
305
Гирш Леонид Юзефович
Өмір жылдары: (1924 – 2020 жж.)
Тірі тарих, Аңыз-адам, атақты майдангер, ақын, жазушы. 1941 жылдан 1945 жылға дейін Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушысы (Оңтүстік-Батыс майданы, қанды Сталинград шайқасы, Курск дөңесінде танк алаңдары, Днепрді басып алу, Украинаны, Польшаны, Чехословакияны азат ету, Берлинге шабуылдап, Рейхстаг бағандарына қол қойған). 5 орден және 35 медаль кавалері. Мәскеудегі Бронетранспортерлер академиясының түлегі, кәсіби әскери қызметкер, Түркістан және Орта Азия әскери округтерінде қызмет еткен, ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс органдарының ардагері. Гвардия полковнигі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Қазақстан-Украина» Облыстық достық қоғамы» ҚБ төрағасы, Алматы және Алматы облысының Құрметті азаматы.
Леонид Юзефович Гирш 1924 жылы 10 ақпанда Кировоград қаласында (Украина) дүниеге келген. Қазақстанда 1959 жылдан бастап өмір сүрді.
Гирштің ата-анасы ұлын аты аңызға айналған үш жүз атақты спартандықтардың ұлы қолбасшысы, Спарта патшасы Леонидтің есімімен атаған. Содан да болар, Леонид Гиршке өз елінің жауынгері және қорғаушысы болу жазылған. Ол майданда бірінші күннен бастап соңғы күнге дейін күресті.
Он жеті жасар бозбала соғысқа өз еркімен аттанады. Леонид Гирш Оңтүстік-Батыс майданының 31-ші дивизиясының 177-ші атқыштар полкінің жауынгері болды. Сондай-ақ Оңтүстік, 2-ші Украина, Сталинград майдандарында соғысқан, Оңтүстік майданның 5-ші гвардиялық механикаландырылған корпусының 55-ші механикаландырылған бригадасының автоматшылар жеке ротасының бөлімше командирі, 5-ші гвардиялық Зимовниковский механикаландырылған корпусының саяси бөлімі бастығының адъютанты, 4-ші гвардиялық танк армиясының 24-ші гвардиялық танк бригадасы штабының байланыс офицері болған.
Ауыр жарақаттың салдарынан Леонид Гирш аяғынан айырыла жаздады. Ауруханаға түскеннен кейін Әскери-теңіз училищесіне оқуға түсіп, кейін Сталинград түбіндегі теңіз жаяу әскерінің құрамында соғысқан.
Леонид Гирш бірнеше жарақат алды, Германияны фашистерден босатты және Холокост құрбандарын құтқаруға қатысты.
1945 жылдың күзінде Гирштің 5-ші гвардиялық механикаландырылған корпусы жаңа жерге – Түркістан әскери округіне, Мараның оңтүстік шағын қаласына көшірілді. 1946 жылы тамызда ол өзінің болашақ әйелі Валентина Алексеевна Гуляевамен кездеседі, екеуі 68 жыл бойы бақытты өмір сүрді! Жұбайы 2013 жылдың жазында қайтыс болды.
Леонид Юзефовичтің Қарулы күштердегі қызмет өтілі жалпы алғанда 43 жылды құрайды.
Леонид Юзефович Гирш соғыстың ұзақ және қиын жылдарын басынан өткерген. Ол Сталинград шайқасына және Курск дөңесіндегі шайқастарға қатысып, Украинаны, Польшаны, Чехословакияны азат етіп, Берлинге шабуыл жасап, Рейхстагта өз қолтаңбасын қалдырған. Соғыс аяқталған кезде ол 21 жаста болатын.
Соғыстан кейін Л.Ю. Гирш өмірін армиядағы қызметпен байланыстыруға шешім қабылдайды және жарты ғасырға жуық уақыт әскери формасын шешпеген. Кеңес Одағында көп атала бермейтін қала – Кушкада он үш жыл қызмет етті. Кейін одан әрі қызмет өткеру үшін Алматыға – алдымен зооветеринарлық институттың әскери кафедрасының оқытушысы лауазымына, ал оны таратқаннан кейін Қазақстанның Азаматтық қорғанысының жаңадан құрылған құрылымына жіберіледі. Нәтижесінде Л.Ю. Гирш Алматы қаласы мен Алматы облысының Азаматтық қорғаныс штабының бастығы лауазымына тағайындалды.
Леонид Гирш өмір бойы қауіпті жағдайлармен бетпе-бет кездесіп жүретін. Азаматтық қорғаныс қызметі кезінде ол Ашхабадтағы жер сілкінісін жоюға белсенді қатысты және оның басшылығымен Медеудегі селдің апатты салдарларының алдын алу жұмысы жүргізілді.
Гирш елдің азаматтық қорғаныс жүйесін құруға және дамытуға үлкен үлес қосты. Ең күрделі міндеттердің бірі – 1973 жылғы шілдеде Медеу шатқалындағы бөгеттің жарылуының алдын алу еді. Бөгетті үлкен апат қаупін төндірген сел тасқыны бұза жаздайды. Бөгетті күшейту жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп, алдыңғы қатарда азаматтық қорғаныс полкі жүрді.
Тағы бір мысал, 1963 жылдың 7 шілдесінде Іле өзенінің жоғарғы ағысындағы Жарсай мореналық-мұздық көлін бұзып, биік таудағы Есік көлін қиратқан қуатты сел өтті. Апат салдарынан 75 тұрғын үй қирады.
«1969 жылы Ортаазиялық әскери округ құрылды. Алматы облысы Алматыда орналасқан азаматтық қорғаныс полктерінің бірінің құрылысына елеулі үлес қосты. Бұл полктің күшейтілген жұмысының арқасында 1973 жылдың шілдесінде Медеу шатқалындағы бөгеттің жарылуына жол берілмеді», – дейді бір әңгімесінде Гирш.
Сол кезде бөгетке үлкен сел тасқыны келген және қалаға үлкен қауіп туған болатын. Күшейту жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. Үкіметтік комиссия судың бір бөлігін бөгеттің жотасы арқылы сорғылармен сорып алуға және оны Кіші Алматы өзеніне құбырлар арқылы ағызуды қамтамасыз етуге шешім қабылдады.
Л.Ю. Гирш – нағыз Алматылық. Тіпті сол жерде тумаса да әскери қызметтің әртүрлі лауазымдарында жүріп, осы жерде игілікті істерді тыңдырды.
Отставкадан кейін полковник экологиялық комиссияны басқарды, түрлі қоғамдық ұйымдарда белсенді жұмыс істеді және қала мен облыстың төтенше жағдайлар департаменті бастығының штаттан тыс кеңесшісі болды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған сәтінен бастап жұмысына белсенді қатысты, ҚХА республикалық кеңесінің мүшесі болды, еліміздегі достықты, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға көп күш жұмсады.
Шығармашылық мұрасы
Леонид Юзефовичті білгендердің бәрі оның белсенді бағдары мен нық сеніміне таң қалатын. Өзінің ұзақ және ауыр өмірі арқылы ол өлеңдерінің бірінде жазған «жанының алау отын» алып жүре білді.
Дарынды тұлға Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы өзінің жауынгерлік жолы туралы көптеген кітаптар жазды, прозалық шығармалары жарық көрді. Патриоттық және лирикалық өлеңдер жинағының авторы республикалық, облыстық, қалалық газет-журналдарда көптеген мақалаларын жариялады.
Ол жас қазақстандықтар өз ата-бабаларының ерліктері жайында білуі үшін қолынан келгенше соғыс туралы естеліктерді көптеп қалдыруға тырысты.
Жеңістің 65 жылдығына орай Леонид Юзефович біздің жүздеген жерлес-майдангерлеріміз туралы материалдар жинақталған «Жеңіс жалыны» атты үш томдық ауқымды жобаны іске асыруға көп күш жұмсады. «Жүрекке жақын», «Естелікпен оңашада», «Өмір үшін», «Шық басқан көктер», «Соғыс жалынында», «Отты Сталинград», «Соғыс және бейбітшілік туралы өлеңдер» кітаптарының, «Алыстағы соғыс жаңғырығы» екі томдығының авторы. Леонид Юзефович өзінің үлкен өміріндегі оқиғалар туралы естеліктерді «Естелікпен оңашада» кітабында жазып қалдырды.
Үш томдық «Жеңіс жалыны» мен екі томдық «Алыста қалған соғыс жаңғырығының» алғы сөзін жазған Қазақстанның Халық жазушысы Олжас Сүлейменов Леонид Гиршті «Беймаза полковник» деп атаған.
Өзінің алғашқы жауынгерлік ордені – Қызыл Жұлдызды Леонид Гирш Сталинград түбіндегі алғашқы жекпе-жегі үшін алғанда, 19 жасар бозбала болатын, сол кезде взвод командирі қаза тауып, оның орнына командир болды. Көп ұзамай Леонид Гиршке кіші лейтенант атағы берілді.
Елге сіңірген еңбегі үшін Леонид Гирш бес орденмен – Қызыл Жұлдыз (екі рет), I және II дәрежелі Отан соғысы, II дәрежелі «Достық» ордендерімен және 35 медальмен марапатталды. Польша, Чехословакия, Румыния, Украина, Монғолия елдерінде мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Екінші дүниежүзілік соғысының аты аңызға айналған ардагері, Қазақстан халқы Ассамблеясының белді мүшесі, белгілі жазушы және ақын, ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс органдарының ардагері, полковник, қоғам қайраткері Леонид Гирш Алматыда 21 шілдеде 96 жасында коронавирустан қайтыс болды.
«Леонид Юзефович Гирш жарқын тұлға, нағыз патриот. Ол қорғаныс қабілетін нығайтуға және қазақстандықтардың жас буынын әскери-патриоттық тәрбие беруде баға жетпес үлес қосты. Оның шығармаларындағы әрбір әріпі Қазақстанға, өмірінің көп бөлігін өткізген туған қаласына деген махаббатқа толы», – деді аты аңызға айналған адамды жерлеуге қатысқан Алматы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы полковник Амантай Өсербаев (Sputnik Қазақстанға берген сұхбаты).
1. С. А. Терещенко, О. О. Сулейменов, В. В. Сидорова, Б. М. Канапьянов, Е. Е. Дурумбетов, В. И. Девятко, К. О. Жампиисов, Е. Ф. Брусиловская, Л. Б. Мананникова, В. А. Жандаулетов, И. М. Романов, С. К. Козыбаев, Л. К. Шашкова, С. В. Ананьева, А. Ф. Головинский, О. А. Скрынник и все казправдинцы. Прощание с эпохой // Казахстанская правда. 23 Июля 2020. (https://kazpravda.kz/articles/view/proshchanie-s-epohoi)
2. https://ru.sputnik.kz/exclusive/20200218/12864939/veteran-voyny-leonid-girsh.html
3. http://www.tarih.spring.kz/ru/history/war/figures/girsh_leonid/
4. http://www.dailynews.kz/society/legendarnyj_veteran_velikoj_
otechestvennoj_vojny_leonid_girsh_skonchalsja_v_almaty
5. https://baigenews.kz/news/ot_koronavirusa_skonchalsya_uchastnik
_voyny-_izvestnyy_obshchestvennyy_deyatel_leonid_girsh/