Қазақстан халқы Ассамблеясы

27 Наурыз, 2023

88

«Мектеп медиациясы» тақырыбындағы шеберлік сабағы

27 наурыз күні Атырау облысы ҚХА «Медиация» кабинетінің ұйымдастыруымен «Мектеп медиациясы негіздері. Медиацияны жанжалдарды шешу әдісі ретінде қолдану» тақырыбындағы төрт күндік шеберлік сабағы бастау алды.

Мектеп медиациясының маңызы мен қажеттілігі – қазіргі таңда басты тақырыптардың бірі. Шеберлік сабағының бірінші күні түске дейін Атырау қаласына қарасты селолық округ мектептері арасында №25 Б.Момышұлы атындағы орта мектебінде өтсе, түстен кейін №18 Х.Доспанова атындағы орта мектепте жалғасын тауып, қала мектептерін қамтыды. Шараға аталған мектеп мұғалімдері, психологтар және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Шеберлік сабағының модераты, медиатор Н.Тулегенова мен Шымкент қаласынан арнайы шақырылған тренер-медиатор, «Республикалық медиаторлар қауымдастығы» ЗТБ президенті Н.Оразқұлова қатысушыларға мектеп медиациясының қыр-сырын түсіндірді. Белсенді қатысқан ұстаздар еңбек жолында кездескен оқиғаларымен бөлісіп, мектептегі жиі кездесетін дау-жанжалдарды атап өтті. Қатысушылар теориялық мәліметтермен қатар, тәжірибе жүзінде де алған білімдерін сынап көрді: арнайы жағдаяттық тапсырмалар орындап, дауласқан екі тарапты татуластыруға тырысты. Шара соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Айта кетейік, шеберлік сабағы Ж.Қаражігітов атындағы №16, Махамбет ауданы Жалғансай орта мектебі, С.Мұқанов атындағы №10, М.Отаралиев атындағы орта мектептерінде 30 наурызға дейін жалғасын таппақ.


Кейін қарай