Қазақстан халқы Ассамблеясы

08 Қыркүйек, 2021

491

«Тәуелсіздік – елімізде тұратын барлық этностардың тұрақты дамуына мүмкіндік берді»

1 қыркүйек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Хлық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялаған еді. Соған орай «Кентрон» Солтүстік Қазақстан облыстық армян мәдениеті орталығы» ҚБ төрағасы Геворг Геворкянды әңгімеге тартқан едік.

– Құрметті Геворк Варданович, 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жасады. Мемлекет басшысының қандай сөздері сізге әсер етті?

– Жетінші шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясындағы Жолдауда көптеген өзекті мәселелер айтылды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үндеуі негізінен пандемияға ұшыраған экономиканы қалпына келтіруге қатысты болды. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың әлеуметтік-мәдени өмірін де назардан тыс қалдырмады.

Президент өзінің үндеуінде балалардың оқудан алшақтап қалуы проблемасын нағыз қиындық деп атады. Ол үкіметке бұл мәселені «ең маңызды жолмен», атап айтқанда, қашықтықтан оқыту форматтары үшін ақпараттық жүйелердің сапасын арттыру арқылы шешуді тапсырды. Балалар - біздің болашағымыз. Елдіміздің болашағы олардың қолында. Біз кезінде лайықты білім алып, еңбек жолын жасадық. Жас ұрпақ пен мектеп оқушыларының жоғары білімді адамдар болуы, олардың өзін-өзі жүзеге асыру дағдыларының болуы маңызды.

Соңғы уақытта Петропавл қаласында заманауи мектептер салына бастады. Оқушылар сарайы жұмыс істейді.

Жас ұрпақтың қалыптасуына тегін кәсіби техникалық білім беру үлкен қолдау болды. Экономиканың нақты секторында жұмысшы біліктілігінің мамандары сұранысқа ие. Бұл жастар үшін жақсы өмірлік бастама болып отыр. Мемлекетіміздің балалардың білім алуы мен жастардың өз жолын табуы жолында жасап жатқан игі шаралары жетіп артылады. Оны тек пайдалана білу керек деп білемін. Президентіміз де Жолдау осы білім саласына тереңірек тоқталғаны – болашақтың қамы деуге толық негіз бар.


– Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Бұл жылдар аралғында этнос өкілдерінің өмірі қалай өзгерді, оның ішінде сіздің этностың жағдайы туралы не айтасыз? Сіздің этномәдени бірлестігіңізде не жаңалықтар орын алды?

– Біздің этнос өкілдері Қазақстанда көптеген жылдар бойы өмір сүріп келеді. Олар Тәуелсіз Қазақстанның серпінді даму жолында айтарлықтай үлестерін қосып жүр. Әрбір салада жемісті еңбек етіп жатқан армянды табасыз. Тәуелсіздіктің 30 жылы елімізде тұратын барлық этностардың дамуына үлкен мүмкіндік берді.

Солтүстік Қазақстан облысының Достық үйінде 25 жыл бойы «Кентрон» «Солтүстік Қазақстан облыстық армян мәдениеті орталығы» табысты жұмыс істеп келеді («Кентрон» армян тілінен аударғанда «орталық» дегенді білдіреді). Оның құрушысы және бірінші жетекшісі – белгілі қоғам қайраткері, беделді кәсіпкер Аракелов Роман Рубенович болды. Ол орталықты 17 жылдан астам уақыт басқарды. Алты жыл бұрын оның жұмысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен бағаланған болатын.

Аталмыш орталықты қазіргі уақытта мен басқарып отырмын. Орталық жұмысын жүргізуге маған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының белсендісі Светлана Степановна Малхасян көмектеседі.

Солтүстік Қазақстанның этномәдени бірлестіктері мен Достық үйінің қонақтары «Кентрон» армян мәдениеті орталығы өткізген көптеген мерекелері мен іс-шаралары көпшіліктің есінде сақталған. Арменияның Тәуелсіздік күні, Терендез мерекесі - Иеміздің құрметіне арналған дәстүрлі мереке, сұлулық пен Ана күні және тағы басқаларын жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтеміз. «Кентрон» белсенділері Қазақстанның мемлекеттік мерекелерін алғашқылардың бірі болып тойлайды.

– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің мерейтойын қандай есімдермен байланыстырар едіңіз?

– Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы армян этносы өкілдерінің білім, мәдениет және салт-дәстүрлерін ғана емес, кәсіпкерлік бастамаларын танытуға және дамытуға мүмкіндік берді. Солтүстік Қазақстанның құрметті кәсіпкерлер тізіміне Бегларян Г.А., Арутюнян А.А., Джанунц С.Н., Мхоян З.А., Погосян А.А., Арутюнян Н.Ю., Мартиросян Б.С. және басқалары ие болды. Біздің этномәдени бірлестіктің қызметіне де белсенді қолдау көрсеткені үшін оларға шын жүректен алғыс білдіргім келеді.

– Қазақстанда армян этносы өкілдерінің пайда болу тарихы қандай?

– Тарихи қоныс аударушы-армяндар Қазақстан аумағында XIX ғасырдың басында келген, келесі толқын ХХ ғасырдың алғашқы кеңестік бесжылдықтарымен байланысты болды. Менің халқымның көші-қон тарихында 1937 жылы мыңнан астам отбасының депортациялануымен байланысты қайғылы беттері де бар.

Қазақстан армян этносының барлық өкілдері үшін екінші үйіне айналды. «Жүрегі бар көршісі жүрексіз бауырға қарағанда жақсы» деген армян халқының мақалы жай айтылмаса керек. Сол тарихтың қыин кезеңдерінде жер аударылып келген армян халқын құшақ жая қарсы алып, сіңісіп кетуіне жағдай жасаған қазақ еліне алғысым шексіз. Қазақстан біздің туған үйімізге айналды. Біз өз мүмкіндіктерімізді жүзеге асырып, еркін тыныстап, бақытты ғұмыр кешіп жатқандығымыздың барлығы қазақ халқының дархан көңілінің арқасы.

Солтүстік Қазақстан облысында армян этносының өкілдері негізінен Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында тұрады.

– Геворк Варданович, армян этносының, рухани мәдениеті мен дәстүрлері қалай сақталып келеді?

– Ең алдымен, әрине, барлығы отбасымыздан басталады. Армян отбасылары үшін тіл мен дәстүр қасиетті болып саналады.

Сонымен қатар, балалар ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінде ана тілін үйренуге мүмкіндік алған. Осыған байланысты 2004 жылдан бері бірегей мектепте жұмыс істеп келе жатқан оқытушы Асланян Сильва Сейрановнаның белсенді ағартушылық жұмысын атап өткен жөн. Ол Арменияның ана тілін, әдебиеті мен тарихын өскелең ұрпақ арасында насихаттауда маңызды рөл атқарып келеді.

Солтүстік Қазақстан облысының Достық үйінде өткізілетін іс-шаралардың белсенді қатысушысы болып табылатын «Кентрон» армян мәдениеті орталығы да рухани мәдениет пен дәстүрді сақтауда маңызды рөл атқарады.

– Этномәдени бірлестіктің болашаққа деген жоспарлары қандай?

– Алдағы 2022 жылы «Кентрон» Солтүстік Қазақстан облыстық армян мәдениеті орталығы қоғамдық бірлестіктің мерейтойын өткізуді жоспарлап отыр. Орталыққа 25 жыл толады. Аталған мерейтойға дайындықты бастадық. Біз алға бірге ұмтылып, болашаққа нық қадаммен басып келеміз.

– Жұмыстарыңыз жемісті болсын, әңгімеңізге рахмет.

Кейін қарай