Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Қазан, 2023

261

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ӨЗБЕКСТАНҒА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

2023 жылғы 4-6 қазан аралығында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов бастаған Қазақстан халқы Ассамблеясының делегациясы Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барды.

Делегация құрамына: Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары А.Исмаилов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты А.Сатвалдиев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин, «Жастар Ассамблеясы» РҚБ төрағасы Т.Жұмұрбаев, «Қазақстан өзбектері қоғамдық бірлестіктерінің «Дустлик» қауымдастығы ЗТБ төрағасы И.Хашимжанов, оның орынбасарлары А.Исматуллаев пен Х.Шарипов, Астана және Түркістан қалаларының өзбек этномәдени орталықтарының төрағалары Ш.Пулатов пен Б.Ирсметов.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілхановтың Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар жөніндегі комитетінің өкілдерімен кездесуі өтті.


«Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара қарым-қатынас екі бауырлас халықтың тату көршілігі мен достығы қағидаттарына негізделген. Екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегей институты зор үлесін қосуда. 2018 жылы Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар жөніндегі комитетімен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде біз екі елдің әртүрлі институттары арасындағы ынтымақтастықтың нығаюуын тамашалаудамыз. Мұның барлығы екі елдің жаңа деңгейге көтерілуінің белгісі», – деді М.Әзілханов.

Өз кезегінде өзбек тарапы Қазақстан халқы Ассамблеясына достық қарым-қатынас үшін алғысын білдірді. Бұдан әрі бірлескен жұмыс бауырлас мемлекеттер арасындағы мәдени және гуманитарлық өзара іс-қимылды дамытуға елеулі үлес қосатыны атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар жөніндегі комитеті арасында өзара ынтымақтастық туралы жаңартылған Меморандумға қол қойылды.


Меморандум аясындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік қатынастарын одан әрі дамытуға және нығайтуға ықпал ететін бірлескен жобаларды әзірлеу және іске асыру, этносаясаттың әртүрлі аспектілері, этносаралық және конфессияаралық қатынастар және мәдениетаралық өзара іс-қимыл салалары бойынша ақпарат алмасу және басқа да мәселелер көзделген.

Марат Әзілханов Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасының Халықаралық істер және парламентаралық байланыстар комитетінің төрағасы Дилором Файзиевамен де кездесті.


Қазақстан Республикасы Парламентінің «Бір ел - бір мүдде» депутаттық бірлестігі мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасы арасындағы саяси, әлеуметтік, мәдени, гуманитарлық салалардағы қатынастарды тереңдетуге бағытталған ынтымақтастық мәселелері қаралды.

Сондай-ақ күн тәртібінде Өзбекстанның Қазақ ұлттық мәдени орталығының басшылығымен және активімен де кездесу ұйымдастырылып, екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелері талқыланды.






Кейін қарай