Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Қараша, 2018

10992

Ұлтуар Бабақұлова: Жамбыл облысында 86 этномәдени бірлестік жұмыс істейді

Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі облыс орталықтарында тыңғылықты орындалуда. Көпұлтты елдің берекесінің беріктігі мен ырысының ортаймауы – қоғамда этностардың тату-тәтті өмір сүріп жатқандығынан.

Аймақтардағы ассамблеялардың жұмысында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін іске асыруда Жамбыл облысының атқарып жатқан игілікті ісі мол. Осы орайда Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының бас маманы, ассамблеяның мүшесі – Ұлтуар Қуанышбайқызы Бабақұловамен сұхбат құрып, облыстық ассамблеяның жұмысымен таныс болдық.

— Ұлтуар Қуанышбайқызы, тарих пен дастанға, шежіре мен аңызға толы тоғыз жолдың торабын тоғыстырған киелі Тараз өлкесінде тұрып жатқан этнос өкілдері жайында айтып берсеңіз. Орталықтардың атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырсаңыз.

— Тараз өңіріндегі этнос өкілдерінің саны алғашқы жылдармен салыстырғанда едәуір өсті. Қазіргі уақытта Жамбыл облысында 86 этномәдени бірлестіктері бар. Этностардың ұлттық мәдениетін дамыту, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, этносаралық келісімді нығайту барысында біршама іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізіліп келеді. Мысалға, қарттарға құрмет көрсету, көп балалы отбасыларын қолдау, этностардың мәдени күндері, жастар форумы, аудандық, облыстық журналистер клубының кеңейтілген мәжілісі өткізілді, сонымен қатар елімізге белгілі ғалымдармен, әртүрлі саладағы шығармашылық өнер адамдарымен кездесулер ұйымдастырылды. Шекаралас Қырғыз, Өзбек елдерімен бірлесе отырып этносаралық қарым-қатынас орнату мақсатында ірі іс-шаралар жоспарлы түрде өткізіліп отырады.  

— Жамбыл облысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясының құрамы мен қызметіне тоқталып өтсеңіз.   

— Қоғамдағы біртекті ұлттық саясатты, Елбасы мен Ассамблея тапсырмалары мен міндеттерін жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облыстық ассамблеясы жыл бойы түрлі әлеуметтік-мәдени, қоғамдық-саяси, ғылыми-сараптамалық іс-шараларын өткізіп отырады. Облыстық ассамблея құрамына «Қоғамдық келісім», «Аналар», «Ақсақалдар», «Медиаторлар» кеңесі, «Ақ желкен» жастар лигасы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, журналистер және шеберлер клубы, ҚХА кафедрасы, ғылыми-сарапшылық бөлімі кіреді.

Аталған бөлімдер этностардың дінін, ділін және тілін барынша сақтай отырып, келешек ұрпақтарына салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын жеткізу үшін көптеген іс-шараларды ұйымдастырып, ұлт ретіндегі құндылықтарының жойылмауына барынша ықпал етуде.

Олардың тарихы, әдебиеті, мәдениеті, өркениеті, яғни, жеке индивид ретіндегі құқықтары мен басқа да жағдайлары жан-жақты қарастырылған. Мәселен, жақында «Жамбыл облыстық «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің этнос күніне орай  ҚР мәдениет қайраткері, белгілі баяншы В. Сорокиннің өнер әлеміндегі 40 жылдығына арналған жеке шығармашылық концерті, М. Дулати атындағы ТарМУ-дің 60 жылдығына орай «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы «ТарМУ-ымның 60 алтын күзіне тарту» атты кеш, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ұлттық домбыра күніне орай «Бабалардың көзіндей қасиетті Домбыра» акциясы, сондай-ақ жаз-күз айларында «Қазақтану» жобасы аясында «Бауырсақ Party», «Домбыра Party», «Болашақ бесіктен басталады» облыстық Аналар кеңесінің форумы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жастар арасында кеңінен насихаттауға бағытталған «Қазақстан халқы Ассамблеясы жастары – 2018» аймақтық жастар форумы, «Менің отбасымның дәстүрлері» этномәдени бірлестіктер арасындағы отбасылық фестиваль, әдіскерлік бөлімнің жетекшілігімен «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасын іске асыру мақсатында облыстық және қалалық өзге ұлт этномәдени бірлестіктері арасында «Біз қазақша сөйлейміз» атты байқау ұйымдастырылып, өткізілді.

Барлық атқарылған іс-шараларды газет-журнал, телеарна, радиолар мен интернет сайттарға шығарып, әлеуметтік желілерде халықпен бөлісіп отырамыз.

— Қазақстанның әр облысында Достық үйлері ерекше сәулетпен салынып, этностардың алаңсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отыр. Жамбыл облысының Достық үйі  жөнінде не айтасыз?

— Иә, өте дұрыс айтасыз, еліміздің барлық өңірлеріндегі Достық үйлері ерекше сәулет өнерімен, жаңа дизайнмен салынған. Қазақстанымыздың қай қаласына барсақ та байқағаным –  Достық үйлері сәулетті нысандар болып табылады. Тараз қаласының көрікті орындарының бірі – «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының дәл ортасында орналасқан Достық үйі де төбесі шаңырақ тәрізді, киіз үй іспеттес ұлттық нақышта салынған жаңа ғимарат.

Үш қабаттан тұратын нысанның жертөлесінде пікірлесуге арналған дөңгелек үстел алаңы, жүз адамға арналған конференц-зал, ғылыми-әдістемелік кеңселер, ғылыми-сарапшылық бөлім, әдіскерлер кабинеті, көркем сурет және қолөнер залы, медиаторлар кабинеті, баспасөз қызметі және мәдени көпшілік іс-шаралар бөлімдері өз орындарын тапқан. Этномәдени бірлестіктердің салт-дәстүрін, мәдени мұраларын көрсететін бұйымдармен жабдықталған кішігірім музейі, екі хореографиялық зал, қойылым және концерт костюмдеріне арналған бөлмелер де бар. Бірінші қабатында төрт каналды синхрондық аударма жүйесі орнатылған мәжіліс залы және мультимедиялық орталық орналасқан.

Екінші қабатында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде құрылған электронды алаңшалары бар. Мәселен, «Қазақтану», «Достықта жоқ шекара», «Жаңғыру жолы» жобаларына байланысты этнобірлестіктердің атқарған іс-шаралары және облыстық білім басқармасының «Тәрбие және білім» алаңшалары арқылы білім саласы бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстармен электронды түрде таныса аласыз. Сонымен бірге «Туған жер» арнайы жобасы аясында құрылған «Атамекен» бағдарламасының атқаратын қызметтерін де электронды жүйе арқылы тамашалауға болады. Олар уақыт талабына сай жаңартылып отырады. Сондай-ақ екінші қабатта 250 адамға арналған мәжіліс залы бар. Нысанның шаңырақ іспеттес күмбезді үшінші қабатында үлкен дөңгелек үстел қойылған мәжіліс залы бар. Мұнда көршілес елдерден және еліміздің ірі қалаларынан келетін делегациялардың қатысуымен этносаралық мәжілістер мен ғылыми-практикалық конференциялар өтеді.  

Сонымен қатар облыстық ассамблея өзінің қарым-қатынасын үлкен ірі мекемелермен кеңейте түсті. Олармен қоғамдық келісім кеңесін құрып, этносаралық қарым-қатынасты дамыту мақсатында іс-шаралар өткізеді. Осының айғағы ретінде облыс ассамблеясы «Қазфосфат» ЖШС бірлесіп, бірінші рет «Бір мемлекет – бір компания» тақырыбында ҚХА-ның 20 жылдығын химия өнеркәсібі  қызметкерлері күнімен орайластырып, этносаралық байқауын өткізді. Оған қатысушы «Қазфосфат» ЖШС филиалының қызметкерлері Қазақстанда тұратын этнос өкілдерін қатыстыра отырып, мәдени бағдарлама, этнос өкілдерінің өмірінен театрландырылған көріністерін көрсетті, жиналған халыққа олардың әдеп-ғұрыптарын таныстырып, ұлттық тағамдарынан ауыз тигізді.  

— «Қоғамдық келісім» КММ-нің Жамбыл өңірінде тұрып жатқан этномәдени орталықтармен бірігіп атқарған жұмыстарына тоқтала кетсек. Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

— Мекеме алғаш ашылған кезде бұқаралық мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырумен айналысып келген еді. Бүгінде ассамблеяның мелекеттік ұлттық саясат саласындағы негізгі стратегиялық бағдарламаларын насихаттау және қоғамдық келісімді сақтау бағытында идеологиялық жұмыстарын жүргізіп отыр. «Қоғамдық келісім» орталығы қызметінің тағы бір басты бағыты – жастар мәселесі. Олардың бойында қай ұлт болмасын, отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерді дамытып, мемлекеттік тілді жетік меңгеру, ұлттық салт-дәстүрді, мәдени мұраны сақтау сияқты қасиеттеріне тәрбиелеу.  Қазақстан халқының ынтымағын нығайту, өңірлік ассамблеямен мәдени байланысты дамыту мақсатында келесі жобалар ұйымдастырылды: «Бейбітшілік пен келісім жол картасы», «Тұғыры биік Таразым», «Туған жер», «Бірлік» жастар лагері, «100 жаңа есім: табысты болу жолы» жазғы мектебі, этномәдени бірлестіктерінің арасында ауданаралық «Ынтымақ шеруі», «Аналар күні». Әр кеңес мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері мен белсенділері, аудандық әкімдік қызметкерлері мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен кеңестің кезекті отырыстарын тыңғылықты өткізіп отырады. Мерке ауданында Қырғызстанның белсенді жастарының қатысуымен «Жаңа толқын 100+» атты ауыл жастарының форумы осы жақында ған өткізілді. Сонымен бірге, кәріс, түрік, өзбек этностарының мәдени күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Қараша айының соңында журналистер клубының кеңейтілген «Жаhандану және этносаралық қатынастардағы журналистердің рөлі» тақырыбында мәжіліс өткізіп, аудан және қала журналистері мен тілшілерінің басын қоспақпыз.

— Жақында Тараз қаласының туған күнін атап өттіңіздер. Қаланың қазіргі өмірін шолып өтсек.

— Бұрын Жамбыл деп аталған қаламыз өткен уақыттардан бері дамыған, өсіп-өркендеген. Қаланың тұрғындары мен қонақтары шаhарымыздың тазалығына, әдемілігіне тәнті. Қала күніне орай облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен біршама жерлері көркейіп, жөнге келтірілді. Мәселен, «Жеңіс» саябағы қазір қала тұрғындары мен қонақтарының демалатын, жаңадан отау тіккен жастардың той алды серуен құратын алаңына айналып үлгерді. Бұдан бөлек мұнда соғыс және тыл ардагерлерінің бас қосуына арналған музей құрылысы жүргізіліп жатыр. Бәрінен де қуантарлығы – «Үшбұлақ» каналының бойына салынған жағажай мен веложолдар, кеңейтілген канал арнасының жағалауындағы демалыс орындары, спорттық жаттығу мен балалар ойын алаңқайларының  жасалғандығы. Әсем әуеннің ырғағымен билеп тұрған су бұрқақтарды, жаңадан жасалған көлшіктерде жүзген аққулар мен қайықтардың сұлу көрінісін жарық шамдар орнатылған қос көпірдің үстінен тамашалау – бір ғанибет!

Нұргүл ШАТЕКОВА color:#3B3C3C">

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.