Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Мамыр, 2020

881

Сейдахан Бақторазов: Жамбылдықтардың Ұлы Отан соғысындағы ерен ерліктері

Ұлы Отан соғысының жан алып, жан беріскен төрт жылы бұрынғы КСРО-ның көпұлтты халқының басына түскен ең ауыр зауал болғаны анық. Осы орайда, жамбылдықтар өз Отанын қорғау жолындағы Ұлы іске ат салысқанын мақтанышпен еске алады. Қазақ КСР-інде, соның ішінде Жамбыл облысында жасақталған көптеген әскери құрамалар даңқты есімдерін Ұлы шайқастар жылнамасына қашап жазды.

Біздің облыстан майданға аттанған жауынгерлер қатарында өшпес ерлік жасап, Кеңестер Одағының ең жоғарғы әскери атағына ие болғандардың саны бүгінгі күні 28-ге жетіп отыр.

Әрине, жамбылдық жауынгерлер отандастарымен бірге майданның барлық шебінде ерлік көрсетті. Мәселен, Жамбыл қаласында 1942-ші жылдың қазанында құрылған 81-ші атты әскер дивизиясы Сталинград майданының 28-ші армиясының құрамында, фашистерге қарсы шабуыл басталғанға дейін Астраханьның солтүстік шетіндегі 80-100 километрлік Волга жағалауын ерлікпен қорғады. Жалпы, алты жарым айға созылған Волгадағы шайқасқа елу мың қазақстандықтың қатысып, ержүректілікпен көзге түскендіктері белгілі.

Сталинградты қорғап, Паулюстің армиясын талқандауда негізгі рөлді Шығыс халықтары, соның ішінде қазақстандықтар атқарғандығын неміс тарихшыларының өзі мойындағаны бүгінде нақты анықталып отыр. Себебі, 1941-ші жылдың қарашасына дейін фашистер КСРО территориясының 40 пайызын, негізінен оның батыс еуропалық бөлігін жаулап алған еді.

Сондықтан да, аталған шайқаста ауыртпалық негізінен Шығыс халықтарына түскені анық. Кеңестік статистика Сталинградты қорғаған әрбір жиырмасыншы жауынгердің қазақстандық болғанын жасырмайды. Шындығында, олардың үлес салмағы одан да көбірек болуы мүмкін. Аталған топта жамбылдықтардың да аз болмағандығын Екінші дүниежүзілік соғыстың қанды шеңгелінен аман қалған абзал ағаларымыздың естеліктерінен де аңғаруға болады.


Мәселен, осы қанкешуде Берлинге дейін жеткен Свердлов ауданындағы (қазіргі Байзақ) Ақжар селосының тұрғыны Бейсен Байжанов ақсақал 1975-ші жылғы тілшіге берген сұхбатында былай депті: «1942 жылы сентябрь айынан бастап Сталинградты қорғауға қатыстым. Бұл кезде взвод командирі болып, қаһарман қалада әрбір метр жерді, әр үйді қорғадық. Жау самолеттерінің бомбалары, снаряд, миналары зуылдап жарылып, бүкіл қаланы өрт шалды. Осының бәрін көріп, табандылықпен күрестік. Генерал-майор В. Чуйков басқарған атқыштар дивизиясында болдым.

Трактор заводының қасында окоп ішінде атқыштар полкінің командирі бір күнде үш шабуылды тойтарғаным үшін СССР Жоғарғы Советі Президиумының атынан менің «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталғанымды атап өтіп, құттықтағаны әлі есімде. Сталинград түбінде Мерке ауданынан - Ә. Сәрсенбаев, Б. Әлмереков, Луговойдан - Қ. Дүйсенбиев, К. Жатқанбаев сияқты жауынгерлер асқан ерлік көрсетті. Сталинград үшін шайқаста совет жауынгерлерінің батырлық көрсеткені дүние жүзіне белгілі болды. 1943 жылы 2 февральда Сталинград түбінде қоршауға алынған жау әскерлерін талқандау аяқталды. Мен басқарған взвод солдаттары қаладағы «Универмаг» ауданында немістің 6-шы армиясының командирі генерал-фельдмаршал Паулюсті қолға түсіруге қатысты».

Енді, Кеңестер Одағының Батыры А. Барановтың естелігіне мән берсек, ағамыз өзі туралы баянында: «Мен, 1942 жылдың август айында комсомолдық жолдама алып, өз еркіммен Отан қорғауға аттандым. Пенза қаласында бір жылдық әскери училищені бітіріп, Смоленскідегі № 76 түркмендердің атқыштар дивизиясына взвод қомандирі болып тағайындалдым. Сол жылдан бастап алғы шепте болдым. Сталинградқа отыз километр жер қалғанда соғысқа қатысып, қаланы жаудан босатуға өз үлесімді қостым. Мұнда екі рет жараландым. Госпитальда емделіп, қайтадан ұрысқа қатыстым.

Осы және басқа да кейінгі шайқастардың нәтижесі бойынша маған Совет Одағының Батыры атағы берілді. Мен, 1968 жылдың 22 апрелінен бері Жамбылдағы автомобиль жөндеу заводының техникалық бақылау бөлімінде мастер болып істеймін. Бұл күндері жөндеушілер сапалы жұмыс істеп, бесжылдықтың соңғы жылының тапсырмасын мерзімінен бұрын орындап шығуға атсалысуда. Солардың бірі - мен де өнімді еңбек етіп жүрмін»,-деп ой түйеді.

Запастағы офицер, майдангер Т. Дүрімбетов ағамыз 1970-ші жылдың 9-шы мамыр мерекесі күні өзінің жерлесі, Кеңестер Одағының Батыры В. Савва туралы ой қозғайды: «Владимир Ұлы Отан соғысы басталысымен құрдастарымен бірге майданға аттанды. Офицерлер курсынан өтті. Кейінірек, жас офицер рота, сонан соң батальон командирі деңгейіне көтерілді. 1943 жылдың күзінде Савваның батальонына Днепрден өту жөнінде бұйрық беріледі.

Аса жауапты әрі қиын жауынгерлік тапсырманы орындауға ер- жүрек командир қарулас жолдастарымен бірге аттанады. Олар жаудың жанталаса қарсыласуына қарамай әйгілі өзенді кесіп өтеді. Жауынгерлік тапсырма ерлікпен орындалады. Сол бір сұрапыл күндері меркелік жігіттің есімі күллі елімізге мәлім болды. Оған Совет Одағының Батыры атағы берілді. Қайсар жігіт сұрапыл ұрыстарда ерліктерін жалғастыра берді. Ол әлденеше рет қатты жараланды. Соғыстың аяқ шенінде Москваның госпитальдарының бірінде қыршын жас өмірімен қош айтысады. Меркелік жігіттер мен қыздар Москваға бара қалса, Новодевичье зиратына соқпай кетпейді. Мұнда көкторғын гүлдер қоршаған батырдың бейіті жатыр. Алыстан арнайы келгендер батырға тағзым етіп, топырағың торқа болсын деген лебізін білдіреді. Мұның өзі ерлікті қастерлеудің үлкен бір белгісі болса керек»,- деп сөзін қорытады өзі де ерліктің қиянына шыққан абзал ағамыз.

Жамбылдықтар партизан қозғалысына да белсенді атсалысты. Тұрғынбек Тыныбеков, Сыдық Қайдарқожаев, Тихон Мирошниченко секілді жерлестеріміз жау тылында фашистерге қарсы ерлікпен шайқасты. Айта кету керек, тек Украинадағы А. Грабчактың партизан құрылымында (соединение) 41 қазақ жауға қарсы күресті. Олардың және басқа да топтардың арасында жамбылдық жерлестеріміз болуы әбден мүмкін. Осы тұрғысындағы бұрынғы партизан, Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы офицер Мәжит Мұқанов ағамыздың естелігі:

«1943 жылдың жазы. Совет Армиясының неміс басқыншыларын Брянск қаласына қарай тықсырып келе жатқан кезі. Біздің екінші Клетня партизан бригадасы Орел және Смоленск облысының түйіскен жерінде қимыл жасауда болатын. Клетня қаласында немістің паспорт столында екі жылдан астам жұмыс істеп жүрген біздің барлаушы немістің демалыста болған артиллерия бөлімшесінің Брянск бағытына кетіп бара жатқанын, уақытын бізге хабарлады. Біздің бригада фашистердің бұл бөлімшесін майданға жеткізбей жермен жексен етуге бел байлады. Мен жолдастарыммен бірге жау тылында барлау жұмысын және бүлдіру әрекеттерін жүргізуге машықтанған едім.

Біздер он адам болып Заводок пен Бардичи деревняларының арасындағы жолға шықтық. Жолдың 200 метр ұзына бойына шахмат тәртібімен тереңдігі жарты метр шұңқырлар қазып, олардың бәріне жарылғыш заттар қойдық. Бәрін сыммен байланыстырып, оның бір ұшын 300 метр қашықтықтағы бір биік ағаштың түбіне әкелдік. Жарылғыш заттар орналасқан жол үстін әбден таптадық та үстінен тырма және арбаны ерсілі-қарсылы жүргіздік. Бригаданың 500-ден астам жауынгерлері жол бойына тосқауыл жасап жасырынды. Мен түбіне әлгі сым жеткізілген үлкен ағаштың басына шығып, немістер келетін жақты барлаумен болдым. Сымның ұшын және электр батереясын Вернер ұстап отырды.

Мерзімді уақытта немістердің транспорты мен техникасы, әр калибрлі зеңбіректері мен алты стволды минометтері көрінді. Жарылғыш заттар көмілген жол үстімен өтіп барады, таусылар емес. Шыдамымыз шегіне жетуге таяу. Мұндайда бір минуттың өзі әрең өтетін сияқты. Бір уақытта төрт қатар сапқа тұрған, бастарында темір телпектері бар әскерлер келе жатты. Фашистер біздің күткен жерімізге жетті. «Партизан Вернер, жарылғышқа от бер!», - деп айқайлап жіберіппін.

Қас қаққанша 200 метр жердегі фашистер топыраққа араласа аспанға бір-ақ атылды. Жарылыс болысымен тосқауылда жатқан партизандар алға өтіп кеткен жаудың техникасына шабуыл жасады. Естерінен айырылған фрицтер жөнді қарсыласа алмады. Осы операцияда фашистердің 37 офицері мен солдаты тұтқынға алынды. Бұлар бізге өте маңызды мәліметтер берді. Олардың ішінен неміс коммунистеріміз деген он адамды «Үлкен жерге» жөнелттік. Қолға түскен соғыс техникасы мен құралдары бұдан кейінгі операцияларда немістердің өзіне қарсы жұмсалды. Ал азық-түлік, киім-кешек партизандардың қажетіне жарады.

Тағы бір оқиға. Белоруссияның Пригорня темір жол станциясы арқылы немістер майданға күн сайын 12-17 эшелон өткізіп тұрды. Біздің бригада өзінің толық құрамымен түнде келіп станцияны қоршай орналасты да, таң ата шабуыл жасап, неміс гарнизонын құртып жіберді. Бұл операцияда мен поездан су алатын водокачканы қиратып, госпитальды өртеп жіберуге қатыстым.

Партизандық жорық күндерінде «Рельс соғысы» дейтінге де қатысып, талай жауынгерлік тапсырманы орындауға атсалыстық. «Рельс соғысы» арқылы темір жолда немістерге жөнді жұмыс істетпейтінбіз. Мұның өзі Қызыл Армияға үлкен көмек болатын. Мен қарулас достарыммен бірге екінші Клетня партизан бригадасы құрамында 27 ай бойы болып, жауынгерлік айқастарға қатыстым.

Қарулас болып тағдыр кешуін бірге өткізген партизан достарым Қазақстан Жазушылар одағының жауапты секретары Әди Шәріповтан, Петропавлдағы Ф. Наумовтан, Шалқардағы Әбдіхамит Төлегеновтан, Қарағандыдағы Қабыш Ахметовтан хат алып тұрамын. Кездескенде партизандық жауынгерлік жорықтарды еске аламыз», - дейді кешегі партизан, сол жылдардағы Жамбыл аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Мәжит ағамыз.

Соғыс жылдары батырлық пен ерлік көрсеткен әйелдер де аз болмады. Олар Отанымыздың тәуелсіздігі мен азаттығын тек тылдағы ерен еңбектерімен ғана емес, Ұлы Отан соғысы майдандарында қолына қару алып та қорғаған еді. 1943 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде Жамбыл облысынан шыққан 270 қыз–келіншектер Қызыл Армия қатарында соғысып жатты. Олардың қатарында Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева және Антонина Фролова сияқты ерлік көрсеткен жамбылдық апаларымыз да болды.

Мәселен, Антонина 1942 жылы өзі тіленіп әскер қатарына алынады. Сөйтіп, радистер курсын бітіреді. Байланысшы қызметінің алуан сырына қанығады. Соғыстың аяқ кезінде Антонина қызмет ететін байланысшылар полкы бірінші Беларус майданының Бас Қолбасшы Ставкасымен тікелей байланысын қамтамасыз етіп отырады...

Бұл айтылғандар көпұлтты жамбылдық майдангерлердің басынан кешірген қиын-қыстау оқиғаларының бірқатар эпизодтары ғана. Соның өзінен олардың Отан үшін от кешкендігі айқын сезіліп тұр. Осының өзі-ақ кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі- өнеге болса керек.

Сейдахан Бақторазов,

Жамбыл облыстық ҚХА

ғылыми- сараптамалық тобының мүшесі

Кейін қарай