Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Мамыр, 2020

83

ШҚО: Зейнеткер көріктендіру жұмыстарымен айналысуда

Жасы 80-нің сеңгіріне шыққан қария Ерболат Садуақасов зейнетте отырып, уақытын тиімді пайдаланып жүрген жандардың бірі. Атамыз Шығыс Қазақстан ақсақалдар кеңесінің үйлестіруші және хатшысы,

«Атамұра» ансамблінің тұрақты жетекшісі болғанына биыл 10 жыл толып отыр. Облыстық, қалалық мерекелік іс-шараларға белсене қатысып, жастарға ақыл-кеңісін, тәлім-тәрбие беріп жүрген беделді азаматтардың бірі.


Өз жасына қарамастан, ауласының көркеюіне үлес қосып жүрген Ерболат атамыз 10 жылдан бері тұрғындардың көңілінен шығып, өз ортасында Ерболат ұста болып танылған. Қария еліміздегі орын алған карантин кезінде уақытты бос өткізбей, аула алдын көріктендіру жұмыстарын жүргізіп отыр. Ағаш, гүл отырғызу, әр-түрлі жабдықтардан жан-жануарлар бейнесін жасау сияқты жұмыстардың қиынға соққанын айтады.

– Алғашқы уақытта аула тұрғындары қарсылық көрсетіп, мені түсінбеген. Бұл тірлікті не үшін жасап жүрсіз, бұдан келер қандай пайда бар деп сұрағандар да аз болған жоқ. Уақыт өте келе, ағаштарды отырғызып, гүлдерді суарғаннан кейін бұл жұмысымды бағалаушылар көбейе бастады. Қазіргі уақытта тек жақсы тілектер мен мақтау сөздерін естіп жүрмін. Өз дегенімнен қайтпаймын, бұл жұмысты да толық бітіремін, - дейді қария.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ақсақал атамыз, жастар да өзінен үлгі алып, қаламыздың көркеюіне өз үлестерін қосса екен дейді. Қаланы көркейту- әр тұрғынның қолында екенін ұмытпайық!

Кейін қарай