Қазақстан халқы Ассамблеясы

06 Қыркүйек, 2021

3162

Қарағандыда ҚХА мүшелері Жолдауға қолдау білдірді

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында қойылған мақсат-міндеттерді талқылау мақсатында Қарағанды облыстық ҚХА мүшелері және этномәдени бірлестіктер төрағаларының қатысуымен онлайн форматта кездесу өтті.


Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкімет алдына әлеуметтік қорғау, білім беру, мәдениет, спорт, мұрағат және туризм салаларына қатысты бірқатар міндеттер қойды. Сонымен қатар, халықты толғандыратын, мысалы, өңірлік қауіпсіздік, азық-түлікпен қамтамасыз ету, вакцинациялау, қазақстандықтардың материалдық әл-ауқатын арттыру сияқты мәселелерді атап өтіп, аталған салаларда қалыптасқан жағдайды жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді.

Онлайн кездесудің модераторы, Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Әйгерім Исбекова атап өткендей, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылында қалыптастырған бейбітшілік, қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саясатындағы стратегиялық сабақтастықты әрі қарай қамтамасыз ету Жолдаудың маңызды аспектілерінің бірі болып табылады.

Аналар кеңесі атынан сөз сөйлеген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ләззат Қожахметова Президенттің жалақыны көтеру туралы тапсырмасы көптеген сала қызметкерлері үшін қуанарлық жайт болғанын атап өтті. «Табыстың өсуі мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартатынын ескеретін болсақ, Жолдау жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, халықтың болашаққа деген үміті пен сенімін нығайтатыны сөзсіз. Қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырды. Дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету және жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар берілетіні, тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға қолдау жасалатынын ерекше қуантты», деді.

Өз кезегінде ҚХА мүшесі, Литва Республикасының Қазақстан Республикасындағы Құрметті консулы, «Литуаника» Литва этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Тварионас: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы әлеуметтік-экономикалық және саяси күн тәртібіндегі өзекті сұрақтарға тікелей жауап берді. Жолдаудағы өзекті тақырыптардың бірі – полиэтникалық еліміздегі бірлік, бейбітшілік және келісім тақырыбы болды. Жолдаудың аты айтып тұрғандай, барлық азаматтар этносаралық және конфессияаралық қатынастардың қаншалықты маңызды екенін түсінуі керек деген Президенттің ойы өте маңызды болып табылады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Бұл пікірді Қазақстанның барлық азаматтары, соның ішінде түрлі этнос өкілдері де қолдайтыны сөзсіз. Тұтастай алғанда, осы Жолдауда халықтың әлеуметтік жағдайы мен өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі маңызды мәселелер қозғалды. Оны іске асыру үшін, қоғамдық келісім мен бірлік сақталуы тиіс. Осы тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету, этносаралық қатынастарды үйлестіру және бірегейлігімізді нығайтудағы жұмысы мен рөлі аса маңызды», - деп бөлісті.

Сондай ақ, қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан жаңа Жолдаудың міндеттерін толықтай қолдайтындарын, оларды іске асыруға белсенді қатысатындарын жеткізді.


Кейін қарай