Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Мамыр, 2020

1558

Отты жылдардың жаңғырығы: Ғұмыры өнегеге толы абыз ақсақал Орынғали Қарасаев

9 мамыр мерекесі қарсыңда Кеңес Одағының батыр-жерлестері туралы естеліктерді насихаттау эстафетасы Атырау облысы этномәдени бірлестік өкілдерімен жалғасуда.

Индер ауданы, Елтай аулының тумасы, майданды Мәскеу жерінде бастап, қиыр шығыста аяқтаған Ардақты соғыс және еңбек ардагері Орынғали Қарасаев туралы ҚХА мүшелері фэйсбук желісінде өз парақшаларында жариялаған.


Елге 1947 жылдары ғана оралған майдангер Орынғали Қарасаев ата биыл 96 жасқа толады. Бозбала ғұмырын тағдыр тауқыметі жалмаған Орынғали Мұсаұлы әскери училищені бітірместен соғысқа өзі сұранып кетеді. Келісті, келбетті келген жас жігіт 1942 жылдың қыркүйегінде майданды Мәскеу түбінен бастап, Қиыр Шығыстағы 13-ші теңіз атқыштар бригадасында жеке танктер полкінде жүргізуші-механик болады.


Жапониямен соғыс басталған кезде теңіз десанттары кәрістердің Сейсин және Расин қалаларын жау қолынан азат етеді. Осы жауынгерлік операциясы үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Ол осынау қан кешкен соғыстан, Жапон түбінен 1947 жылы ғана елге аман-есен оралады. Шұғыл әскери қызметін қиыр шығыста жалғастырған Орынғали Қарасаев 1954 жылы лейтенант шенін алып шығады.


1966 жылы Қарасаев Орталық комитеттің жоғары партиялық мектебін аяқтап, капитан, майор шеніне дейін көтеріледі. Елге оралғаннан кейін облыстық комитет комсомол қызметінде өзін көп қырынан танытқан екбекқор Орынғали Қарасаев көптеген басшылық орындарда қызмет етіп, жастарды патриоттық тәрбиеге баулыды. 20 жылдан аса облыста Ардагерлер кеңесін басқарған ақсақал бүгінде отты жылдардың жаңғырығын өскелең ұрпаққа әңгімелеп, Отан үшін отқа түскен жауынгерлердің ерен ерліктерін насихаттап келеді.


Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақстандық 312-атқыштар дивизиясының құрылғанына 75 жыл толуына орай «Қазақстандық 312-атқыштар дивизиясы. Ерлер есімі ұмытылмасын» атты кітабын жарыққа шығарды. Кітапта 1941 жылы 17 тамызда Ақтөбе аймағында Александр Наумов басқарған дивизияның қалай құрылғаны, ұрыс даласында жүріп өткен жолдары, ең шешуші шайқас орын алған жер - Мәскеу түбінде көрсеткен ерліктері, дивизия құрамындағы 208 жауынгер туралы нақты мәліметтер беріліп, «толарсақтан саз кешкен» жылдарда рухы сөнбеген батырларымыздың қилы тағдыры баяндалады.


Орынғали ақсақалдың Жұбайы Дәметия әжей екеуі тәрбиелеп өсірген төрт перзенті де дәл әкелеріндей халық қалаулыларына айналып, бейбіт заманда елге елеулі еңбек етіп, үлгілі істерімен танылып келеді.


Осындай асыл жандарымыздың қатары бүгінде тым сиреп барады. Ендеше, Сұрапыл соғыс жылдарында қаза болғандар мен елге оралған батырларымызға, тыл, еңбек ардагерлеріне басымызды иіп, Ұлы ерлікке тағзым ете отырып, Атырау облысының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Орынғали атамызға ұзақ ғұмыр тілейміз! Аға буынның қанымен, ерен ерлігімен келген Ұлы Жеңіс мәңгілік болсын!


Кейін қарай