Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Ақпан, 2021

7322

Сәуле Құрманқұлова: «Жамбыл облыстық ҚХА 570 млн. теңгеге көмек көрсетті»

Бүгінде Жамбыл облысында 87 этностан құрылған 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың отыз төрті ассамблея тізіміне енген. Сонымен қатар облыстық ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобы, қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңестері, медиация кабинеті, журналистер клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және «Әулие ата» еріктілер орталығы жұмыс істейді.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ төрағасының орынбасары Сәуле Құрманқұлова ілгерідегі орталықтардың ұйымдастыруымен өткен жылы 892 шара өткенін айтады.

- Ол іс-шараларға алпыс мыңға жуық адам қатысты. Бұдан бөлек, этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен «Рождество», «Масленица», «Наурыз», Қазақстан халқының бірлігі мерекесі мен этностардың мәдени күндеріне орай 560 шара өтті. «Мейірімділік керуені» ұлттық қайырымдылық акциясына да облыстағы ҚХА мүшелері белсене атсалысты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жамбыл облысындағы этностардың дәстүрлері мен мәдениеттері» атты энциклопедиясы шығарылды, ол энциклопедия негізінде интерактивті карта жасалды. Осы қатарға «Ұлы дала қазынасы» («Сокровища великой степи») жобасының іске асырылуын да қоса кетсек болады. Биыл осы жобалардың негізінде ҚХА-ның «Жалпы азаматтық бірегейлікті қалыптастыру» мен «Қазақстандық этностардың алуан түрлілігін рухани-мәдени танымал ету» мәдени-білім беру жобасы әзірленді. Аталған екі жоба біздің өңірде ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінде іске асырылу көзделген.

- Ассамблея қызметінің басым бағыттарының бірі – медиация институтын ілгерілету. Қазіргі уақытта облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-де медиация кабинеті жұмыс істейді. Онда сенім телефоны орнатылған. Бүгінде облыста 40 медиация алаңында халыққа тәжірибелік және медиативтік көмек көрсету бойынша қабылдау кабинеттері ашылған. Өткен жылы олардың қызметіне 791 адам жүгініп, 631 дау-жанжал оң шешілді. Медиция бойынша жүргізілген жұмыстарымыз жетерлік, соның арқасында республикада 3-орынды иеленіп отыр, - дейді С.Құрманқұлова.

Өңірлік ассамблея өткен жылы 570 миллион теңгеге 48 мың адамға көмек көрсетті. Бұдан бөлек, этномәдени бірлестіктер 32 мың адамға 441 миллион теңгеге қайырымдылық жасады. Төтенше жағдай кезінде 25600 адамға 160 миллион теңгенің азық-түлігі, медициналық жабдықтар мен ЖӨЖ аппараттары алынған. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің отбасына қайырымдылық көрсетілген. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 2 отбасына 30 миллион теңгеге үй кілті сыйланды.

- Қазіргі таңда Тараз қаласы мен аудандарда ассамблеямен бірлескен қоғамдық келісім кеңестері құрылып жатыр. Жамбыл облысындағы қоғамдық келісім кеңесі – 181, бірлескен қоғамдық келісім кеңесі – 9 бірлікке жетіп отыр. Олардың бастамасымен 246 іс-шара өткізілген. Сондай-ақ Достық үйінде халықтың өзекті мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау шарасы ұйымдастырылып, келіп түскен 45 өтініштің 20-сы сол арада шешімін тапса, 25-і тиісті инстанцияларға жіберілді, - дейді Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ төрағасының орынбасары.

Жамбыл облыстық Аналар кеңесі 2020 жылы 102 іс-шара ұйымдастырған. ҚР Жоғарғы Сотының «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында Аналар кеңесіне жүгінген 59 отбасының 40-ы ажырасудан аман қалды. Бұдан бөлек, кеңес атаулы әлеуметтік көмек алушылармен, мемлекеттік грант алып кәсібін бастағандармен кездесіп, жиын өткізген. Сонымен қатар ерте жүктілік, туыстық некенің алдын алу, әйелдерге құқықтық көмек көрсету мақсатында көшпелі отырыстар ұйымдастырылды. Республикадағы аналар кеңесінің жұмысы үздік деп танылып, Қазақстан халқы Ассамблеясының дамуына қосқан үлесі үшін ҚХА-ның алғысхатымен марапатталды.

- «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы өз жұмысын қайырымдылыққа бағыттап, Еріктілер қозғалысы орталығын құрды. «Өмір сыйла» қайырымдылық акциясында ассамблея жастары 13,5 литр қан өткізген. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Хамида Турдиева «Еріктілер жылы» халықаралық байқауында «Корпоративтік еріктілік көшбасшысы», Насыров Станислав «Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін» номинациясында бірінші жүлделі орындарға ие болды. Жалпы ұлттық бірлік пен ұлтаралық келісімді дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін Артур Лигостаев, Хабиб Әлиев, Сабина Заитова, Рахат Ерханұлы ҚХА-ның алғысхаттарымен марапатталды.

Мемлекеттік тілді үйренуге 2239 ҚХА өкілі қызығушылық танытқан. «Мәміле» клубының мүшелері карантин кезінде «Үйде отырып, қазақ тілін бірге үйренеміз», «Qaz.on-line», «Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы», «Этнодастархан» және «Тілге құрмет – елге құрмет» интернет-акцияларын ұйымдастырды. Республикалық «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумына облыстың әр өңірінен мемлекеттік тілді жетік меңгерген 1287 адамның тізімі ұсынылды, - дейді С.Досымбекқызы.

Өткізілген іс-шаралар аясында белсенділік танытқан ұйғыр этномәдени бірлестігінің басшысы М.Турдыева, дүнген этносының өкілі И.Буларов II дәрежелі «Достық» ордендерімен, облыстық «Вынхуа» этномәдени бірлестігінің өкілі Динара Нұралиева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

- Журналистер клубының қызметін этносаралық тақырыптарды қозғайтын республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының 20 тілшісі жүргізеді. Өңірлік ассамблеяның қолдауымен өткен жылы 2 мың таралыммен «Ұлы шаңырақ» облыстық газеті шығарылды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында жыл сайын облыстық «Бір шаңырақ астында» байқауы ұйымдастырылып келеді. Қазіргі таңда облыстық «Jambyl» телеарнасында екі тілде «Достық дастарқаны», «Философия вкуса» телебағдарламалары шығып жүр. Онда түрлі ұлт өкілдерінің дәстүрлері мен ұлттық тағамдары көрсетіледі. Телеарна тілшісі Ильдар Гизатуллин өңірде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын насихаттағаны үшін ҚХА алғысхатымен марапатталды. Баспасөз орталығының барлық жұмысы республикалық деңгейде жоғары бағаланды. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі бөлімінің басшысы Бибігүл Шахзада «Мейірім» төсбелгісімен марапатталды.

Алғыс айту күні – ауыр заманда қиындықты иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін мерекесі. Осы орайда барша қазақстандықтарды алда келе жатқан Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Ауызбіршілік пен татулығымызды сақтап, Отанымыздың өркендеуіне үлес қоса берейік! - дейді Сәуле Досымбекқызы.


Кейін қарай