Қазақстан халқы Ассамблеясы

15 Желтоқсан, 2021

436

ҚХА мүшелері ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтайды

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жылдық мерейтойына орай ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік төрағалары, Аналар кеңесінің өкілдері жүрекжарды тілегін арнайды.


Тәуелсіздік-асқақ арманымыз еді, баһадүр бабаларымыздың теккен тері еді

Тарих талайын өткеріп, небір аумалы-төкпелі заманды көрген халқымыз асқақ рух пен жігердің, бірлік пен келісімнің, меймандостық пен тұрақтылықтың арқасында, шүкір, бүгін әлем елдерінің алдында өзін мойындатты.

Менің тәуелсіз еліме келіп, жетістікке жеткенім, құшағын жайған айналайын халқым мен еліміздің Тұңғыш Президенті- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауының арқасы деп айтар едім. Сонау 1993 жыл Моңғолия елінің астанасы Ұланбатыр қаласында Елбасының алдында арнау айту бақыты бұйырды. Ол кезде театрға жұмысқа жаңадан орналасқан қызбын. Бір жағынан қорықтым, бір жағынан толқыдым, қолыма домбырамды алып, арнауды айттым. Ән айтып тұрып, Елбасының көзінен мөлдіреген жас байқадым. Айтқан арнаудың, мүмкін ұлтына деген махаббаты, мүмкін елдің назы әсер етті ме?. Содан ол кісі қолымнан алып «бақытты бол» деп батасын береді. «Елге қайтсаңшы. Халқыңа, еліңе, жеріңе қажетсің» ,-деді. Көзінен мейірім шуағы мен парасаттылықты анық байқадым.

Сөйтіп өзінің шақыртуымен атамекенге елге келдім. Елдің жақсылығын көрдім, өстім, өндім. Осында келіп балалы-шағалы болдым. Өнер және қоғамдық саласында еңбек етіп жатырмын.

Атажұртыма келіп, Тәуелсіз елімнің мәдениетіне үлес қосып, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атандым. Бүгінде Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының Қарағанды облысы бойынша филиалының төрайымымын. Әлем қазақтарымен, қандастарыммен тығыз байланыстамын. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатыстым. Құрылтайға әлемнің бірнеше елінен делегаттар, оған қоса Қазақстанның барлық облыстарынан зиялы қауым өкілдері келді.

Бүгінде егемен ел, тәуелсіз мемлекет болып ту тігіп отырған Қазақстан Республикасы – қазақ атты халықтың төрткүл дүниедегі бірден-бір Отаны, арқа сүйер сүйеніші. «Мен үшін елімді дамыған мемлекеттердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ», – деп Тұңғыш Президентіміздің өзі айтқандай, кеше ғана Қазақстан деген мемлекетті естіп, көрмеген елдердің алдында бүгінде қай-қайсы да ардақ тұтатын елге айналдық. «Әлемдегі бар қазақ – бір қазақ», – деген Елбасының сөздері қанат бітіріп, мерейімізді көтерді. Шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанда білім алуларына бар жағдай жасалған. Қазір олар грант арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында оқи алады.

Мен бағы жанған адаммын. Туған жерімде өмірлік жарымды тауып, шаңырағым шаттыққа толды. Мені көп балалы ана деген құрметті атқа лайық еткен ұрпағым алаңсыз өсіп келеді. ҚАЗАҚ ЕЛІМЕ МЫҢ АЛҒЫС!

Меруеш Башай,

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қарағанды облысы филиалының

төрайымы, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы

Аналар кеңесінің мүшесі

***


«Тәуелсіздік – қасиетті ұғым, аңсаған азаттықтың тұғыры»

Бұл біздің сан ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған, тәуелсіздікке қол жеткізу, қазақ ұлтының өз Отанын құру мақсатында талай ауыртпалықтарды бастан кешіп, батырларымыздың қайтпас қайсарлығы мен ерен ерлігінің арқасында жеткен бостандығымыз.Тәуелсіздік үшін жанын қиған батырларымыздың ерлігі мәңгі ел есінде болмақ, иіліп тағзым етеміз.

Тәуелсіздік алудың бір қадам алдындағы кезең менің студенттік жастық шағым. Ол кезде текті, намысшыл, патриот жастарымыз көп болатын. Ата-бабамыздың көкейінде кеткен азаттықтың туын желбірету – сол ызғарлы желтоқсан оқиғасына тұспа-тұс келгендей.

Тәуелсіздіктің баға жетпес байлық екенін ұғынып, осыны қоғамға, жастарға түсіндіруді алдыма мақсат етіп қойдым және сол мақсатқа жету үшін аянбай еңбек ету қажет деп білдім. Сол жолда ұстаздық қызметімді атқарып, балаларға саналы тәрбие мен сапалы білім беріп келемін. Әл-Фараби бабамыздың: «Адамға ең бірінші тәрбие берілуі қажет, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген сөзін ұран ете, жастар бойына тәрбиені сіңіруде, патриоттық сезімді күшейтуде түрлі кездесу сұхбаттарын, іс-шараларды ұйымдастырып отырамын.

Қазіргі таңда жылдар бойы мектеп директоры, аналар кеңесінің төрағасы қызметіндемін. Өзім қарапайымдылықты сүйемін. Бұйыру емес, бірігу, бірлесіп жұмыс жасауды басты міндет етемін. Ең бастысы, қарапайымдылық, адамгершілікті бойыма сіңіріп, елім деп еңбек етуде еш аянған емеспін. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен аналармен тығыз жұмыс жасап, әр түрлі мәселелерге байланысты кеңес беріп, қолдау білдіру, мұғалім, оқушы, ата-анамен тең, ашық қарым-қатынас орнату – басты мақсаттарымның бірі.

Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Осы аралықта мен қандай қызмет еттім? Еліме қосқан үлесіме берер бағам қалай? деген сұрақтарды өз-өзіме жиі қоямын. Бұл сұрақтар әрбірімізді толғандыруы тиіс. Алдағы уақыттарда Тәуелсіздігіміздің мәңгі болуы үшін жастардың бойынан қайсарлық пен намысшылдықты дамыту өте қажет. Бұл жолда ұстаздар мен ата-ананың балаға берер тәрбиесі алғашқы орында. Соның ішінде, әйелдер қауымын ерекше атап кетер едім. Бауыржан Момышұлы атамыздан бір кісі жер бетінде ең батыр адам кім екенін сұрағанда, ойланбастан қыз баласын атап айтады. Оның мəнісін сұрағанда, былай деп жауап беріпті: – Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағатта тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады. Қаймықпастан сол елдің ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мəңгі билейді, – деген екен. Бұдан шығатын қорытынды, қазақтың патриот жас ұрпақтарын тәрбиелеп, қазақтың ұлы азаматтарының шығуына аналарымыздың рөлі аса зор болмақ.

Сөзімді түйіндей келе айтарым, «Тәуелсіздік» ұғымын тереңінен ұғынып, тыныш, бейбіт күндерде өмір сүруіміздің мәнін әрқайсымыз жүрек түкпірінде сақтап, қадірін түсіне білейік! Әрбір қазақ отбасында елім деп еміреніп тұратын азаматтарымыз толастап, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, баянды болғай!

Эльмира Иманбердиева,

Алматы облысы Текелі қаласының аналар кеңесінің төрағасы

Кейін қарай