Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Мамыр, 2016

892

АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

"Ардагерлер ардақталды!" Өңірдегі 21 этномәдени бірлестіктің өкілдері ақтаулық 21 ардагердің  үйлеріне барып, сый-сияпат жасады.Солардың бірі -  ақтаулық Петр Морозов қария 90-ға келсе де әлі тың. Қарт майдангерді ақтаулық «Шалом» еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облыстық хатшысы Гүлжан Исмурзина құттықтады.  Петр Морозов соғыс жылдары түрлі мамандықты игерген, танкист, барлаушы, байланыс қызметкері болған. Ол, үш рет ажал аузынан аман қалып, сұрапыл соғыста ерен ерлік көрсетті. Құттықтап келген азаматтарға соғыс ардагері алғысын айтып, сол зұлмат жылдардағы естелігімен бөлісті.

Сол сұрапыл соғыста мен бар-жоғы 18 жаста едім. Өзіңіз ойланып көріңізші, 18-дегі жас баламын, Отан үшін, ел үшін жаумен шайқастық. қаружарақ дегенді сол жерде ұстап үйрендік. Сталинград үшін шайқасып, Украина мен Польшаны фашистерден азат еттік, – деді Петр Морозов.   

«Шалом» еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Кержбаум бүгінгі бейбіт күн – біздің ардагерлеріміздің арқасы екендігін айтып, оларды мерекемен  құттықтады.

Сондай-ақ, «Вайнах» шешен-ингуш  этномәдени бірлестігінің төрағасы Магомед Лорсанов  пен «Қоғамдық келісім» КММ Аманкүл Жайылханова  ардагер Даражат Қожановтың шаңырағына бас сұқты. Майдангер бүгінде 90 жасқа келді. Қария жасына қарамастан әлі өзі отырып, жүре алады. Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа төсеген солдат - бүгінде самайын ақ шалған қария. Даражат Қожанов әскер қатарына 1943 жылы шақырылған, 498 зениттік артиллериялық полкінде бөлімше командирі қызметін атқарған,  2 рет оқ-дәрі, қару-жарақ тиеген эшелондарды Орша қаласына жеткізген. 1944 жылы Польша жеріндегі соғысқа, ал 1945 жылы Берлинді алуға қатысқан. Соғыстан кейін елде ауылшаруашылығы саласында қызмет еткен. “Қызыл Жұлдыз” , “Отан соғысы” ордендерімен, “Варшаваны азат еткені үшін”, “Берлинді алғаны үшін”, «Кеңес Одағының Маршалы Георгий  Жуков» медальдарымен марапатталған.

Соғыс  ардагері Даражат Қожанов: «Құттықтап келгендеріңіз үшін рахмет! Құдай сондай соғыстың бетін аулақ қылсын. Еліміз аман болсын!» деді.

 «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Амангүл Жайылханова өз пікірін былай деп жеткізді:

Осындай бейбіт күнге жеткізген майдангерлеріміз аман болсын. Өкінішке қарай, жыл санап олардың қатары сиреп барады. Жастық шақтарын ел үшін қиып, жаумен шайқасқан майдангерлеріміз бір күн емес, мәңгі ұлықталулары керек деп ойлаймын!

«Вайнах» шешен-ингуш  этномәдени бірлестігінің төрағасы Магомед Лорсанов те ізгі тілегін білдірді:

Жеңіс мерекесі - аға буын ағалар мен аталарымыз елінің азаттығы үшін, өскелең ұрпақтың бақыты үшін қастерлі күресінің жеңісі күні. Олардың ерлігіне мың тағзым. Майдангерлеріміз аман болсын. 

   

 

МОӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай