Қазақстан халқы Ассамблеясы

15 Сәуір, 2020

1160

Бану Мұқашева: Неміс қызы Берта туралы үзік сыр

«...Иә, туысқанға бергісіз Берта апайымыз еске түскенде туған анамызды енді ғана жоғалтқандай сағынып кетемін»,- деп бастады әңгімесін Күлкен апа.

«Ел басына қиындық туып, әр отбасын қайғы басып, қасіреттен қан жылаған алапат соғыстың кезі еді. Ел-жұрттың соғыстан шеккен азабы мен тозағы өз алдына, күйзелген жер мен елге басқа ұлт пен ұлыстың адамдарын әкеліп, қоныстандырып қана қоймай, үйді-үйге таратып, өзі тар бір бөлмеде отырған отбасыларына сығылыстырды.

Қазақ жұрты өздері де таратып алып, паналатуға тырысты. Ұлты басқа болса да мейірім, ізгілік, кең құшақ деген түсінік басым еді. Әйтпесе, өздерінің де шекелері шылқып отырмағаны белгілі.

Өстіп жапатармағай бәрін алып-алып кеткенде, жол үстінде жалғыз адам қалып қойды. Ол кісі жүре алмайды, ісініп кеткен. Оны жұрт санаулы өмірі қалған, жұқпалы ауруы бар өлім алдында деп алғылары келмеді ме... Бәрі шошынып, үдірейе қарасып, жолағылары келмеген. Не сөйлеуге, не жүруге дәрмені жоқ бейшара далада қала берді. Ауыл адамының біреуі жаны ашып алайын десе, «сен алып, ауру тараттың» деген ауылдастарының кінәлауынан жасқанған. Ұзын жолдың бойында шоқиып отырған жартылай жансыз неміс әйелі қала берген.

Ел аяғы басылып, қас қарая бастағанда күн күркіреп, селдетіп жаңбыр жауа бастады. Күн ұзақ, «аһылап-үһілеп» әзер жүрген анам енді шыдай алмай кетті ме, көрпе алып, екі бауырымды ертіп шығып кетті. Күркіреген күннен үйде жалғыз қалуға қорыққан біз ере шыққанбыз. Нөсерлеткен жаңбырға қарамай барсақ, жаңағы әйел адам саз-балшықта жаңбырдың астында ессіз құлап жатыр екен.

Анам апарған көрпеге салып, екі бауырыма көтертіп, үйге әкелдік. Содан өзіміз 5 кісі тұратын аядай үйде әлгі кісіні күте бастадық. Аштықтан ба, аурудан ба, ісінген кісіге тамақты көп беруге болмайды деген соң, әрі ауылдың шолақ белсенді «жандайшаптары» мен көрші маңай: осыдан өлсе жауап бересіңдер деп қорқытып, зәремізді ұшырды.

Содан күніне жарты стақан сүт пен екі қасық талқанмен күтімге ала бастадық. Ол кезде елде қай бір тамақ бар дейсің, аузымыздан жырып, он күн дегенде есін жиғыздық. Анам баласын күткендей, сәбидей мәпеледі. Сосын, беті бері қараған соң дәрігерге жатқыздық. Ол кісі онда екі ай бойы емдеуде жатып, тәуір болып шығып еді...

Бұл біз бәріміз «теть Берта» деп атап кеткен неміс әйелі еді. Кейіннен ол кісіні Нүркен колхозының поштасына қызметке жіберді. Міне, сол кезден бастап Берта апай біздің отбасымыздың бір мүшесіндей, енді бізді асырай бастады. Сол ауылда өзімен қызметтес адаммен танысып, сол кісіге тұрмысқа шықты. Бұл сонау соғыстан кейінгі 1946 жыл еді.

Біраз уақыттан соң белгіленген мерзімдері бітіп, күйеуі Қарағандыға шахтаға жұмысқа ауысып кетті. Бертаның аяғы ауыр болып, Нүркеннен біздің үйге келген болатын. Аман-есен босанып, Оля атты қыз бала дүниеге келді. Берта тәте кішкентайымен алты ай бізбен тұрып, бұрынғыдан да бетер бауырласып кеттік. Күйеуі қаладан пәтер алып көшіруге келгенде қимай, жылап қоштасқанбыз. Қарағанды орталығында тұрса да араласты үзген жоқпыз.

Әй, сондай жанашырлық пен туыстықты кейде туған-туысың да істей алмайды-ау. Менің анамның бір кездегі өлім аузынан арашалағандай өмірге қайта оралтқан еңбегін Берта апай артығымен қайтарды. Шапағаты мен шуағына бөлеген «тет Бертаның» адамшылығы мен биік парасаты, мейірімділігі мен қамқор жанашырлығын айтып жеткізе алмайсың. Тіпті басқа ұлттың адамы деуге қимайсың.

Қызы Оля бізбен бірге туғандай туыстығымыз артып кетті. Бөле-жармай, бәрімізді бірдей көрген тет Бертаның абзал жүрегі біз деп қана соғып тұрғандай болатын. Мен тірлігімде осындай адалдықты, қарапайым адамгершілікті көрген емеспін.

Сүйікті Берта апай қайтыс болды, артынша көп кешікпей ері де өмірден озды. Қызы Олямен әлі араласып тұрамыз. Отбасымыздың бір мүшесі сияқты. Содан бері қаншама жылдар өтсе де, Бертамызды сағынамыз, жоқтығы білініп тұрады.

Соншама жыл қиындығымыз бен қызығымызда бірге жүрген осы «алтын» апамның ең болмаса жүрегіне бір үңіліп көрмеппін-ау. Қалайша Қазақстан жеріне келдің, тағдырың неге осылайша болды. Қайда туып-өстің, анаң мен әкең қандай адамдар еді, аты-жөндері кім еді... Алғаш келгендегі күйге қалай түстің» деп бір ауыз сөз сұрамағаным. Қазір ойласам, осының бәрін жүрегіне жасырып, өзі ғана іштей қапаланып, әрі аңсаумен өткен шығар-ау. Көкірегіне қатқан шемен қасіретін жеңе біліп, оны басқаларға міндет етпей өткен. Қазір ойлап отрсам, ынтымақ-татулық, одан да биік ағайын-туыстық, туғандық қалыптасты. Сол туыстықтың арқасында өмір бойы бір-бірімізді аялап, сыйлап өттік»,- деп күрсіне терең дем алған Күлкен апай әңгімесін аяқтады.

Қазақтың әйелі, қазақтың анасы мен Берталар бізге адамшылық деген асыл ұғымның арасында ешқашан ұлт пен ұлысқа бөлінушіліктің, туыстық пен сыйластыққа шекара шектеу болмайтынын ұқтырып кеткендей еді. Осы адамшылықтың биік тұғыры, қазаққа тән «обал, сауап, тәубаның» терең мағынасы мен мазмұны өскелең ұрпақтың зердесіне сіңірілсе екен.

Кейде туғанын тағдырдың тәлкегіне салып, дүниенің болмашы, өткінші тірлігі үшін ағайындықтан кетіп жатқан қандастарымызды көргенде, осындай адамдардың тағдыры мен өмір жолын өнеге еткің келеді. Иә, олар біздің заманымызда естелік болып қана емес, өмір сабағы болып, жадымызда жатталуы керек сияқты...

Рауан Есқали

Кейін қарай