Танымал журналист Михаил Теның Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған кітабының тұсаукесері өтті

Тараз қаласының Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мене «Қоғамдық келісімнің» ұйымдастыруымен өңірге танымал журналист Михаил Теның Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған «Сакральный Казахстан. Святыни древнего Тараза» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Кітаптың авторы – Михаил Те, республикалық «Казахстанская правда» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, суретші, фотограф  және «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға өз үлесін қосып жүрген танымал тұлға.


Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, жарық көрген басылым облыстың мәдениет, тарих және археологияның ең танымал ескерткіштері туралы ғылыми-көпшілік мақалалар жинағы болып табылады. Кітап 13 тараудан тұрады. Әрқайсысы облыс аумағында орналасқан қасиетті жерлерге арналған.

Кітапта тек Михаил Теның ғана емес, аймақтағы өз ісінің танымал шеберлерінің жасаған көптеген фотосуреттерін де (шамамен 100 сурет) көруге болады. Автордың кітапқа дайындаған иллюстрациялары да ерекше. Жинақтың мұқабасы Айша бибі кесенесі мен Ақыртас қалашықтарының фотосуреттерімен көркемделген.

Ерекше форматта, шығармашылық кеш түрінде өткен тұсаукесердңң жүргізушісі облыстық мәдениет басқармасының өкілі Михаил Платов жазушының мектеп кезіндегі қызықты оқиғаларымен бөлісті. Сондай-ақ, төл туындының авторы кітапты жазу барысында алуан түрлі сезім кешкенін көзі қарақты көрерменмен бөлісті: - «Мен бұл кітабып жазам деп ойламап едім. Әріптестерім және дос-жарандарым республикалық «Қазахстанская правда» газетінде жарияланған өңірлік киелі жерлер турасындағы мақалаларымды көріп, «Сен неге осының бәрін жинақтап, кітап қылып шығармайсың?» деп қолқалағаны бар емес пе?! Өзім де зерделесем, тарихи өлке тақырыбында жазған материалдарым мен түсірген суреттерімнің саны  шынымен де 3 жылдан бері біразға жетіп қалыпты» - деп еске алады Михаил Те.


Автор күні кеше ғана жарық көрген төл туындысын оқушылар мен студенттер үшін, тарих, археология және өлкетану тақырыбына қызығушылық танытатын мамандар үшін таптырмас құрал болатынына, жергілікті тұрғындардың туған өлкесін аралап саяхаттауға деген қызығушылығын оятып, шетелдік туристер үшін де тамаша естелік болатынына сенімін білдірді.

Сонымен қоса, Михаил Те жаңа қырынан танылып, өз шығармашылығының ән қоржынынан гитара сүйемелдеуімен жиылған жұртшылыққа тамаша ән тарту етті.

Кеш соңы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ерқанат Манжуов пен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлованың кітап лентасын ресми түрде қиюымен және автордың кеш қонақтарына қолтаңбасы қойылған  кітаптарын үлестірумен аяқталды.  


Back to the list