Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Сәуір, 2020

1056

Абайдың «Көзімнің қарасы» башқұрт ұлттық аспабы – қурайдың сүйемелдеуімен орындалды

Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, халық музыкант-аспапшысы Азат Бикчурин Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған музыкалық шараға қосылды.

Белгілі башқұрт музыканты Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін башқұрт ұлттық аспабы – қурайдың сүйемелдеуімен орындады. Бұл композицияға ерекше үн мен көп қырлы әуен сыйлады. «Құрметті Қазақстанда тұратын жерлестер. «Ақбозат» башқұрт этномәдени бірлестігінің өтініші бойынша қазақтың көрнекті ағартушысы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының челленджіне қатысуға шешім қабылдадым. Барлығыңызға бейбітшілік пен мейірім тілеймін», – деді Азат Бикчурин. Азат Бикчурин – Башқұртстанда танымал музыкант. Әртүрлі этникалық және джаз фестивальдерінің тұрақты қатысушысы. Оның орындауындағы композициялар ерекше дыбысқа ие болады.

Қурайдың жұмсақ және ырғақты үні әуен сүйер қауымды тамсантып ғана қоймай, тыңдаушысының жан дүниесіне қозғау салады. Қурай дауысы – қоңыр әуеннің жағымды тембрі. Биік өсетін, ортасы қуыс қурайдан жасалады. Оның дыбыс ырғағы таза әрі күшті шығады. Оны ойнау күрделі болғандықтан, қурай сыбызғыны меңгерген сыбызғышылар сирек кездеседі. Қурай башқұрт халқының ұлттық рәміздерінің бірі.

Абайдың «Көзімнің қарасы» әні орыс домры, қырғыз қомызы, скрипка, өзбек рубобы, флейта, виолончель, пианино, аккордеон және тіпті синтезатордың сүйемелдеуімен шырқалды. Әлеуметтік желілерде: #Abai175, #1МАМЫР #Birlikkuni, #BizBirgemiz хештегімен 40-тен астам материал жарияланды. Шараның басты мақсаты – Абайдың шығармашылық мұрасын насихаттап, елдегі этносаралық келісім мен бейбітшілікті нығайту.

Кейін қарай