынастарды қолдауға, екі мемлекет халықтарының мәдениеті мен дәстүрлеріне өзара қызығушылық танытуға жақсы ықпал етеді.
Ресейде «Ресей халықтарының Ассамблеясы» жалпы ресейлік қоғамдық-мемлекеттік ұйымы құрылып, жұмыс істеуде. Ассамблеяның Ресейдегі және Қазақстандағы белсенді қызметі ұлтаралық қатынастарды үйлестіру, мемлекеттердің ішінде де, сондай-ақ Ресей мен Қазақстан арасындағы екі жақты өзара тиімді ынтымақтастық деңгейінде де халықтардың этномәдени және тілдік әртүрлілігін сақтау саласында үлкен перспективаларға жол ашатынына сенімдімін.
Есенғалий Ибраев,
Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы президиумының мүшесі
Ұқсас жаңалықтар
-
ҚХА ҒЫЛЫМИ-САРАПШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
-
ҚХА-НЫҢ «БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ЖОЛЫМЕН» ХАЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ – ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА
-
ҚХА Ақсақалдар кеңесі "Тоғызқұмалақ" қалалық жарысын ұйымдастырды
-
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың Республика күнімен құттықтауы
-
ҚР мемлекеттік наградаларымен және ҚХА қоғамдық наградаларымен марапатталған ҚХА мүшелерін құттықтаймыз!
-
Республика күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен активін салтанатты марапаттау рәсімі
Ұқсас жаңалықтар
-
ҚХА ҒЫЛЫМИ-САРАПШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
-
ҚХА-НЫҢ «БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ЖОЛЫМЕН» ХАЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ – ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА
-
ҚХА Ақсақалдар кеңесі "Тоғызқұмалақ" қалалық жарысын ұйымдастырды
-
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың Республика күнімен құттықтауы
-
ҚР мемлекеттік наградаларымен және ҚХА қоғамдық наградаларымен марапатталған ҚХА мүшелерін құттықтаймыз!
-
Республика күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен активін салтанатты марапаттау рәсімі