Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Наурыз, 2020

915

Нұрсұлтан Назарбаев: Наурыз айының еліміздің Тәуелсіздік күнтізбесінде ерекше орны бар

«Құрметті қазақстандықтар! Наурыз айының еліміздің Тәуелсіздік күнтізбесінде ерекше орны бар. Біз көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту күнін атап өтеміз. Сонымен бірге, бұл - Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы шуақты көктем айының еншісінде. Қымбатты әйелдерімізді де мерекесімен наурыз айында құттықтаймыз. Осы ізгі оқиғалардың бәрі Қазақстан халқын біріктіре түседі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осыған бағытталған.

Біз елдің бірлігі мен мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында барлық сынақтардан абыроймен өттік. Ел иесі қазақ халқының маңына ұйысқан барша этностар оны жоғары бағалайды. Бүгінде Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында «Қазақ еліне мың алғыс» атты монументтер бой көтерген. Бұл ескерткіштерді еліміздегі түрлі этностық топтар бастарына күн туған кезде бауырына басқан қазақтың жері мен еліне алғыс ретінде өз бастамаларымен тұрғызды. Қазақ халқы да оларға ұлттық тарихымызға көрсеткен зор құрметі үшін алғысын білдіреді.

Осындай өзара құрмет пен сенім мызғымас ел бірлігіне негіз болса, ізгі шаралар халқымыздың кең пейілі мен дархан көңілінің айқын көрінісіне айналуда. Жақсылықты жадында сақтай білген елдің рухы қашан да биік. Заманауи Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әрбір отандасымыз өз үлесін қосты. Мен этно-мәдени бірлестіктерге де айрықша ризашылық білдіремін. Біз, бәріміз бірге өте күрделі, қилы замандардан өттік.

Тәуелсіздіктің ең тағдыршешті сәттерінде мені әрдайым қолдаған халқыма да алғыс айтамын. Өткен сайлаулардың бәрінде халқымыз мені бірауыздан қолдап, сайлады. Мен үшін ең үлкен марапат - осы. Елімнің қолдауы маған жұмыс барысында зор күш-жігер берді. Мен халқымның өз келешегіне сеніммен қарауы үшін еңбек еттім, қазір де, болашақта да осы мақсат жолында жұмыс істей беремін».

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты 2018 жылғы 5 наурыздағы халыққа үндеуінен үзінді.

Кейін қарай