Қазақстан халқы Ассамблеясы

24 Сәуір, 2020

741

Сауытбек Абдрахманов: Ел тарихының еңселі белесі

Осыдан бір жыл бұрын, 20 наурызда «Қазақстан» арнасының «Таңшолпан» бағдарламасына сұхбатқа шақырған болатын. Әңгіменің тақырыбы соның алдын­да ғана, яғни 2019 жылдың 19 наурызында, сағат 19:00-де жария етілген Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқы­на Үндеуі еді.

YouTube cақтап қалған сол сұхбатта журналистің: «Дәл қазіргі сәтте Қазақ елі қобалжулы. Хабарды сіз қалай қабылдадыңыз?» деген сұра­ғына: «Хабарды демократиялық, құқық­тық мемлекетке тән, заңды, қисынды шешім ретінде қабылдадым. Жалпы, Елбасымыздың қандай шешімі де көкейге қонатын, жан-жақты ойластырыл­ған шешім болатындығы анық», деп жа­уап қайтарылыпты.

«Жалпы, Елбасы аса маңызды мәселе қозғалардың алдында Үндеу жариялайды. Кешегі Үндеуін тарихи сәт деп сипаттады. Несімен тарихи сәт деп ойлайсыз?» дегеніне орай: «Расында да, біз тарихи сәт деген ұғымды жиі қолданып жіберетініміз бар, кейде ол орынды болады, кейде артықтау болады. Ал осы күндер, осы тәуліктер шын мәнінде Қазақстанның арғы-бергі тарихындағы аса маңызды тарихи сәт. Өйткені кеше, 2019 жылдың 19 нау­ры­зын­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі­нің өкілеттілігін тоқтататынын жария етті. Бүгін тағы да бір үлкен оқиға болмақшы. Конституцияға сәйкес Елбасы өкілеттігін тоқтатуына байланысты Президент қызметіне кірісетін Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдамақшы. Мұның бәрі тарихи сәттер», деппіз. Иә, 2019 жылдың 19 наурызы ел тарихының ерен белесі еді.

Телеарнадан сол сұхбат берілген күні Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға сәйкес Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы ретінде ант қабылдап, Прези­дент қызметіне кірісті, Қазақстанның болашақтағы бейнесі жайында, ел туралы, Елбасы туралы кеңінен толғап сөз сөйледі. Ол күні Қазақ елі тағы бір биікке көтерілді. Елдіктің есеюінің кезекті салтанатына куә болдық. Елбасы туралы сөз Елбасының өзінен бұрын елдің өзіне көбірек керек еді. Сол сөз айтылды. Көптің көңілі орнына түсірілді. Саясаттағы сабақтастықтың сақта­латыны, алда да алға ұмтылаты­нымыз ұтымды түсіндірілді.

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде айтылған бағалардан кейін Елбасы еңбегіне байланысты пікір қосу қиындап та қалған еді. Дегенмен, жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту – парасат парызы. Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлғалар тобынан табылатыны талас тудырмайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттегі сөзінен кейін мұны тағы да тереңірек тани түстік.

Көп ұзамай елдің жаңа басшысы Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін жария етті. Бұл да әбден орынды қадам болды. Демін ішіне алып отырған халықтың көңі­лін күпті ете бермеу, жан-жақтан жанар қадаған сырт көзді сабасына түсіру керек еді. Оның жалғыз жолы, сенімді жолы Президент сайлауын кезектен тыс өткізу екенін жұрттың бәрі де біліп отырған еді. Бар мәселе сай­лау­дың қай кезге белгіленетініне ғана бай­ланысты болатын. Ол жағдай да көп ұзамай айқындалды. Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлау 2019 жылғы 9 мау­сымда өтетіні ресми жария етілді. Бұл мәселені Мемлекет басшысы өз бетінше, жеке-дара шешкен жоқ. Ел­­ба­сымен ақылдасты, Парламент пала­та­ларының басшылығымен, Конс­титуциялық Кеңеспен, саяси партиялар жетекшілерімен кеңесті. Сөйтіп барып, ел тағдырына қатысты шешім жөнінде бір тоқтамға келді.

Қазақстан азаматтарына арнаған Мәлімде­ме­сін­де ел Президентін сайлауды не­лік­тен кезектен тыс өткізу керектігін негіздеді. Айтқанының бәрі де көкей­ге қонды. Қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз ету, алға қарай сенімді жылжу, әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешу үшін бізге анық­тық, айқындық, ашықтық керек еді. Оның үстіне әлемдегі ахуал да бұлтаң-бұлтаң етіп, халықаралық саясаттың ауа райы бұлыңғыр болып тұр­­ғаны тағы бар. Ал бұл ел қауіпсіздігіне тіке­лей қатысты жай. Осындайда билік транзитінің уақытын созып алмау өте маңызды. Мәселенің басын тез ашып, мемлекетті дамытудың жаңа кезеңін бірден бастап кету жөн еді. Дәл сондай шешім қабылданды. Халықтың таңдауымен, елдің тікелей еркімен сайланған басшының өзі де, сөзі де салмақтырақ болатынын айтып жату артық. Жырғалып жүретін жағдай жоқ еді. Ұлы дала елінің ұлы межеге ұм­тылған ұлан-ғайыр көші кідірмеуі керек болатын.

Президент сайлауының алдында «Хабар» арнасының «Ерекше көзқарас» бағдарламасында танымал журналист Зейін Әліпбектің: «Қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси белсенділігіне қандай баға бересіз? Мысалы, осы өкілеттікті атқара бастағаннан бергі уақытта өзін қалай көрсетті?» деген сұрағына: «Тоқаев 20 наурыздан бастап қана өзін көрсетті деп қарауға болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен Сыртқы істер министрінің орынбасары болып, шекараны шегендеу мәселесіне жауап берген күндерінен бастап, Сыртқы істер министрі ретінде елдің сыртқы саясатын айқындауға тікелей араласқан кезінен бастап, Үкімет басқарған кезінен бастап, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының орынбасары міндетін атқарған кезінен бастап, Сенат басқарған кезінен бастап елдік істерге араласып келе жатыр. Бұл кісі төтеннен килігіп, 20 наурыздан бас­тап билік ісіне араласып отырған жоқ. Содан бергі уақыттың өзінде көп нәрсе атқарып үлгерді. Бірақ мен қазір бұл мәселені талқыламауға тиіспін. Өйткені қазір Тоқаев туралы айту сайлауалды насихат болып кетеді», деп жауап қайтарған едік. Ол кезде түсінікті себептермен айта алмаған сөзімізді Nur Otan партиясының сайлауалды штабының мүшесі ретінде еліміздің бірқатар облыс­тарын аралаған кезде хал-қадерімізше жеткізуге тырыстық.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихындағы аса елеулі ісінің бірі өзі бастаған, елі қостаған ұлы шаруаны лайықты жалғастырушы ретінде саңлақ саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевты тамыршыдай тап басып танығаны, оны ұзақ жылдар бойы сан түрлі салаларда сынап, тәрбиелеп, уақыты келгенде мемлекет тізгінін қолға ұстатқаны деп білеміз. 2019 жылдың 9 маусымында өткен Президент сайлауы елдігіміздің, бірлігіміздің жарқын көрінісіне айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев айқын басымдықпен Мемлекет басшысы болып сайланды. Елбасының таңдауы мен елдің таңдауы бір жерден шықты. Мұның өзі әбден заңды, әбден орынды екенін содан бергі бір жылдайғы уақыт көрсетіп келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мем­лекет басшысы қызметіне кіріскелі жасап жатқан жұмысының барлығы елді тазалыққа, тәрбиеге, тәртіпке шақыру болып отыр. Елде жетістік баршы­лық. Оларды көрмеу – көрмес түйені де көрместің кебін кию. Кемістік те жетерлік. Бәрін жасырмай айтып, жайып салып отырмыз. Иә, шешімін таппаған шаруа шаш-етектен. Олар­ды аз жылдың аясында шешіп тастау тіпті де мүмкін емес. Бірақ бағыт – берік. Біз қазір елімізде басталған оң өзгерістердің баянды боларына сенуіміз керек. Тоқаевтың төңірегіне топтасып, халық сөзіне құлақ асатын мемлекет құру жөніндегі талабын қолдап, елдегі жасалып жатқан жаңалықтардың жақ­сылыққа жеткізеріне сену дәл қазір өте маңызды. Арыстағы жарылыстан кейін де, Қордайдағы қақтығыстан кейін де ел­дігімізді, бірлігімізді, ірілігімізді таны­тып едік. Енді тағы бір сынақ алды­мызға тартылды.

Жер-жаһанға жа­йылып, жабысып жатқан коронавирус індеті тәуелсіздігіне отыз жыл да толмаған біз тұрмақ, экономикасы біз­ден әлдеқайда қуатты, медицина сала­сы­ның инфрақұрылымы әлдеқайда мығым елдердің де талайының әптер-тәптерін шығарып жіберді. Дәл қазір әр адам өзі үшін, ата-анасы үшін, балалары үшін, немерелері үшін, өзінің елі үшін жа­уап­тылық танытуға тиіс, қарапа­­йым ги­­гиеналық сауаттылық танытуға тиіс, тіп­­­ті ашық айтсақ – әрқайсымызға бір-ақ рет берілетін өмірдің қадірін білу­ге тиіс десек, мұнымыз қиын күндегі құ­­йын­­датпа сөзге жатқызылмас. Ыла­йым, бұл бәлекет Қазақстанымызды жанап қана өтіп, індетті інінен шығармай тұн­шықтыруға қол жетіп, қуанатын күн­іміз тезірек келсін. Дабылдың дер кезін­де қағылуы, Президенттің қатты қада­ғалауы, Үкіметтің үйлесімді ісі, салалық министрліктің кәсібилік сипаты апат­тың алдын аларымызға үміт­тендіреді. Әйтсе де, жаман айтпай жақсы жоқ, «Е, ештеңе етпейді, Құдай сақтасын» деп қойып, бұрынғыдай алаңсыз, ашық-шашық жүре беретін, көрем дегенді көре беретін, барам дегенге бара бере­тін, шақырам дегенді шақыра салатын, шақырған жерге бара салатын, адам не істеп, не қоятынын өзі шешпейтін бе еді деп сандалма саясат соғатын кез емес бұл.

Тастүйін жұмылатын, тәр­тіп­ке бағынатын, сақтанатын, қатты сақ­танатын кез бұл. Тоқаев та Құдай сақтанғанды сақтайтынын еске салып отыр. Қазақы кеңбалақ қалпымызды қоя тұратын, жайбарақаттықты жоя тұратын, ширығатын, шымырығатын шақ шындап туды. Аранын аждаһадай ашқан коронавирусты көрші Қытай елі тәртіптің, тек темірдей тәртіптің арқасында ғана ауыздықтай алды. Тәртіпке бағынсақ, Президент Жарлығымен жариялан­ған төтенше жағдайдың тосын талабын терең түсінсек, сергек сезінсек, біз де солай ете аламыз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген батыр Бауыржан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің баршамызды, әрқайсымызды сын сағатта сыр бермеуге шақырып отыр. Солай боларына сенеміз. Осыдан бір жыл бұрын жария етілген саясат сабақтастығы дегеніміз де осы.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты

egemen.kz

Кейін қарай