Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Ақпан, 2022

599

«Қоғамдық келісім – ел дамуының кепілі»

Қасіретті қаңтар оқиғасы қалыпты ел тіршілігіне айтарлықтай өзгеріс енгізді. Осындай қиын жағдайда елдегі татулықтың іргесін нығайтып, әлеуметтік-экономикалық көптеген жаңа іс-шаралар әзірленіп жатыр. Бұл ретте бүкіл ел болып жұдырықтай жұмылып, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті сақтай білу - көп ұлтты Қазақстан халқына тән асыл қасиеттің бірі. Осы ретте Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жангүл Жолмұхановамен сұхбаттасып, еліміздің солтүстігіндегі ҚХА жұмысымен танысуды жөн санадық.

– Солтүстік Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдық бөлімшелері мен өңірлік этномәдени бірлестіктер жетекшілері қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етудің өз үлестерін қосып келе жатыр. Жалпы облысымызда 21 этномәдени бірлестік бар. Достық үйінде қоғамдық бірлестіктердің кеңселері орналасқан. Үлкенді-кішілі іс-шараларды өткізу үшін этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері үлкен залды, конференц-залды және COWORKING ANK SKO-ны пайдалана алады. Достық үйінің фойесі қаншама рет вернисажға айналғаны бар, онда облыстық ассамблея өкілдерінің байқау жұмыстары мен көрмелері көрсетілді, - дейді Жангүл Серікқызы.

Төтенше жағдайға кезіндегі шектеулерге байланысты өткен жылғы іс-шаралардың көпшілігі онлайн форматта өткен. Соған қармастан 2021 жылы этномәдени бірлестіктері тарапынан барлығы 198 іс-шара ұйымдастырылып, оған 6 мыңға жуық адам қатысыпты.

– Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінің белсенді ұйымдастырушылары мен қатысушыларына, атап айтқанда Н.Абраевқа, Р.Евдаевқа, Э.Ковзельге, В.Корневаға, Ч. Курбановқа, С.Малхасянға, Г. Мұсабаеваға, Н.Рудиковаға және тағы басқаларға алғысымды білдіргім келеді. Аға буынның эстафетасын ізбасар жетекшілер (Витченко В. Н., Татаренко М. П., Пытьев Д. Д. және Хан А. Е.) сәтті алып кеткені қуантады. Достық үйінің белсенділері қайырымдылық жұмыстарын қарқынды түрде жүргізіп отырады. Этномәдени бірлестіктер билік органдарымен және халықпен арадағы байланысты үзбей, әрдайым бірлікті нығайтып, қоғамдық келісімді сақтап отырады.


Жангүл Серікқызы Л.Гривенная басшылығындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы мен А. Ж. Мурзалинова төрағалық ететін СҚО ҚХА ғылыми-сарапшылық тобы облыстық ассамблея өткізетін іс-шаралардың беделді де, белсенді қатысушыларына айналғанын ерекше атап өтті.

– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Л.А. Гривеннаяның көпжылдық жемісті ғылыми-зерттеу және практикалық жұмысы Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан жоғары бағаланды. Людмила Александровна «Бірлік» медалімен марапатталды. Өткен жылы Б.Петровтың республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысуы, сондай-ақ, «Қазақстан қоғамының даму құндылықтары» атты кітабынның жарыққа шығуы Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының жетістігі болып табылады деуге толық негіз бар Аталған жетістік ғылыми-сараптама тобының төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы А.Мурзалинованың тікелей басшылығымен өңірдегі танымал және беделді ғалымдар, басшылар мен педагогтар ұжымының бірлескен жұмысының нәтижесі деп білеміз.

Сонымен қатар, «17 ұлттық жаңғыру орта мектеп-кешені» тіл бөлімдерінің көпжылдық жұмысы бір жағынан этносаралық және мәдениетаралық диалогты қалыптастыру және екінші жағынан ана тілін үйренудің практикалық маңыздылығын көрсетіп, осы өңірдегі бірегей білім ордасына айналып отыр.


– Облыстық ассамблеяның Достық үйі «Қазыналы қарттар» орталығы мүшелерінің кездесу орнына айналды, орталықтың белсенді қарттары Достық үйінде өздерінің тұрақты жетекші Т.И. Вербицкаяның басшылығымен жас шамасына қарамастан әртүрлі бағыттарда шығармашылықпен шұғылдануына зор мүмкіндік жасалған. Өткен жылдың шілдесінде «Қазыналы қарттар» мерекесі қарсаңында орталық мүшелерінің қатарына көптеген петропавлдық қарттар келіп қосылды. «Қалалық этюдтер және біздің өлкеміздің табиғаты» көрмесінің сөресі «интуитивті сурет» (жетекшісі – О.Губанова), «қолөнер» (Т.Шилова) және «Графика» (А.Листопадний) үйірмелері мүшелерінің жұмыстарын, сондай-ақ «Косметология негіздері» жобасына қатысушылардың фотосуреттерінен (Е.Евдокимова) тұратын жаңа шығармашылық жұмыстармен толықты, - дейді Жангүл Жолмұханова.

«Қазыналы қарттар» белсенді қариялар орталығы көрермендерге өзінің үш жылдық шығармашылық жұмыстарының қорытынды есебін ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген. Би үйірмесінің жетекшілері И. Шалак пен М.Сахаровтың дайындаған шәкірттері мен Л.Бутенко каратэшілерінің өнері жиналған қауымды тәнті етті.

– Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауда сабақтастық қағидатын іске асыру маңызды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді жастардың қарасын көбейтуге мүдделі. Қазіргі таңда еріктілер қозғалысына Е.Измерчук, Д. Пытьев, А. Бегалинова, Ю. Штрак, А. Сыздыкова, А. Дятлова және басқалары белсенді қатысады. Қоғамдық келісім кеңесі және СҚО ҚХА еріктілер қозғалысы орталығы әлеуметтік мәселелерді шешуде жастардың бастамаларын дамыту мақсатында «Арамыздағы батырлар» еріктілер қозғалысының идеясын дамыту бойынша әлеуметтік жобалар конкурсын өткізді.


Оған Солтүстік Қазақстан университеті, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі, облыстық Назарбаев Зияткерлік мектебі және қаланың басқа да білім беру мекемелерінің жас қызметкерлерінен құралған «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының облыстық штабының және еріктілер қозғалысы орталығының белсенділері қатысқан.

– Байқауға қатысушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған, сондай-ақ «өзін-өзі тану» пәні әдістемесі негізінде жастарға мәдени-білім беру ісін жетілдіруге бағытталған қызықты жобаларды ұсынды. Жобаларда тек Солтүстік Қазақстан өңірінің ғана емес, жалпы еліміздің маңызды және өзекті тақырыптар арқау етілді, - дейді Ж.Жолмұханова.

Осы сияқты немесе басқада белгілі бір жастар қозғалысына белсенді қатысу көптеген жас буын өкілдері үшін сәтті әлеуметтік қадам болуы әбден мүмкін. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы ниетті жастарды «Ассамблея жастары» жаңа қоғамдық бірлестігіне мүше болуға шақырады. Бірлестіктің басты мақсаты қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік негізінде жастарды дамыту және шоғырландыру, Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметі шеңберінде жастар бастамаларын қолдау және қазақстандық жастардың қоғамдық белсенділігін дамыту болып табылады.

– Өткен жылы облыстық Ассамблеяда өңірлік этномәдени орталықтармен қарым-қатынасты нығайту бойынша бірқатар шаралар қабылдағанын атап өткен жөн. Жыл басынан өңірде 190 орталық жұмыс істеді әрі олардың көпшілігі түрлі іс-шараларға белсенді атсалысты. Бұл тұрғыда Аққайың, Есіл, Жамбыл, Қызылжар, Тимирязев, Мамлют және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың этномәдени орталықтарын айрықша атап өтеміз. Сонымен қатар, өңірлік орталықтар «Салт-Дәстүр» онлайн-байқауына қатысты. Байқаудың негізгі міндеті өңірдегі бейбітшілік пен келісімді нығайту, этностардың түрлі мәдени аспектілерін кеңінен жария ету, халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына көңіл бөлу және құрметтеу, өскелең ұрпақ арасында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру болды.

2021 жылы ұйымдастырылған Солтүстік Қазақстан облыстық «Салт-Дәстүр» онлайн байқауының бас жүлдесін Аққайың ауданы Астрахан ауылдық округінің «Шаңырақ» этномәдени орталығы жеңіп алды. Бұдан ауылдық округтерде де этномәдени орталықтардың белсенді жұмыс істеп қоймай, осындай ірі байқауларға үзбей қатысатындығын да ерекше атап өткен жөн.

– Өткен жылдың қараша айында этностардың мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауға және дамытуға бағытталған «Этностардың алтын қазынасы-2021» онлайн-байқауы өткізілді. Бас жүлде Ғабит Мүсірепов ауданы «№ 1 Новоишим орта мектебі» КММ жанынан жұмыс істейтін «Мирас» этномәдени бірлестігіне берілді. Этноклуб мүшелері әруақытта да аудан өміріне белсенді араласып келеді және ауданда өткізілетін барлық онлайн немесе офлайн іс-шараларға барынша атсалысады, - дейді хатшылық меңгерушісі.


Солтүстік Қазақстанның аудандық және ауылдық этномәдени орталықтары мен бірлестіктерінің жұмысы М. Қозыбаев атындағы СКУ КЕАҚ-ға ұсыныспен шақырылған география ғылымдарының докторы, Экология және география институтының ғылыми қызметкері, Молдавияның академик ғалымы Дорин Лозованның қызығушылығын тудырған.

– Ол Есіл ауданы Николаевка ауылының «Бірлік» этномәдени орталығы белсенділері К.Қадырбаевамен және Е. Мозгуновамен кездескен еді. Молдавиядан шалғай жатқан Қазақ елінің ауылда Молдавя халқының дәстүрлері есте сақталып, Молдавия әндерін орындайтыны оны таң қалдырды. Сондай-ақ, Молдавия елінен келген қонағымызды Қызылжар ауданының Чапаев ауылдық клубында орналасқан «Шаңырақ» (жетекшісі – Боранбаева П.) және «Селянка» (жетекшісі - Хромина З.) этномәдени орталықтары қазақ еліне тән ерекше қонақжайлылықпен қарсы алды.

Осы жылы аудандық және ауылдық этномәдени орталықтармен өзара іс-қимыл күшейтіледі дейді Жангүл Серікқызы.

– Облыстық ассамблея өңірімізде тұратын барлық этнос өкілдерін ынтымақтастыққа шақырады. «Алынбайтын қамал жоқ!» деген аталы сөз босқа айтылмаған. Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері проблемалық мәселелерден тыс қалмайды. Олар облыс аумағында тұратын этнос өкілдерімен тығыз байланыс жасайды. Осы жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы қызметкерлері мен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени бірлестіктердің және СҚО ҚХА құрылымдық бөлімшелерінің жұмысы оң баға алды. Облыс әкімінің орынбасары Ғ.С. Нығыметов бірлестіктер өңірдің әлеуметтік өміріне белсенді қатысушысы болуы тиіс екенін, ал облыстық ассамблея жобаларын қаржыландырумен қолдау қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты аудандық әкімдіктерден ауыл ұрғындарымен іс жүргізуді қайта құру, үкіметтік емес сектордың тиімділігін арттыру және жастар саясатын нәтижелі іске асыру жөніндегі жұмыстарды жандандыру талап етілді.

Жангүл Жолмұханова Солтүстік Қазақстан облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестіктері мен құрылымдық бөлімшелері қоғамның оң дамуы мен қазақстандық құндылықтарды нығайтуға ниетті барлық тараптармен ынтымақтастыққа дайын екендігін жеткізді.

(Суреттерді СҚО ҚХА ұсынды)

Кейін қарай