Қазақстан халқы Ассамблеясы

427

Дымов Олег Григорьевич

Өмір жылдары: (1946-2016 жж.)

    Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері. «Қазақстанның болгар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы және тұңғыш төрағасы.

    Олег Григорьевич Дымов 1946 жылы 4 желтоқсанда Павлодар облысы Краснокутск ауданы Краснокутск ауылында (қазіргі Ақтоғай ауданы) дүниеге келген.

    КОКП ОК жанындағы Мәскеу жоғары партия мектебін «Саясаттану» мамандығы бойынша, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік бітірген.

    44 жыл мемлекеттік қызметте, оның ішінде 14 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығында жұмыс істеді. Олег Григорьевич Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасуы мен даму мәселелерімен белсенді айналысты, көптеген құжаттардың әзірленуіне және бүкіл Ассамблеяның ұйымдастырушылық құрылымына елеулі үлес қосты. 1995 жылы оның бастамасымен құрылған Болгар орталығының төрағасы болды. Қазақстан тарихында ол 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 2008 жылдан бастап Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған алғашқы болгар.

    О.Г. Дымов 1995 жылғы «Азаматтық бейбітшілікті сақтау туралы» меморандумды әзірлеушілердің бірі және ҚР жаңа Конституциясын қабылдау туралы референдум өткізудің белсенді бастамашысы.

    2005 жылы О. Дымовқа саясаттану саласындағы еңбегі үшін Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі атағы берілді.

    Ол шетелдегі этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін белсенді насихаттаушысы болған. Осы миссиямен Еуропаның тоғыз елінде және Азияның екі елінде болды, соның ішінде Ассамблеяның Аустрия, Әзірбайжан және Тәжікстанға барған делегациясын басқарды. 2005 жылы София қаласында (Болгария) Нұрсұлтан Назарбаевтың болгар тіліне аударылған «Сындарлы онжылдық» кітабының тұсаукесерін сәтті ұйымдастырып, өткізді.

    2007 жылы Болгарияда оның «Біз, Қазақстан халқы» атты кітабы болгар тілінде жарық көрді.

    Олег Григорьевич ауыл халқын әлеуметтік қамтамасыз етуде үлкен қоғамдық жұмыстарды жүргізді. Оның бастамасымен Павлодар облысы Ертіс ауданы Иса Байзақов ауылында (бұрынғы «Беловодский» совхозы) орта мектеп салынды.

    Сондай-ақ Дымов Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауылдық көпірді қайта жөндеуді ұйымдастыруға көмек көрсетті және Жамбыл облысы үшін үш жылжымалы «Жасанды бүйрек» аппаратын сатып алуға ықпал етті.

    2016 жылдың 3 сәуірінде Олег Григорьевич Дымов ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды.

    Негізгі ғылыми еңбектері

    Жан-жақты талантты адам ретінде ол бірқатар әдеби шығармалардың авторы атанды: «Қазақстан жерінің жылуы» (1999), «Біз, Қазақстан халқы» (2004); «Жүрегімнің қылы» (2002), «Жанымның симфониясы» (2006) өлеңдер жинағы. Оның өлеңдері Отанға деген шынайы махаббатқа толы, онда Қазақстан халқының табиғаты мен мәдениетінің сұлулығы жырланады. Ол сондай-ақ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» (1997), «Қазақстанға жер аударылған халықтар» (1998) кітаптарының, «Қазақстан халықтары» энциклопедиялық анықтамалығының (2004) және т.б. кітаптардың тең авторы. Ол барлығы 14 кітап және 4 өлеңдер жинағын (автор және тең автор) басып шығарды.

    Дымовтың бірнеше шығармалары қазақ, болгар, неміс, ағылшын, ұйғыр тілдеріне аударылып, бес тілде жарық көрді. Оның кітаптары еліміздің Тұңғыш Президентінің жеке кітапханасында және оның музейінде, сондай-ақ Парламенттің Ұлттық кітапханасында, Президент Әкімшілігінде, Қазақстанның шетелдегі барлық елшіліктерінде, республиканың жоғары оқу орындарының кітапханаларында орналасқан.


    Озат еңбегі үшін Олег Григорьевич Дымов «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, «Астана», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының Құрмет грамотасымен, «Бірлік» алтын медалімен, «Алтын барыс» орденімен марапатталған.


    1. Национальная энциклопедия «Казахстан». Т.4. / Гл. ред. Б. Аяган. - Алматы: Главная редакция «Қазақ энциклопедиясы», 2007. - с. 418.

    2. Памяти Олега Дымова / https://daz.asia/ru/pamyati-olega-dymova-ch-3/

    3. День рождения О. Дымова: факты о политике / http://novoetv.kz/2019/12/den-rozhdeniya-olega-dymova-fakty-o-politike/

    Оның есімі Қазақстанның «Кто есть кто» энциклопедиялық сөздігіне және «Қазақстан элитасы» құрметті кітабына енгізілген.


     

Кейін қарай