Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Қазан, 2016

2640

«Бейбітшілік және келісім» ашық сабағы

Бүгінгі өскелең ұрпақ – ертеңгі ел тірегі. Келешегіміздің кепілі. Тәуелсіз еліміздің бейбітшілігін сақтап, тұғырын берік ұстау қазіргі жастардың мойнына жүктелетін аманат болып қалмақ. Сол аманатты көзінің қарашығындай сақтауды жастардың ой сәулесіне ұялата білу қажет. Білімді ұрпақ тәрбиелеп, көпұлтты Қазақстанның ең басты қазыналарының бірі - толеранттылықты жоғалтпай, бейбітшілікке баулуды басты мақсатта ұстау керек.

Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблея хатшылығының және Маңғыстау облыстық әкімшілік аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің  Этномәдени бірлестік өкілдерінің басшылығымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында Маңғыстау облысының жастарына арналған «Бейбітшілік және келісім сабағы» деп аталатын ашық-сабақтар өткізу қолға алынды.

Ашық сабақ «Достық үйінде» әр сенбі сайын өтеді. Оған Маңғыстау облысының мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысады. Әр сенбі бір мектептің оқушылары немесе колледж студенттері  шақырылып, оларға арнайы дәрістер оқылады.

Ашық сабақтың мақсаты – жастардың патриоттық сезімін ояту. Мектептер мен басқа да білім ордаларында өзге ұлт өкілдері арасындағы толеранттылықты дамыту, жеке тұлғалық пен мәдениеттілікті, құқық қорғау және жеке бас бостандығы ұғымдарын түсіндіру.  

Алғашқы ашық сабақ 2016 жылғы 8 қазан күні «Достық үйінде» өтті. Іс-шараға  Ақтау қаласының медициналық колледжінің студенттері, «Қазақ-түрік» лицейінің 7 сынып және №1 орта мектебінің 6 сынып оқушылары қатысты.

Оқушылар мен студенттерді «Қоғамдық келісім» КММ-сінің өкілдері қарсы алып, «Достық үйімен» таныстырды. Оқушыларға мәжіліс залында өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер туралы дәріс оқылды. Дәріске «АЛА-ТОО» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Құрбанәлі Ғазизбеков қатысты. Ол жастарға жылы тілектерін айтып, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтады. Ашық сабақ барысында  Құрбанәлі Ғазизбеков қатысушыларға медиация туралы түсінік берді. Үш тілді меңгеру тақырыбы да қозғалды. Дәріс соңында қатысушылар арасында викториналық ойындар өткізілді. Белсенділік танытқан оқушыларға Қазақстан Халқы Ассамблеясының арнайы  футболкалары, бас киімдері мен төсбелгілері берілді. Ашық сабақтан кейін қатысушылар «Достық үйінің» мұражайына саяхат жасады. Мұражайдағы «Халықтық келісім» ҚБ-нің негізін қалаушы Жаздырхан Сейдалиевке арналған бұрышпен танысып, басқа да экспонаттар мен әр түрлі ұлттардың көрнекіліктерін тамашалады. Оқушылар мен студенттер іс-шарадан ерекше әсер алды. Іс-шара соңында  оқушылар мен студенттер ұйымдастырушыларға  алғыстарын айтып, ашық сабақтан алған әсерлерімен бөлісті.

Кейін қарай