Қазақстан халқы Ассамблеясы

17 Наурыз, 2021

788

Ақтауда алғаш рет «Mangystau Nauryz Fest-2021» фестивалі өтіп жатыр

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «30 игі іс» акциясы аясында және Наурыз мерекесіне орай Маңғыстауда алғаш рет «Mangystau Nauryz Fest-2021» фестивалі өтіп жатыр. Фестивальдің мақсаты - ұлттық құндылықтарды ұлықтау, Амал және Наурыз мерекелерін жаңа үлгіде тойлау дәстүрін қалыптастыру.


Көктемнің жаңару мерекесінде «Жайлау күні» тақырыбы аясында Ақтау қаласындағы «Ақбота» саябағында сенбілік өтіп, 30 ағаш отырғызылды. Игі шараға Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» РЖҚ жастары атсалысты.

Сонымен қатар Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Мұнайлы ауданының теміржол вокзалында облыс тұрғындары мен қонақтарына тәттілер үлестірді. Бұл іс-шаралар халықтың бірлігі мен тұтастығын нығайтуға, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға бағытталған.


"Шымырлық пен шеберлік күні" аясында зейнет жасындағы егде адамдарға арналған таңғы жаттығу шарасы өтті.

Қарияларымыз шынығып алғаннан кейін, "Сенім" медициналық клиникасы қызметкерлері олардың қан қысымын өлшеді. Одан кейін ақ дастархан жайылып, әдемі әндер шырқалды.

Сонымен қатар Ақтау қаласының Достық үйінде құқықтық кеңес беру отырысы өтті.

Жиынға Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының, Маңғыстау облысы бойынша кірістер департаментінің және әділет басқармасының өкілдері, Маңғыстау облыстық «Азаматтық Альянс» басшысы, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, Аналар кеңесі мүшелері, Қоғамдық келісім кеңес мүшелері және ЗТБ Қәсіпкерлер қоғамдастығы қатысты.

Қездесудің негізгі мақсаты – этномәдени бірлестіктердің құрылымдары мен құқықтары туралы, салықтық есептерді тапсыру жолдары және кірістер департаментіне тіркелу бойынша құқықтық кеңес беру болды.

Наурыз мерекесі қарсаңында Достық үйінде наурыз көжені дайындау бойынша мастер-класс өтті.

Мастер-классты Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Аманкүл Жайылханова көрсетті. Аталған іс-шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, "Жаңғыру жолы" РМД мүшелері және Маңғыстау облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Ирина Беляева қатысты. Іс-шара аяқталғаннан кейін қонақтар наурыз көжеден және ыстық бауырсақтан дәм татты.

Кейін қарай