Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Тамыз, 2020

1006

Ж.Түймебаев: «Абай – әлемнің бірлігін мақсат еткен»

Бүгін – қазақ халқының ұлы перзенті және жаһандық ауқымдағы тұлға Абай Құнанбайұлының туған күні. Кемеңгердің 175 жылдығына орай елордада онлайн режимде «Абай: Тарих және қазіргі заман» атты арнайы дөңгелек үстел өтті.

Халықаралық онлайн конференцияны Қазақстан халқы Ассамблеясының қатысуымен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты ұйымдастырып отыр.

Айта кеткен абзал, ЮНЕСКО көлемінде тойланған Абайдың 150 жылдығы 10 тамыз болып белгіленген болатын. Енді бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ресми түрде бекітілді. Абайдың туған күніне орайластырылған конференцияда алғашқы болып сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Қансейітұлы Абай есімінің Қазақстан тарихында және әлем халықтарының жадында мәңгілік сақталатынын айтты.


"Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Абай туралы сөзінде» айтқанындай, «Абай – әлемдік татулық пен ынтымаққа өз үлесін косатын рухани мәмілегер әрі гуманист». Расында, Абай – әлемнің бірлігін, Шығыс пен Батыстың татулығын көксеген, ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси ойдың дамуына ықпал еткен биік тұлға. Оның аты мен ой-толғамдары қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың игілігіне айналды. Сондықтан Үкімет қаулысымен 10 тамыз күні – «Абай күні» болып бекітілді.Бұл күн – тек қана тұлғаны еске алу күні емес, бұл күн адамзаттық ой мен руханиятының, өнер мен әдебиетінің, бірлік пен ынтымақтың және достық пен бауырмалдықтың күні болып аталады", - деді Абайдың халықтар татулығы мен достығын дәріптеген қайраткерлігін сарапқа салған Жансейіт Қансейітұлы.

"Абай шығармашылығы арқылы халықтың өз тағдырын қолына алу үшін ар-намысын оятып, жігерін жануға, азаматтық белсенділігін арттырып, өзін шыңдауға шақырды.

Дәл осы күрделі уақытта біздер Абайдың өмірлік философиясының мемлекет тарапынан көрсетілген әлеуметтік қолдаудың теңдессіз шараларына, зор адамгершілік импульсіне айналғанын көріп отырмыз.

Ұлы ойшылдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген қағидалы сөзі осындай қиын-қыстау кезеңде ерлік жасаған мыңдаған азаматтарымыздың бойтұмарына айналды", - деген Жансейіт Түймебаев өз кезегінде, Қазақстан халқы Ассамблеясының да Абайдың өсиеттеріне сүйене отырып, оларды жүзеге асыру жұмыстарын жалғастырып келе жатқанын айтты.

Бұған «Тұңғыш Президент жолымен» экспедициясы, «Қазақтану» жобалары, «Абай175» челенджі, «Біз біргеміз», «Мың Алғыс» акциялары халқымыздың гуманистік әлеуетінің жарқын айғағы бола алады.

Карантин жағдайында Ассамблеяның мыңдаған волонтерлері – этномәдени бірлестіктердің мүшелері, қайырымдылық жасаушылар мен меценаттар Құрбан айт күндері өткен соңғы акция аясында мұқтаждарға 82 млн теңгеге көмек көрсетті. 11 674 медицина қызметкері мен 7100 отбасына көмек көрсетілді. Төтенше жағдай кезінде Ассамблея «Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында мұқтаж жандарға 376,4 млн теңге көлемінде көмек көрсетті. Азық-түлік себеттері мен 515 мыңнан астам медициналық бетперделер таратылды.

Соңғы айда коронавирустың өршуі кезінде дәрігерлер мен провизорлық орталықтарға көмек көрсетілді, 151,4 млн теңгеге қажетті дәрі-дәрмектер мен желдеткіштер сатып алынды. Этномәдени бірлестіктер Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккендерге де жалпы сомасы 102 млн теңге болатын 335 тонна гуманитарлық көмек пен құрылыс материалдарын жіберді.

Өткен жылы Ассамблея тарапынан жасалған қайырымдылық шаралар шамамен 4,5 млрд. теңгені құрады.

«Бұл конференция ұлы Абай мен қазіргі Қазақстан халқының арасындағы тарихи байланыстың ескі көпірін бекітіп қана қоймай, оны жаңартуға бағытталған», - деген баға берді оған сөз соңында Ж.Түймебаев.


Кейін қарай