Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Мамыр, 2020

876

Зұлмат жылдардың зардабын көрген жандарды ұмытпау ұрпақ міндеті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 5 сәуірде «31 мамыр - «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жалпыұлттық еске алу күні» ретінде атап өтуді бекіткен болатын. Басты мақсаты мұндай қасіреттің қайталанбасы үшін халқымыздың тарихты есте сақтап, болашақ ұрпақтың білуін қамтамасыз ету. Қатал да қасіретке толы бұл дата өткенді еске түсіріп, көзге жас ұялатады.

ХХ ғасырда халқымыздың қасиетті жылдарынан қасіретті жылдары көп болды. Қынадай қырған қуғын-сүргіннен тек қазақ емес өзге ұлттар да зардап шекті. Атамекенінен алыс кетіп жат жерге қоныстануға мәжбүр болған өзге ұлттардың саны бүгінде 130-дан асып отыр. 1930-1950 жылдары он беске жуық этностар жаппай қуғындауға ұшырады, олардың ішінде поляктар, гректер, бұлғарлар, қырым татарлары, қабардиндіктер, балқарлар, шешендер, инғұштар, қарашайлықтар, черкестер, қалмақтар, немістер, кәрістер және т.б. болды. Олардың миллионнан астамы Қазақстаннан екінші отандарын тапты.


Қазақтардың өз елінен қуылған адамдарды қалай қабылдағаны жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде былай деген болатын: «...Қазақтар мәжбүрлікпен қоныс аударушыларды қандай кеңпейілдікпен қарсы алғандары бәрімізге белгілі. Коллективтендіру мен ұлы жұттан қансыраған, аштықта өмір сүрген олар, соған қарамай тағдыр талқысында қалған адамдармен соңғы бір үзім нандарын бөлісіп, оларға жылу, бастарына баспана берді. Мұның бәрін олар еш қайтарымсыз қадір-қасиетпен, риясыз жасады. Сол қиын кезде көрсеткен көмектері үшін олардың қазақтарға айтар алғыстары шексіз, сөзбен айтып жеткізе алмаймын».

Репрессия кезінде талай отбасының оты өшіп, ана жесір, бала жетім қалды. Жамбыл облысында 5000-нан аса адам қуғынға ұшырап, оның 845-і қаза тапқан.

Жамбыл облысы Тараз қаласының тұрғыны, қарашай-балқар ұлтының өкілі Тілеубаева Суфият Рамазанқызының атйуынша, сұм саясаттың салдарынан қаршадай кезінде Қазақстанға жер аударылған. Бағына орай қазақ апаның қолына келіп, қазақы тәрбиесін көріп, қазақ жігітке тұрмысқа шығады.


Бүгінде ол 6 қыз бен 3 ұлды тәрбиелеп отыр. Жоқшылықты да, тоқшылықты да көрген апа сол жылдардағы оқиғаны әлі ұмытпаған. Кішкентайынан талмай еңбек етіп, сауат ашуға мүмкіндігі болмаған. Сонымен қатар, 1944 жылы соғыс салдарынан Ахыска түрік этномәдени орталығының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуфаров Ибрагим да жанұясымен Грузиядан қоныс аударады. Сұм соғыс кезінде бір түннің ішінде адамдарды жүк тиелетін вагондарға салып, Орал қаласы арқылы Орта Азияға жеткізген. Өзге ұлт деп бөліп-жармай, қиын сәтте қол ұшын созған қазақстандықтардың көмегін Зуфаров Ибрагим аға да әлі ұмытпаған:

Ата- анамның айтуы бойынша, сол кезеңнің қаншалықты ауыр болғанын білемін. Сұрапыл соғыстан көп адам көз жұмды, саясаттың кесірінен атамекеннен айырылуға тура келді. Алайда, қазақ халқы қиналып отырса да, бізге жәрдем етті, барымен бөлісті. Қиын кезең артта қалды, дегенмен тарихты ұмыту мүмкін емес. Өскелең ұрпақ, бейбіт күннің қадірін білгені дұрыс» – деп өз ойын айтты.

Татулық, бірлік және тұрақтылық – бұл Қазақстанның ХХІ ғасырдағы дамуының маңызды принциптері. Халықты кенедей қырған нәубет жылдар ұрпақ санасында мәңгі қалары сөзсіз. Бұл мәңгілік құндылықтар еліміздің өркендеуінің сенімді негізі болып табылады.Тарихымыздың қасіретті беттері, саяси қуғын-сүргін құрбандары әрқашан біздің жадымызда және оны ұмытпау біздің қасиетті борышымыз!

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығының

баспасөз хатшысы

Бибігүл Шахзада

Кейін қарай