Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Тамыз, 2022

726

Медиация туралы сұхбат

Медиация - жанжалға мүдделі емес үшінші тараптың қатысуымен дауларды бейтарап және әділ баламалы реттеу нысаны болып табылады.

Соңғы уақытта медиацияның танымалдығы артып келеді. Оның жаңа түрлері пайда болады. Мектеп медиациясы дамыды. Дәстүрлер мен тарихи мұраны ескере отырып, этномедиация жұмыс істей бастады.

Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистер клубының медиация және оны Солтүстік Қазақстанда ілгерілету туралы сұрақтарына аймақтағы танымал заңгер-практик, медиатор, "Содружество "Солтүстік Қазақстан медиация және Құқық Орталығы" ҚБ төрайымы Галина Анатольевна Пехотина жауап береді.

- Қазақстанда медиацияның пайда болуына не себеп?

- Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылдың 28 тамыздағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында жеке-құқықтық жанжалдар тараптары арасындағы ымыраға қол жеткізудің алуан түрлі жолдары мен тәсілдерін сот тәртібімен де, соттан тыс та, оның ішінде медиация тәртібімен де бекіту қажеттігі көрсетілген.

2011 жылдың 28 қаңтарында "Медиация туралы" Заң қабылданды, ол Қазақстанның бүкіл құқықтық жүйесі үшін маңызды оқиға болды. Қазақстан тарихында алғаш рет құқықтық кеңістікте жауапкершіліктің жаңа түрі немесе міндеттемені қамтамасыз ету тәсілі емес, адам құқықтарына, бостандықтарына және адамның өзіне деген құрметін арттыруға, өркениетті азаматтық және тұлғааралық қатынастарды қалыптастыруға, әлеуметтік және өзге де жанжалдарды шешуге арналған қоғамдық сананы нығайтуға бағытталған жаңа құқықтық институт пайда болды.

Медиация-құқықтық мәдениеттің қажетті элементі, медиацияны қоғамдық қатынастарды реттеуде кеңінен қолдану-азаматтық қоғамға көшудегі маңызды қадам. Медиация азаматтардың жауапкершілік сезімін, олардың іс-әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіну және қабылдау мәдениетін арттырады.

- Қазақстандық медиаторлардың қызметі қандай нормативтік-құқықтық базамен реттеледі?

Қазақстан Республикасының 28.01.2011 ж.№401-1V өзгерістер мен толықтырулар енгізілген "Медиация туралы" Заңы медиатордың негізгі құжаты болып табылады, аталған заңға соңғы өзгертулер Қазақстан Республикасының 2021 жылдың 20 желтоқсанында енгізілді. Бұдан басқа, медиацияға байланысты мәселелер Қазақстан Республикасының Азаматтық және Қылмыстық кодексінде, Азаматтық-процестік және қылмыстық-процестік кодексінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде бекітілген. Әрине, кез келген құқықтық іс-әрекеттің негізі Қазақстан Республикасының Конституциясы болып табылады.

- Медиацияның негізгі принциптері қандай?

- Дауласқан тараптар үшін медиация рәсімі олардың қажеттіліктері мен мүдделеріне сай келетін келісімге қол жеткізуге мүмкіндік береді, іс-қимыл жасаудың белгілі бір шарттары мен ережелері, іс-қимыл кезектілігі, фазалары бар, сондай-ақ мынадай қағидаттарға негізделеді: еріктілік, құпиялылық, өзара құрмет, тараптардың тең құқықтылығы, медиатордың бейтараптылығы мен әділдігі, медиация рәсіміне араласуға жол бермеу.

- Қандай жағдайларда медиация қолданылуы мүмкін?

- "Медиация туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бөлімінің 1-бабында медиацияны қолдану аясы айқындалған.

Медиацияның қолданылу саласы жеке және (немесе) заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу барысында, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) болып табылады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе ауыр қылмыстар және Атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастарда қолдану қарастырлған.

- Медиация сот талқылауынан несімен ерекшеленеді?

- Медиация тараптардың бірінің мүдделеріне сөзсіз нұқсан келтіретін юрисдикциялық шешімді әзірлеуге бағытталмаған. Медиацияға жүгінген жағдайда сайыскерлік пен бәсекелестіктің жолы кесіледі.

Дауласушы тараптар сотқа жүгінбей тұрып, сондай-ақ, даудың интимдік детальдары бұқаралық ақпарат құралдары, құқық қорғау органдары, сот жүйесінің жария ақпараттарында жарияланбай тұрып, бейтарап және дауға мүдделі емес медиатордың мүмкіндіктерін соттан тыс тәртіппен пайдалану өте маңызды.

Жанжалдың (даудың) тез аяқталуына медиатор мен тараптар мүдделі.

Медиатор тараптардың әрқайсысымен жеке-жеке тілдесіп, бірлескен кездесулердегі дәлелдер мен шағымдарды талдай отырып, жанжалды реттеу және дауды шешу үшін дауласушы екі тарапқа да тиімді ортақ шешімді табуға көмектеседі.

Медиация рәсімінің нәтижесінде қол жеткізілген, медиативтік келісімге қол қою арқылы ресімделетін, тараптар үшін өзара тиімді кез келген шешім мәміле-ымыраға келу болып табылады. Шешімді Тараптар ерікті түрде орындайды.

- Медиаторлардың қызметі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары тарапынан бақылана ма?

Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабына және 8-1-бабына сәйкес уәкілетті органның функциялары анықталған.

- медиация саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;

- медиаторлар ұйымдарының қызметін үйлестіреді;

- өз құзыреті шегінде медиация мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

- Қазақстан Республикасының Медиация туралы заңнамасына құқықтық мониторинг жүргізеді;

- медиация саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

- Медиация жүйесінің жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз етеді;

- медиаторлар ұйымдары туралы, медиацияны қолдану тетіктері, негіздері мен шарттары туралы халықты хабардар етуді қамтамасыз етеді;

- медиаторлар ұйымдарының тізімін жүргізеді;

- осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Бұдан басқа, 2018 жылдың 28 сәуірінде Мемлекет басшысы "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" ҚР Заңына толықтыруларға қол қойды, оған сәйкес Заңның 6-бабының 14-1) тармақшасында Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы медиация институтын дамытуға жәрдем көрсетеді делінген. Осыған сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста жұмыс істейді, бірлескен іс-шаралар өткізеді, қоғамдық медиаторларды оқытады.

- Сіз медиатор болып жұмыс жүргізіп жатқаныңызға қанша уақыт болды?

- Заң күшіне енген сәттен бастап медиацияның басы қасында болып келемін.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 3 шілдедегі №770 қаулысымен медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өту қағидалары бекітілді. 2011 жылдың қараша айында оқудан өтіп, "Жалпы медиация курсы", "Мамандандырылған медиация курсы" сертификаттарын алып, жұмысқа кірістім. 2013 жылы медиаторлар жаттықтырушыларын даярлау бойынша оқыту курсынан өттім. Бүгінгі таңда медиаторларды дайындау бойынша оқыту тренингтерін өткіземін.

- Жеке тәжірибеңізде кездескен қызықты жағдайлар туралы айта аласыз ба?

- Бұл өте күрделі мәселе, өйткені құпиялылық принципіне сәйкес менің жария етуге құқығым жоқ. Тіпті медиацияға жүгінген тараптардың атын атап түсін түстемеген күнде де, олар өздері туралы айтылып жатқанын бірден түсініп қояды.

Бұдан басқа, жүргізілген әрбір медиация рәсімі негізінен қызықты және әр бірі өз алдына ерекше болып табылатынын атап өткім келеді, өйткені әрбір медиация рәсімінің артында жанжалды, келіспеушіліктерді өз бетінше, әрине, медиатордың көмегімен және қатысуымен шеше алған және теріс, астыртын және реніштен арылып, өмір сүруді жалғастыратын адамдар тұрады.

Біздің жұмысымыздағы ең риза болатын жеріміз бір-бірін көргісі келмейтін, тіпті, сөйлесе алмайтын тараптардың ымыраға келіп татуласуы, медиация рәсімінен кейін олар дау-жаңжалдарын тоқататып, қол алысып бірге кетеді.

- Солтүстік Қазақстан облысының ең табысты медиаторлары ретінде кімдерді айтар едіңіз?

- "Содружество" Солтүстік Қазақстан медиация және құқық орталығы " ҚБ 2013 жылдан бастап жұмыс істейді, Қазіргі уақытта кәсіби медиаторлар қатарында 12 медиатор бар. Біздің медиаторлар кәсіби мамандар екенін, өте жақсы жұмыс істейтіндігін атап өткім келеді, үнемі өзінің кәсіби деңгейін арттырып, күрделі медиация рәсімдерін жүргізетін кәсіби медиатор Туралинов Амангелді Найманұлының жұмысын ерекше атап өтемін.

- Біздің өңірде медиация қаншалықты дамыған? Солтүстік Қазақстан облысында медиацияның болашағы бар ма?

- Біздің медиация саласы даму үстінде деп есептеймін, кәсіби медиаторлар үшін де, қоғамдық медиаторлар үшін де барлық жағдай жасалған. Әрине, бұдан да жақсы даму перспективалары бар.

- Медиатор болғысы келетін заңгер не істеу керек?

- "Медиация туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 4-тармағына сәйкес жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады.

- Галина Анатольевна, 29-шілде Медиация күні қарсаңында сіз солтүстікқазақстандықтарға, атап айтқанда, заңгерлердің жас буын өкілдеріне және жаңа бастаған медиаторларға қандай кеңес бересіз?

- Жаңа бастаған заңгер мен медиаторға кәсіби қызметін табысты бастауына тілектестігімді білдіремін, сонымен қатар, егер қаласа Біздің "Содружество "Солтүстік Қазақстан медиация және Құқық Орталығы" ҚБ-да кәсіби медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша даярлықтан өтуге кеңес беремін.

Сұхбаттасқан Солтүстік-Қазақстан облысы

Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистер клубының мүшесі

Базарбаев Б. К.

Кейін қарай