Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Сәуір, 2020

968

Сайлаухан Аухадиев: Ақсақал қариялар қоғам бірлігінің тұғырына айналуы тиіс

Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атағалы отырған екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 6 жастағы біздер ауылдағы қариялар мен күйеулері соғысқа кеткен жас әйелдермен бірге далада еңбек етіп, қолымызға тізгін мен қамшы ұстап, ат пен өгізге мініп айдаушы болдық. Жалаң аяқ табанымыз тілініп, қолымыз жарылып, егістіктегі астықтың масағын тердік.

Соның өзінде, анамыз бір алақанының уысымен өлшеп, шөкімдеп шай ішерде жерге төселген дастарханға жағалай отырған 4 баласының әрқайсысына таластырмай, алдына салып берген, қуырған аз ғана бидайға тоймаушы едік. Анамыз балаларына: «Осыған да қанағат етіңдер. Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз астындағы атын да сойғызады», - десе, әжеміз: «Тарта жесең – тай қалады, қорқа жесең – қой қалады» деп үнемшілдікке, бірлікке шақырып отыратын. «Әкеміз Әбілхан соғыстан тезірек, аман келсін» деп тілейік, сонда тамаққа да тоясыңдар, бүтін киім де киесіңдер» деп үкілі үміттің шырағын сөндірмей, алдағы өмірдің жақсы болатынына үлкен үмітпен қарауды ескертетін. Міне, аштықты-жоқшылықты да, өлім-қайғыны да еңсере отырып, отбасылық бірліктің арқасында ата-бабаның атына кір келтірмей, әулет пен ұрпақ тіршілігін жалғастырудамыз.

Тарих көрсеткендей, тылда – ауылда кәрі-жас, еркек-әйел демей бірлік танытып, колхоз ұжымдары еңбек табыстарына қол жеткізсе, соғыста көп ұлтты майдангерлер: «Бәріміз - біріміз үшін, біріміз - бәріміз үшін», - деген бірлік ұранымен, Отанға берілген рухымен жеңіске жетті.

Егемендік алғаннан кейін Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Н. Назарбаевтың жарлығымен «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі» болып белгіленді. «Әлемнің басқа мемлекеттері үшін орнықтылық пен дамудың үлгісі бола алатын» біздің Отанымыздың, оған қоса Қазақстан халқы Ассамблеясының аты аталуы дәстүрге айналған.

Ассамблеяға мүше әр этнос, яғни Қазақстанның әр тұрғыны, өздерінің біртұтас халық екенін, ел тағдырына ортақ жауапкершілікте екенін жүректерімен ұғынғаны, қазақ тілін Мемлекеттік тіл деп игере бастағаны ең биік жетістіктердің бірі ретінде аталары анық. Елбасымыздың көрегенді бағдарламаларын жүзеге асырып, егемендігіміздің алғашқы жылдарында экономикалық, саяси-әлеуметтік қиыншылықтарды жеңе отырып, бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың арқасында 50 дамыған елдердің қатарына ендік. Шекараларымызды шегендеп, Сарыарқа төрінде әлемге әйгілі астанамыз - Нұр-Сұлтан қаласын салып алдық.

Астана үлгісімен әр облыстың, аудандардың орталықтары да көркейе түсіп, мыңдаған шақырым теміржолдар мен автомагистральдар салынып, электр линиялары мен газ құбырлары тартылып, қалалық халықтың әл-ауқаты жылдан жылға жақсара түсуде.

Енді қазақ елігің алтын бесігі – ауылдағы халықтың өмір-тіршілігін түбегейлі оңалтудың негізгі шараларын жүзеге асырудың жан-жақты шаралары, нақты жоспарлар мен қомақты қаржылар белгіленгенін біліп отырмыз.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы 30 жылында мемлекетіміз алдымен экономиканы дамытуды қолға алса, ал қазіргі еліміздің қоғамдық-әлеуметтік жағдайы, бірінші кезекте адамдарын алға қойып, олардың санасының рухани жаңғыруына қол жеткізу міндеттеліп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы қызметіне кіріскелі жасап жатқан жұмысының барлығы елді тазалыққа, тәрбиеге, тәртіпке шақыру болып отыр. Біз қазір елімізде басталған оң өзгерістердің баянды болуына сенуіміз керек.

Мемлекетіміз көпұлтты отбасыларынан тұрады. Елбасымыз айтқандай, «Мәңгілік ел» болу үшін көпұлтты халқымыз ұйыған айрандай болуы керек, ол үшін қазақ қариялары – соның ұйытқысы болғаны жөн. Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім Кеңесі осы бағытты өзінің өлшеніп, көзге көрінбейтін, бірақ қазақ қоғамы үшін бағалы қызметінің тұғыры, ұстанымы етіп келеді.

«Ұлт басын ұйысудың ұлы идеясы – бірлік». Олай болса, Қазақстан халқының бірлігі мерекесі құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Сайлаухан Аухадиев,

ШҚО ҚХА ҚКК кеңесінің мүшесі,

Ақсақалдар кеңесінің төрағасы

Кейін қарай