Қазақстан халқы Ассамблеясы

17 Наурыз, 2016

1250

Маңғыстаулықтар Амал мейрамын тойлады

Береке мен бірліктің мейрамы «Амал мерекесін» биыл барша маңғыстаулықтар Отпан тау басына жиналып сән-салтанатымен атап өтті. Биылғы амалдың ұйымдастырушылары Қосай ата ұрпақтары.

Тағылымды іс-шара барысында «Амал келді - Жыл келді» театрландырылған қойылымы қойылып, концерттік бағдарлама, «Менің Маңғыстауым» атты фото және ұлттық киімдер көрмесі, құнан бәйге, аламан бәйге, тай жарыс, қазақша күрес, жыршы-термешілер сайысы, ақындар мүшәйрасы сынды іс-шаралар ұйымдастырылды. Биылғы амал мерекесіне Республиканың түкпір-түкпірінен және Италиядан арнайы қонақтар келді. Тағылымды іс-шарада жиналған халық қол алысып амандасып, төс қағыстырды. Жалпы, көрісу күнінің басты ерекшелігі де осында. Жасы кіші адам жасы үлкен ақсақал, әжелерге барып арнайы көріседі. Бұл өз кезегінде сыйластықтың белгісі болып табылады.

Әсем декорациялармен безендірілген сахна төрінде өнерпаздар «көрісу», «беташар», «бесікке салу», «тұсаукесер» сынды қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін көрсетті.

Отпан тау басында мерекеге орайластырып 60-тан аса ақшаңқан киіз үйлер тігілді.  Іс-шараға 7000 мыңдай адам жиналды.

Қонақтар мен мұнайлы аймақ тұрғындарын Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев құттықтады.

-Біз жыл сайын дәстүрлі түрде ата-бабадан келе жатқан Амал мерекесін тойлаймыз. Халықтың басты құндылығы – Отанға деген махаббатты, өзара татулығы мен бірлігі. Біз осындай ұлттық дәстүрлерімізді ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып береміз. Бүгін біз «Ұран отын», «Бірлік отын» жақтық, Барлығыңызға бірлік пен татулық тілеймін, - деді ол.

Жиналған халықты этномәдени бірлестік өкілдері де құттықтады. Олар өз кезегінде би билеп, ән айтып, жұртшылыққа керемет көңіл-күй сыйлады.

-Бүгін біз барша маңғыстаулықтарды, қазақстандықтарды жыл бастауы болып табылатын Амал мейрамамен құттықтадық. Ұйымдастырушылар мерекені жақсы ұйымдастырған. Мұндай іс-шаралар бізді өзара жақындастыра түседі деп ойлаймын. Біз осындай мейрамдар арқылы бір-біріміздің мәдениетіміз жайлы мол мағлұмат аламыз, - дейді республикалық «Қазақстан кәрістері ассоциациясының» Ақтау қалалық филиалының өкілі Александра Башкатова. 

Іс-шара соңында қонақтарға шапан жабылып, сый-құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, ұлттық спорт ойындарының жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталды.

Алыстағы ағайынмен туысқандықтың тамырын бекіту, елдің береке-бірлігін тілеу мақсатында өткізілген іс-шара ойдағыдай өтті.

   

   

   

МО ӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай