Қазақстан халқы Ассамблеясы

03 Маусым, 2016

1337

СӘБИДІҢ БӘРІ БАҚЫТТЫ БОЛУЫ ҮШІН ЖАРАЛҒАН!

1-маусым «Балаларды қорғау күніне» орай ұйымдастырылған мереке облыстық жүйке жүйесі диспансерінен басталды. Өңірдегі корей этномәдени бірлестігінің төрайымы мен облыс әкімдігі жанынан құрылған "Қоғамдық келісім" мекемесінің ұжымы балаларды құттықтады. Бұл күні еш бір бала сыйлықсыз қалмай, жүздері қуанышқа толы болды. ¤Аурухана іші күндегідей емес. Бүгін ерекше. Қабырғаға ілінген шарлар мен әсем безендірілген ғимараттан мерекенің лебі есіп тұр. Бұл күні әрбір балаға үлкендер тарапынан көңіл бөлінді.

Алдымен, этномәдени бірлестік өкілдері облыстық жүйке жүйесі диспансерінде ем - дом қабылдап жатқан балаларға барды. Онда балаларға тәттілер мен ойыншықтар үлестірілді. Ол жердегі балалар сахнада шағын театрландырған көрініс қойып, бойларында бар өнерлерін ортаға салды. Мұнан соң іс-шара, облыстық  балалар ауруханасында жалғасын тапты. Бұл жерде балдырғандар асфальтқа сурет салып, өзара сайысты. Ауруханада емделіп жатқан балалардың барлығы сый-сияпатқа бөленді.

«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Амангүл Жайылғанова:   

- Бала - біздің болашағымыз. Бүгінгі іс-шараның мақсаты - осы балаларға ерекше бір көңіл бөлу. Балаға  бір күн ғана көңіл бөлу, әрине, аз. Біз уақытымыздың көп бөлігін солармен өткізуіміз керек. Бүгінгі іс-шара «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында өтіп жатыр. Оны балдырғандарымыз өз елі, қамқор халқы бар екенін сәби шақтарынан біліп, түсініп өсулері үшін өткізіп жатырмыз. 

«Қазақстан корейлері ассоциациясы» облыстық қорының төрайымы Раиса Маденова: 

-Өмірдің қуанышы мен мағынасы - балалардың мерекесі құтты болсын! Жаңа ғана біздер жүйке жүйесін емдейтін диспансерде болдық. Ондағы балаларды көріп, жанымыз ауырса,  өнерлерін көріп тәнті болдық. Бұл – балалардың барлығының бойында қабілеті болатынын, оны дамыту керектігін көрсетеді. Үлкендер тарапынан көңіл бөлу, қамқорлық жасау балаларды қанаттандырады.   

Мерекелік іс-шара мұнымен аяқталмай, әрі қарай облыстық инфекциялық ауруханада жалғасты. Корей, қырғыз этномәдени орталықтарының өкілдері мен «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ұжымы осында ем алып жатқан балаларды мерекемен құттықтады.   Емхана қызметкерлері де бұл датаны қалт жібермей, кішкентай азаматтарға ерекше көңіл бөлді. Мультфильмдегі кейіпкерлердің образына енген дәрігерлер балалармен бірге ойын ойнап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сыйлықтар үлестіліріп, тілектер де арналды.

Облыстық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері С. Мұхаметқалиқызы: 

- Бүгінгі мереке құтты болсын! Бұл күндк барша бала асыға күтеді ғой.  Келіп, балдырғандарды құттықтап жатқандарыңыз үшін этномәдени бірлестіктер өкілдері мен «Қоғамдық келісім» ұжымына көп рахмет!    

Мұнан соң, өңірдегі қырғыз этномәдени орталығының төрағасы балалар ауруханасының айналасын көгалдандыру үшін тал отырғызып, әсем гүлдердің тұқымын септі. 

   

 

 

МОӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай