Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Наурыз, 2017

1181

Атырауға Армения саяхатшысы келді

Атырауға әлем елдерін велосипедпен аралауға бел буған 39 жасар саяхатшы Артур Оганян келді. Атырау қаласында саяхатшыны «Таврос» армян этномәдени бірлестігінің басшысы мен мүшелері, «Қоғамдық келісім»  КММ-нің және БАҚ өкілдері қарсалып алды.

Ол Жайық жағасында қыдырып, қаланың көрікті жерлерін аралады. Армениядан Атырауға дейін 4000 шақырымды жүріп өткен саяхатшы Астанаға  да баруды көздепті. Бұл – оның Қазақстанға тұңғыш сапары.

"Мақсатым – халықтар арасындағы достықты, бірлікті нығайтуға үлес қосу. Бұған дейін Ақтау қаласында аялдадым. Екі қалада да адамдардың қайырымды, мейірімді екеніне куә болдым. Көпшілігі үйіне  шақырды, қондырды. Өздерімен бірге тамақтандырды",- дейді саяхатшы.

Артур Оганян сапар барысында сегіз велосипед ауыстырыпты. Қасында сенімді серігіне айналған «Граф» атты неміс овчаркасы бар. «Бұл менің күзетшім» деген ол енді Орал қаласына бармақ. Астанадан кейін Ресей қалаларын да аралап, сапарын Якутияда аяқтауды жоспарлапты.

Достық үйінде саяхатшы «Таврос» армян этномәдени бірлестігінің Жастар қанатымен кездесіп, сұхбаттасты.

Кейін қарай